Дулат ИСАБЕКОВ: Егер Ислам Әбішевке әділетсіздік жасалса, қоғамда наразылық тууы мүмкін...
2019 ж. 15 маусым
7207
14
Ислам Әбішев – халық арасында өте беделді адам. Өйткені, оның атқарған ісі, жүзеге асырған жоспарлары ел игілігіне қызмет етті. Мен оны жете білетін адам ретінде мейілінше адал жұмыс істегенін нық сеніммен айта аламын. Бұл туралы баспасөз беттерінде де талай рет жарияланды. Елбасымыздың өзі Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы етіп тағайындағанда ол орасан қаржы үнемдеуге күш салды. Тек жалаң сөзбен емес, өндіріске ешбір зияны тимейтін, халыққа барынша тиімді жобаларды қолға алып, оны дер кезінде жүзеге асыра білді.
Онымен де шектелмей, триллион теңге үнемдеп, су ресурстары саласында қыруар іс атқарып, халықтың шынайы ықыласына бөленді.
Елім деген осындай ердің темір торға түсіп, қасірет шегіп отырғаны бәріміздің жанымызға батады. Егер біздің елде шын мәнінде әділ сот бар екені рас болса, Ислам Әбішев дәл бұлай отырмас еді. Демек, біздің елде әділ сот әлі жоқ деген сөз.
Сондай-ақ, атап өтуге тиісті тағы бір жәйт – Ислам Әлмаханұлын түрмеге жауып тастағаннан кейін барып, айыптау туралы баптарды бекітті. Оған дейін алдап-сулап алып әкетті. Зейнетке шығуына санаулы-ақ уақыт қалғанда мұндай қадамға баруларының астарында да үлкен бір құйтырқы әдіс жатыр ма деп ойлаймын. Бейнетінің зейнетін көрсетпей, оны жауып тастау керек болды. Өйткені, триллион үнемдеген адамды кім жақсы көрсін?! Қыруар ақшадан алақандарын сипалап, «сыбаға» күтіп отырғандар сан соғып қалды. Көздеген «сыбағадан» ойда-жоқта айырылды. Мұны жасап отырған кімдер екені де белгілі. Оны мұқият сараптаса тауып та алуға болады.
Бір нәрсе айқын – ол триллион үнемделгеннен кейін сол қаржыны бөліске салуды көздегендердің құралақан қалғандығы. Бұл тірлік осылардың кек алу әдісі ме деп ойлаймын.
Егер де сот процесі барысында Ислам Әбішевке әділетсіздік жасалса, қоғамның біраз бөлігінде наразылық туындауы мүмкін. Ол халық үшін адал жұмыс істеген азамат. Және Ислам Әлмаханұлының арының тазалығы туралы Елбасымен жолыққанда айтқан да болатынмын. Дәл ол кезде де Исламның қызметінде орынсыз тексерулер орын алып, теперіш көріп жүрген кезі еді. Ол кезде де «түшкірген, пышқырғанының» бәрін жіпке тізіп, тырнақ астынан кір іздеп жұмыс істеуіне мұрша бермеді.
Егер де Ислам Әбішев осы жолы әділетсіздікпен кететін болса, онда бұл біздің қоғамымыздың оған жасаған қиянаты. Онда біздің мемлекетке білікті маман қажетсіз деген сөз. Біз кейін де, жасыратыны жоқ, жымысқы тірлікпен айналысатын, реті келсе, асап қалатын, жұртқа сол асағанынан үлестіріп беріп отыратын адамды ғана жақсы қызметкер ретінде бағалайтын сияқтымыз. Ал шын мәніндегі адал қызметкердің қажеті жоқ екен. Егер де Совет үкіметінің кезінде мемлекеттік қызметте жүріп, дәл осындай ерлік жасайтын болса, онда ол адамға сөзсіз Социалстік Еңбек Ері атағы берілер еді. Ал біз болсақ оның соңына түсеміз. Дегенмен, менің әлі үмітім бар. Билік өзгеріп жатыр. Әлде де болса әділдік салтанат құрады деген сенімдемін.
qazaquni.kz