Тіліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болуға тиісті

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, іс жүзінде қолданыстағы аясын кеңейту мәселесі егемендік алғалы, ширек ғасыр бойы күн тәртібінен түсіп көрген емес. Арнайы Тіл туралы заң қабылданғалы да талай жылдар өтті. Бірақ қазақ тілінің кең қолданысын толықтай қамтамасыз еттік деп айтуға әлі де ертерек сияқты. Сондықтан да республика бойынша бұл бағытта қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тұрақты түрде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді, дәстүрге айналды десек қателеспейміз. Еліміздің «батыс қақпасы» саналатын Батыс Қазақстан облысы экономикалық мүмкіндігі мол ең ірі аймақтардың бірі. Мұнда газ, мұнай және өзге де қазба байлықтарды игерумен қатар ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің көптеген саласы жақсы дамыған. Қазақстанның мәдениет пен өнер, спорт жетістіктеріне де қосып жатқан үлесі мол. Әрбір аймақтың өз ерекшелігі бар десек, Батыс Қазақстан облысы бір ғана Ресей мемлекетінің бес облысымен шектесіп жатқанын алдымен атауға болады. Оны айтып отырған себебіміз, көрші жатқан елдер бір-бірінің ұлттық тіліне деген әсері қашан да жоғары болмақ. Сондықтан, қазақ тілінің кең қолданысқа түсуіне бұл фактордың да кері ықпалын ұмытуға болмайды. Дегенмен, аймақта мемлекеттік тілді дамытуға деген құлшыныс баршылық. Осы жерде облыстық және аудандық Тілдерді дамыту басқармаларының жұмысы айтарлықтай. Оның бір жылдық жұмысының қорытындысын цифрлармен тізбей-ақ, тек соңғы айларда ғана атқарылған нақты іс-шаралардың бірнешеуін ғана атап өтсек те жеткілікті. Сол арқылы көпұлтты облыстағы мемлекеттік және өңірді мекендеген өзге де ұлыстардың тіліне деген құрметтің жоғары екенін байқауға болады. ТІЛДІК БАЙҚАУЛАР Қазақ тілі дегенде данышпан Абайды айналып өтуге әсте болмайды, оны әрбір қазақ жақсы біледі. Елімізде Абай атындағы дәстүрлі көркемсөз оқулары жыл сайын өткізіліп тұрады. Оған барлық облыстарда мыңдаған талапкерлер қатысып өз шеберліктерін көрсетіп келеді. Аталмыш аймақта 2019 жылдың 21 мамыр күні рес­публикалық Абай атын­дағы көркемсөз оқу шеберлері бай­қауының облыс­тық қоры­тынды кезеңі ұйымдасты­рылды. Тіл мерекесіне облыс аудандарынан және Орал қаласы бойынша ең үздік 13 үміткер қатысып, жастарымыз өз бақтарын сынады. Жастар деп айтуымыздың себебі, биылғы Абай оқуының ерекшелігі жастар жылы аясында ұйыдастырылып, қатысушылар 3 түрлі шарт бойынша сайысқа түсті. 1. Абайдың поэзиясы мен прозалық туындылары (қара сөздерінен) мәнерлеп жатқа оқу. 2. Қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет Майлин­нің, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай аталған қаламгерлердің шығарма­ла­рынан және қазақ әдебие­тіндегі көрнекті прозалық шығар­маларынан үзінді оқу. 3. Сәбит Дөнентаев, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына және Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу секілді бірқатар талаптар қойылды. Бұл жолы да іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар үлкен шеберлік көрсетті. Қазылар алқасы әрбір үміткердің өнерін барынша әділ бағалауға тырысты. Абай оқулары байқауынының қорытындысы бойынша Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті Ақниет Қайырғалиев бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды да осы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті Бақтыбай Нұрсұлтан иеленді.Екінші орынды Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Нұрберген Асылбеков жеңіп алды.Екінші орынды сол сияқты М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті Дәулет Қуанышбайұлы бөлісті.Үш үшінші орынға – Жаңақала аудандық мектеп-гимназиясының педагог-психологы Айкөркем Мұханбетова, Теректі аудандық колледжінің студенті Қайрат Құбниязов, Орал ақпараттық технологиялық колледжінің студенті Меңсұлу Сәрсен көтерілді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Алаш арыстарының көсемі А.Байтұрсынұлы атындағы тіл­дерді оқыту орталықтары оқыту­шыларының арасындағы облыстық байқауын ұйымдас­тырды. Байқау ересектерге мемле­кеттік тілді оқытатын шы­ғар­машыл оқытушы­ларды анықтау, қолдау, оқы­тушылардың кәсіби-педагогикалық шығар­машы­лығын шыңдау және мемлекеттік тілді оқыту үде­рісін ілгерілету, оқыту­шы­­лардың латын графикасына негізделген қазақ тілін оқы­тудың жаңашыл әдіс-тәсіл­дерімен тәжірибе алмасу, латын графикасына негізделген қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжі­рибелерді тарату бағытында ұйымдастырылды. Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды «Бизнес Қауымдастық» ЖШС-нің қазақ тілі оқытушысы Баймулдина Индира, екінші орынды «C.L.A.S. Plus» оқыту орталығының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Куанышева Гүльфайруз, үшінші орынды Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Тілдерді дамыту орталығының» аға оқытушысы Аманғалиева Аккербез жеңіп алды. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҮЛГІ КӨРСЕТУГЕ МІНДЕТТІ Сонымен бірге мамыр айында «Тіл шебері-2019» жас мемлекеттік қызметшілер арасында үш тілде білім беру идеясын насихаттау, үш тілді қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жас мемлекеттік қызметшілерді анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында облыстық байқауы өткізілді. Оған аудандардан, қаладан жергілікті мемлекеттік органдардың 21-30 жас аралығындағы мемлекеттік қызметшілері қатысты.Байқауға қатысушылар «Тұсаукесер» номи­нациясы бойынша тапсы­рылған тақырыптың мазмұнын қазақ тілінде мазмұндады. «Өнертаным» тақырыбында ағылшын тілінде өнер көрсетті. «Ұлттаным» талабына орай белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға Ақжайық ауданының Чапай ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Мұxтарұлы, екінші орынға БҚО мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Хайрбаева Ботагоз, үшінші орынға Сырым ауданының Жымпиты ауылдық округінің бас маманы Оразаева Ақмаржан, Казталов ауданы әкімі аппаратының бас маманы Аронов Ерлан ие болды. Байқауға қатысушылар алғыс xаттармен марапатталды. БАҚ және МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БАЙЛАНЫСЫ Қазақ тілін дамытуда бұқаралық ақпарат құралда­рының алар орны бөлек екені баршаға аян. Бұл бағытта ақпан айында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Жайық Пресс» медиахолдингі өзара ынтамақтастық меморандумға қол қойғанын айта кетуіміз керек. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тапсырысы бойынша «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі Жайық Пресс ЖШС мәжіліс залында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының марапаттау кезеңі де сәтті ұйымдастырды. Бұл шараға облыс аудандарынан және Орал қаласы бойынша 13 үміткер қатысып, 23 материал келіп түсті. Қатысушылардың 2018 жылғы 11 маусым мен 2019 жылғы 15 мамыр ара­лы­ғында бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген екі материалы, соның ішінде радио және телебағдарламалары, мемлекеттік тілдегі сайттардағы және мерзімдік баспасөздегі жарияланған мақалалары қабыл­­данған болатын. Байқау «Үздік мақала», «Үздік телебағ­дарлама», «Үздік радиобағ­дарлама», «Үздік сайт мақаласы» сияқты төрт номи­на­цияда өтті. «Үздік мақала» бойынша Қазақстан Жур­налис­тер одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Фазылова Меңдігүл, «Үздік телебағдарламада» – «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Хамза Жандос, «Үздік радио­бағ­дарламада» – «Қазақстан» РТРК БҚОФ, облыстық радио редакторы Төлепов Әділ, «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша «Жайық Пресс» медиахолдингі, Бас директорының бірінші орынбасары Мықтыбаев Нұрсұлтан жеңімпаз деп танылып, әр номинацияның үздіктері арнайы дипломмен және 100 мың теңге көлеміндегі бағалы сыйлықтармен марапатталды. ЖАСТАР – ҰЛТ ПЕН ТІЛ БОЛАШАҒЫ Ұлт болашағы – жастар, тіл тағдыры да сол жастардың қолында десек артық айтқандық емес. Тіліміздің ғұмырының ұзақ болуы да сол жастарға тікелей байланысты. Бүгінгі күн талабына сай бір ғана тіл білу аздық етеді.Ғаламдану заманында бірнеше тіл білгендердің шоқтығы биік болып тұр. Осы орайда ағымдағы жылдың 16 мамыр күні дәстүрлі тіл фестивалі аясында, үш тілді: қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарға қолдау көрсету, қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу, өзге халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеуді қалыптастыру мақсатында «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті. Олимпиадаға облыстың аудандарынан, жалпы орта білім беретін мектеп­терінің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарының оқушылары, сту­денттері, жас мамандары қатысты. Олимпиада қатысушылары 4 кезеңнен тұратын тапсырмаларды орындады: экранда көрсетілген мәтіннің мазмұнын ашу (қазақ, орыс және ағылшын тілінде), мәтінге ілеспе аударма жасау, берілген тақырыпқа баспасөз мәслихатын жасау, тапсырылған тақырып бойынша эссе жазу. Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Орал қаласының №35 мектеп лицейінің оқушысы Канатова Алима, екінші орынды Орал қаласының №35 мектеп лицейінің оқушысы Лабашкин Глеб, үшінші орынды Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Орынов Темирлан иеленді. Барлық қатысушылар алғыс xаттармен марапатталды. ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНА ТАЛАП КҮШЕЙТІЛЕДІ Бүгінгі күні телеарналарда, басылымдарда тіпті көше бойында жарнамалар жиі кездеседі. Нарықтық заман талабы болған соң одан бас тарта алмаймыз. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ сол жарнамаларда, әсіресе қазақша жазбаларында түрлі қателер өріп жүретіні де жасырын емес. Ол туралы мерзімді басылымдар мен телеарналарда жиі айтылып та жүр. Осындай кемшіліктерді болдырмас үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара түсіністікке ықпал ету мақсатында ағымдағы жылдың 30 қаңтарында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды. Шара «SMART – мақсат» тренингісімен басталып, Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік бағдарла­маларын аймақта жүзеге асыру, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтауда кең ауқымды әрекеттесу бойынша мәселелер талқыланды. Семинар жұмысына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Ос­панқұлов, кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Ербол Иденов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, қалалық әкімдік өкілдері, мәдениет және тілдерді дамыту мен сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты. Семинар қызу пікір алмасу мен тың ұсыныстар айтылуымен ерекшеленді. Шара соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. ЕРЕЖЕГЕ ЕРЕКШЕ НАЗАР Ағымдағы жылдың 10-11 маусым күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қол­дауы­мен Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту бас­қармасы және Шайсұлтан Шаяxметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Жәңгір xан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-теxникалық уни­верси­­тетінің базасында «Қазақ­стандағы жазу реформасы: мәселелері мен болашағы» атты дәріс пен семинар өтті.Шараның басты мақсаты – қазақ әліпбиі мен ережелерінің құрылымын, жаңалықтарын, емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқыта алатын білгірлер дайындау. Семинар-тренинг барысында салалық мамандар, ғалымдар, дәріскерлер өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Дәріс облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбаеваның модератор­лығымен өтіп, Жәңгір xан атын­дағы БҚАТУ-дың ректоры А.Наметовтың алғы сөзімен ашылды. Шара барысында Шайсұлтан Шаяxметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталы­ғының ғалым-xатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамырбек Гүлфар, аталған орталықтың Қолданбалы лингвистика басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Итегулова Сая «Жаңа әліпбиді қабылдаудың негізгі алғышарттары», «Жаңа емленің жаңалықтары» тақырыбында дәріс оқыды. Оқыту семинарға филолог мамандар, оқытушылар мен мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер мен БАҚ өкілдері қатысты. Дәріске 150-ден астам адам қатысып, екі күндік семинарда 60 тыңдаушы қамтылып, сертификаттар табысталды. ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ Елімізде латын әліпбиіне көшу қызу қолдау тауып, оны іске асыру басталып та кетті. Бұл бағытта тіл мамандары мен ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр.Сол сияқты қатардағы қарапайым халық арасында түсіндіру және оны игеру іс шаралары да өткізіліп келеді. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының 2 жылдығына орай және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру, латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу, өзін-өзі бағалау, бейімделу мақсатында 2019 жылдың 12 сәуір күні жал­пыхалықтық диктант өткізілді. Диктант бір мезетте облыс бойынша барлық 12 аудан, қала, мемлекеттік мекемелерде, жоғары оқу орындарында, арнаулы орта, жалпы орта білім беру мекемелерінде, сағат 10:00-де басталып нәтижелі аяқталды. Аталған диктантқа 15 жастан жоғары тұрғындар қатысып, Батыс Қазақстан облысы бойынша латын графикасында жазылған диктантқа 10 мыңнан астам адам қамтылды. ОНОМАСТИКАҒА ОҢ КӨЗҚАРАС Жасыратыны жоқ бізде осы бір салаға атүсті қарайтын кездер жиі кездеседі.Содан болар жер, су, елді мекен атауларына байланысты ақаулар көзге ұрып тұратыны бар. Оны жөнге келтіру осы ономастика саласының міндеті. Егемендік алған күннен бастап жер, су, елді мекендерге бұрынғы атаулары қайтарыла бастады. Кеңестік кезеңде орысшаланып кеткен олқылықтардың орны толтырылып, қазақша атаулар қалыптастырылуда. Бұл жерде онамастика саласында істейтін мамандардың сауаттылығы мен біліктілігі аса қажет. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының жоспарына сәйкес ономас­тика саласындағы қызмет ететін мамандардың бойына әдістемелік дағдыларды қалыптастыру, өз білімін жетілдіру қажеттіліктері мен кәсіби идеяларын шыңдау бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында «SCHOOL OF ONOMASTICS» оқылымы ұйымдастырылды. Ономастика мектебінің жұ­мы­сына аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінен ономастика саласындағы мамандар қатысты. 2 күндік оқыту барысында облыстық ономастикалық комиссияның мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, БҚО Әділет департаментінің өкілі, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің төрағасы және басқарма мамандары Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын аймақта жүзеге асыру, қолда­ныс­тағы заңнамаға сәйкес әдістемелік көмек көрсету, ономастика саласындағы жұмыстарды жүргізу алгоритмі, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауат­тылығын сақтауда кең ауқымды әрекеттесу бағытында теориялық және практикалық жұмыстар жүргізді. ӨЗГЕ ДЕ ТІЛДЕР ӨГЕЙСІМЕЙДІ Ағымдағы жылдың 14 мамыр күні дәстүрлі тіл фестивалі аясында қазақ жастарының арасында орыс тілін үйренуге деген ынтасын арттыру және қолдау мақсатында облыстық «Ой - сана» байқауы өткізілді. Аталған байқауға облыстың аудандарынан, жалпы орта білім беру мектептерінің, теxникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқушылары, студенттері, мұғалімдері қатысты. Қатысушылар 3 кезеңнен тұратын сайысқа түсті. Атап айтқанда, ұсынылған тақырып бойынша ауызша тұсаукесер жасау, тестілік тапсырманы орындау, эссе жазу, орыс xалық немесе заманауи әнін немесе заманауи театрландырылған орыс тілінде қойылым көрсету.Қазылар алқасының шешімі бойынша Бірінші орынға Орал қаласының №44 мектеп гимназиясының әлеуметтік педагогы Ескаирова Шынар, Екінші орынға Бәйтерек ауданының ЖОББМ-ның өзін өзі тану пәнінің мұғалімі Кәрімова Айдана, Казталовка ЖОББМ-ның педагог псиxологы Абузарова Гүлнүр, 3-орынға Бәйтерек ауданының ЖОББМ-ның өзін өзі тану пәнінің мұғалімі Жалелова Лунара, Ақжайық ауданының М.Әуезов ат. №2 ЖОББМ-ның 11 сынып оқушысы Супугалиева Рано, Орал ақпараттық коледжінің 1 курс студенті Уалиев Аян ие болды. Байқап отырғандарыңыздай, бұл Батыс аймақтағы небары екі-үш ай көлемінде тілімізге қатысты атқарылған іс-шаралардың бір парасы ғана. Ұлттың басты ерекшелігін білдіретін тіл екені белгілі. Бүгінгі әлемдегі мемлекетаралық қарым-қатынастар жедел дамыған кезеңде төл тілімізді сақтап қалып, оны барынша дамыту өте күрделі іске айналып отыр. Өйткені халықаралық мәртебеге айналған ағылшын немесе ондаған жылдар күштеп телінген орыс тілдері ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы, сол қарсы ықпалды жеңе білуіміз керек. Әрине, заман талабына орай халықаралық тілді меңгерген артықшылық етпейді. Дегенмен біз өз ана тілімізді алғашқы қатарға қоюға міндеттіміз. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Батыс Қазақстан аймағының іс-тәжірибесі көрсетіп отырғандай тілімізді кең қолданысқа енгізіп, оны қолдап-қорғай білу ісі тұрақты жалғасын таба береді деп сенеміз. Теңіз тамшыдан құралады демекші, осындай әрбір шағын іс-шараның үлкен іске қосар үлесі мол. Бұл әрбір аймақтың, әрбір азаматтың парызы. Ал парыз орындалуымен құнды екенін өздеріңіз де білесіздер. Сонда ғана тіліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болмақшы. Бек МЫРЗАҰЛЫ qazaquni.kz