ҚАЙРАҢДА ҚАЛҒАН КЕМЕЛЕР

Атырауда қайраңда қалған кемелерді жағаға шығаруға қаражат табылмай жатыр. Табаны бірнеше метр топыраққа батып қалғандықтан, оны қозғайтын алпауыт техника да таптырмайды. Жайық өзені жағасында тот басқан кеме қалдықтары атыраулықтарды алаңдатқалы біраз уақыт болды. Көктемде су келген мезгілде айдынның ортасында, су тартылғанда жағада қалады. Кезінде балық шаруашылығында қолданылған су көліктері бүгінде жарамсыз, көзге шыққан сүйелдей қаланың көркін қашырып тұр. Техниканы түгелдей шығара алмай, жұмысшылар беткі бөлігін ғана кесіп тастаған. Қала әкімшілігі қаржы таба алмай ірі кәсіпорындарға ұсыныс жолдағанмен, ешкім қолға алмады. Бір кезде Атырау аумағындағы 6 кеменің екеуі ғана жағаға шығарылған.Ал экологтар бұл қоршаған ортаға үлкен зиян әкелуі мүмкін деп отыр. Кемердегі жанармай қалдықтары төгілсе, өзен суын ластап, адамдар мен балықтарға қауіп төндіреді. Сондықтан, Атырау, Маңғыстау облыстарында су жағасында жатқан кемелерді жою үшін кешенді бағдарлама керектігін алға тартады. qazaquni.kz