Шетелдік легионер отандық велоқұраманың мерейін асырды

Италияның Верон қаласында әйгілі «Джиро д’Италия» суперкөпкүндігі өз мәресіне жетті. Отандық «Астана» велоқұрамасының капитаны, шетелдік легионер Мигель Анхель Лопес осымен екінші жыл қатарынан үздік жас шабандоз атанып, жеңіс тұғырына көтерілді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

Лопестің айтуынша, бұл жарыс та әдеттегідей өзіндік тартысқа толы болды. Соңғы үш аптада жолы болмай, сәтсіздіктерге ұшырап жүрген шабандоз, жарыстың ең маңызды сәттерінде сәттілік жетіспегенін айтып күйінді.

- Өзімнің спорттық бабыма көңілім толады. Мен өте жоғары деңгейде болдым. Бұл велододада бұдан да жақсы нәтиже көрсете алар едім. Ақ жейдені қатарынан екінші мәрте иемденгеніме өте қуаныштымын. Командамен бірге жаңа жоспар құрғанға дейін демалысымды отбасыммен бірге біраз өткізгім келеді, - деді Мигель Анхель Лопес.

Ал, жалпы жарыс жолына шыққан шабандоздардың ішінен үздік шыққан эквадорлық Ричард Карапас «Джиро д’Италия 2019» веложарысының қорытынды жеңімпазы атанды. Сонымен бірге, финалдық жеңіс тұғырын италиялық Винченцо Нибали мен словениялық Примож Роглич толықтырды.

- «Джиро д’Италияда» жоғарғы деңгейде өнер көрсеттік деп ойлаймын. Біз мұнда жалпы есептегі жеңіс үшін таласуға келгенбіз. Және ол үшін біздің мықты лидеріміз бен өте жақсы командамыз бар. Өкінішке орай шешуші сәттерде Мигель Анхель Лопестің жолы болмай, жалпы есепте оның жеңіс үшін таласқа түсуге мүлде мүмкіндігі болмады. Дегенмен ол ақ жейдені жеңіп алды. Және соның өзі жақсы нәтиже. Одан бөлек біз Пельо Бильбао мен Дарио Катальдоның командаға әкелген үш жеңісі үшін ризамыз. Бұл велододада тамаша сәттер өте көп болды. Қалай болғанда да маусымның аяқталуына әлі көп уақыт бар. Біздің алға қойған бірнеше үлкен мақсаттарымыз бар. Енді біз келесі жартыжылдыққа жоспар құрып отырмыз, - деді «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуров.