Семейдегі Абай мұражайына жаңа басшы тағайындалды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры лауазымына, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір тағайындалды.

2010-2015 жылдары Абай шаңырағын басқарған Жандос Мағазбекұлы 2015-2019 жылдар аралығында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде және «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметтерін абыроймен атқарып, мәдениет және өнер мекемелерінің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Жақында еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлығы шыққан болатын. Осыған орай, Абай музейінің алдында тарихи маңызға ие, ғылым мен зерде орталығы саналатын қасиетті шаңырақты одан әрі дамыту, Ұлы ақын мұрасын алыс-жақын шет елдерге насихаттау, Абай Құнанбайұлының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту міндеттері тұр.