Аяулы жандарға арналды

1736
0
Бөлісу:

Иә, бұл игілікті дәстүр сонау 2011 жылғы Рамазан айы қарсаңында бастау алған. Кейбір арзымайтын себептерге байланысты арада шамалы үзілістер ұшырап жатса да, басты бағытымыз қасиетті қалпынан жаңылған жоқ. Иісі қазақтың той-думанына қызметке жаралған Аманғали Нияз бауырымыз көтерген бастама өзі сияқты аузын ашса жүрегі көрінетін Әкім Мұсақұлов пен Нұрмахан Қарыдай алдыңғы толқыннан қолдау тауып, ары қарайғы қызметті Сәбит Лаханов пен Сәкен Бегмановтай, Мұрат Қоңырбаев пен Қанат Дауылбаевтай жақсылықтың жанашырлары жалғастырып әкетті.

Мақсат – айлардың сұлтаны Рамазан айында шағалалы Шардара өңірінде өмірден өткен «жегені жантақ, арқалағаны Алаштың аманаты» болған БАҚ өкілдері мен өнерпаз жандардың әруағына Құран бағыштау. Солардың өнегелі өмірін, өнер деген ұлы керуенге енді-енді еріп, елге таныла бастаған бала қырандарға бағалата білу, жаңаның тамыры көнеде екенін көрсете білу еді. Баз біреуге әншейін ғана қатпа қара шал шығар, ал өзіміз үшін «Көш басындағы – Қаранар», абыз-жырау Тәшман Шекеров көке қазыналы қариялығымен жаза басып жаңылған сәттерімізде туралыққа бағыттап отырды. Азаматтарға Алла разы болсын! Сонымен, қасиетті айда «Жастар» тойханасында аудан бойынша өнердің өрінде жүрген ұл-қыздарымыз жиналып, ауызашар асымызды бердік.
Қашан да ұлағатты істердің ұйтқысы болып жүретін, пендешілігі жоқ, періште-пейіл азаматтар алға қойған мақсаттарын абыроймен атқарып шықты. Ауызашар дастарқанына өмірден өткен жандардың баршасының туған-туысқандары, құдай қосқан жарлары, бауыр еті – балалары түгелдей дерлік шақырылды. Сонау өткен ғасыр­дың елуінші жылдары ауыл-ауылда ұйымдастырылған «Қызыл отау» деп аталатын өнер орталығын бас­қарған, халық ақыны Кәттехан Қыстаубаев, өзенді өлке, шалқар теңізді Шардараның «Шардара толқындары» деп аталатын, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған, кейінірек шардаралықтардың әнұра-нына айналған әннің авторы, ардагер ұстаз Мамыр Жалаңбасов, өнер мен ел басқару қызметін қатар алып жүріп өмірден өткен Саламатхан Лашынов, ауыл өнерпаздарынан ұлт аспаптары оркестрін құрып, сонау Мәскеуге барып концерт құрып қайтқан Сәдуақас Шорабеков, айтыс өнері қайта жаңғырған сексенінші жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған, ақтаңгер ақын Камал Ендібаев және шәкірті Уәли Исахов, өнер ұжымдарын дайындауда асқан қабілетімен көзге түскен Орынбасар Уәлиханов, Рахманберді Айтбеков, Айтмырза Көбенов, талай-талай талантты әншілердің балақбауын сыпырып, өнер көгінде самғатқан Аманқұл Әбдірасылов, мандолинамен шығыс халықтарының барлық тілдерінде ән шырқайтын Зұлпыхар Исаев, асабалық өнердің асқар шыңына шыққан Дүйсен Әбішев, Күнтуған Жайнаров, дауыс­тары күні бүгінге дейін санамызда жаңғырып тұрған Әмірхан Алқабаев, Жұмабек Бектұрсынов, Шардараның «Қара бауыр қасқалдағы» – Лесбек Аманов қаламы қарымды журналистер, “Шарайнаның” тұңғыш редакторы Оңалбай Еспанов, Жұмабек Мұқанов, Ниятолла Сейданов, Құдайберген Өтеш, Шардараның күллі өмірін фотоға түсіріп кеткен Оңласын Төлегенов, осы өңірде ең алғашқы отбасылық ансамбль құрған Кеңес Ибрагимов, Жанас Ибрагимов, дәулескер күйші Жорабек Ермеков, күш атасы Қажымұқанның бейнесін кинода сомдаған, жерлесіміз Әлеухан Бекболатов, өзі өрт сөндіру саласының қызметкері болғанмен, өнерпаздарды ерекше құрметтейтін Кемелхан Телеуов, «Сарыарқалы-сардала» әнін әуелете шырқағанда бозбала шағыңды еріксіз есіңе түсіретін Гүлбазар Жұмабаева, Шардара ауылында шыңдалып, ауданның абыройын асқақтатқан «Дидар» ансамблінің мүшелері Әбдіқадір Тұрсынбаев, Бәкира Айтбаев, Дүкенбай Әлтаев, дәл осы күні елу жылдығын еске алып, облыстық деңгейде жыр-мүшәйрасы өткен, зерттеуші-ғалым, көрнекті ақын Әмірхан Балқыбек, айтулы асаба, ақын Жиенбек Шырынбеков, Нұрлыбек Шырынбеков, Сейітбек Сайманов, өнерпаздар Құрбан Әшімханов, Дүйсенбек Қаратаев, Роза Мамасеріпова, Айжан Байбөриева, Айымхан Сейітжаппарова, Бақыт Ятайұлы, Асхат Көшербаев, Қайрат Қуандықұлы, Түгел Ақжаров, Алғабек Тоқсанбаев, Сәбит Мұсақұлов, Арнат Тұмақов, Өтебек Сарыбасов, Жарқынбек Қаныбеков, сыбызғыдай сырлы үнімен тыңдарманның жан-жүрегін лезде баурап алатын термеші Жұмахан Жақыпов, арқыраған даусымен әннен бұлақ ағызған арынды әнші Бейсенбек Бибосынов, қара сырнайын көсілте созып нар Нартайдың әуеніне шырқата салғанда күллі қазақ даласын көз алдыңа көлбеңдетіп әкеліп қоятын нар тұлғалы Жақсыбай Тілеубаев, «Ақторғындай» ән төресінің мәтінін жазған Қуат Сәдібеков, «Ақ әжелер» тобының белді мүшесі, әнші, ардақты ана Аманкүл Мүтәлікеліні, өнердегі талабы енді ғана ұшталып келе жатқанда кездейсоқ ажал құрығына ілінген Дәрмен Садықовтардың әруағына құран бағышталды.
Әрқайсысының өміріне тоқталып өзекті шығарма жазуға тұрарлық әзиз жандардың әруағы риза болсын дейміз де енді…
Жалпы, осындай ұлағатты тірлікке ұйытқы болып жүрген жоға­рыда аталған азаматтардан да басқа үлес қосқан жігіттер мен ару қызда­рымызға Шардара аудандық “Өнер” Қауымдас­тығының төрағасы ретінде шексіз ризашылығымды білдіремін.

Әбдіғаппар АЙДАРОВ,
Шардара ауданы
Түркістан қаласы

qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

3 × 1 =