Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тағайындалды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылды.

Асхат Қанатұлы Аймағамбетов 1982 жылы 14 маусымда Қарағанды облысында дүниеге келді. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2006 жылы - Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004-2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болған, 2005-2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС директоры, 2006-2012 жылдары - Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған. 2012-2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін - Қарағанды облысы білім беру басқармасының басшысы лауазымында болды. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі.

Соңғы тағайындалуға шейін 2019 жылдың қаңтарынан бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.