Тіл комитеті Райымқұлованың терминдерге қатысты мәлімдемесіне түсініктеме берді

1630
1
Бөлісу:

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов терминдерге қатысты туындаған даулы мәселе төңірегінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетсек, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдындағы есептік кездесуінде терминдер туралы айтқан сөзі қоғамда үлкен дау тудырды. Ол үш мыңнан астам терминнің қайта бекітілгенін айтқан еді.

«Министр бір-екі термин жөнінде ғана айтты. Тілімізге шет тілдерден келген терминдердің барлығын ауыстыру мақсаты қойылып отырған жоқ. Мәселе кейбір терминдер жөнінде ғана. Біз өзіміз күнделікті қолданбайтын, тіпті оның нені білдіретінін көпшілік айыра алмайтын сөздерді де термин ретінде бекіткенбіз. Мәселе осындай терминдерді қайтадан қарау», – деді Мелдешов.

Айтуынша, қазіргі жаһандану дәуірі жалпы адамзаттың өмір сүру үлгісін, өзара қарым-қатынасын ортақтастырып жатыр. Соған орай, ғылым, тұрмыс, тұтыну салалары арқылы жаңа атаулар мен терминдер өмірімізге енуде.

«Әлбетте, біз төл табиғатымызды сақтауымыз қажет. Ол мінезімізден, мәдениетімізден, өнерімізден көрініс тауып жатыр. Ал жаңағы терминдер біздің әлемді тануымызға, ғылымды игеруімізге көмектесетін сөздер. Әлемде барлық затты немесе жаңалықты жасайтын жеке дара ұлт жоқ. Адамзат баласы ойлап тапқан жаңалық пен игілік барша адамзатқа ортақ», – деді тіл саясаты комитетінің төрағасы.

Ғалымжан Мелдешов терминдерді бекіту жұмысының ретіне тоқталды. Оның сөзінше, терминдерді бекіту бірнеше кезеңнен тұрады.

«Алғашқы кезеңде мекемелер немесе жеке тұлғалар терминкомға ұсыныстарын жібереді. Бұл ұсыныстарда көрсетілген сөздердің беретін мағынасына лингвистикалық сараптау жүргізеді. Сараптау жұмысына Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, басқа да ғалымдар тартылады. Екінші кезеңде ұсынылған әрбір сөздің термин ретінде қолданылу барысы әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрік, татар сияқты туыстас түркі тілдерінде және ағылшын, француз, орыс тілдерінде қалай екендігі сарапталады. Үшінші кезеңде бұл ұсыныстар Тіл саясаты комитетінің «TTermincom.kz»  сайтында жарияланады. Мұндағы мақсат оларды көпшілікке кеңінен таныстыру», – деді ол.

Ол өткен жылы осы сайтта арнайы терминологиялық алаң ашылды және бұл алаң әлеуметтік желілерге қосылғанын атап өтті.

«Міне, осындай үш кезеңнен өткеннен кейін ғана ұсыныстар республикалық комиссияға жіберіледі. Білікті ғалымдардан, мамандардан тұратын комиссия олармен алдын ала танысады. Содан кейін барып комиссия отырысы шақырылады. Осы отырыста бекітілуге ұсынылған терминдер талқыланып барып бекітілуге жіберіледі», – деген комитет төрағасы тілге жаны ашитын кез-келген адамның пікірін тыңдауға әзір екендерін айтты.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

1 пікір жазылған

  1. Бақытбек Оразбекұлы 23 Маусым, 2019 08:35 Жауап

    Оқымыстылар, кемеңгерлер, көрегендер мына қасымыздағы Қытай және Израиль мемлекеттерінен өнеге алсаңыздаршы шеттен келген терминдерді қалай аударатынын, Израильде Тіл академиясы бар екен, «терминдерді» өз иврит тілене аудару үшін көп жұмыс істейді екен. Мүмкін сіздерде Қазақ тілі академиясын ашу керек шығар. Қазақша аударылған сөздерге тиіспегендеріңіз дұрыс шығар. Мәдениет және Спорт министрлігінде тіл комитеті қайдан жүр, үш қайнасада сорпасы қосылмайды ғой, неге Білім және Ғылым министрлігінде емес, сонда Қазақ тілмен спортшылар мен әртістер айналыса ма?. Жетіскен екенбіз!!!!!!!

Пікір немесе жауап жазу

1 + 19 =