МАҒЖАН БОЛМЫСЫ

көзкөргендер естелігімен

Мағжаннның шығармашылық болмысын, әдеби ортасын, қайраткерлік тұлғасын, сталиндік қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыр-талайын тануда Смахан төре Бөкейхан (1881-1969 (1964), Зәки Уалиди Тоған (1890-1970), Сайфи Құдаш (1894-1993), Бейсембай Кенжебаев (1904-1987), Әлкей Марғұлан (1904-1985), Бекмұхамед Серкебайұлының қосағы Зылиха Серкебаева (1906-1997), Міржақып Дулатұлының ағасы Асқардың қызы Ботакөз Дулатова (1908-1988), Жайық Бектұров (1912-1998), Хамза Абдуллин (1919-2001), ақынның сүйген жары Зылиха Жұмабаева (1894-1991), немере інісі Ғаділше Қаһарманұлы (1924 ж.т.) сынды көзкөргендер естеліктерінің құндылығы орасан зор. Тоталитарлық жүйе тарапынан жариялануына, жазылуына тиым салынған естеліктердің еркін ойлы қоғамның рухани игілігіне айналуы үшін де бірнеше жыл қажет болды. Алаш азаттығы мен түркі әлемінің бірлігін жырлаған Мағжанның ақындық қуатын бағамдауда башқұрт халқының даңқты перзенттерінің естеліктері бір төбе. Зәки Уалиди Тоған қатираларында қы31 р перзентінің суреткерлік шеберлігі шынайы көрініс тауыпты. «...В начале февраля 1919 года, когда мы стояли в ауле Кулгуна, к нам прибыли из Казахстана два представителя, имена которых уже позабылись. Один из них, кажется, был поэт Магжан, он и раньше приезжал сюда. Помню только, в его произведении «Урал» отражена борьба башкир против русских захватчиков. В стихотворении поэта Магжана есть строки, смысл которых сводится к следующему: «Длинная гора Урал, так же, как являешься ты границей между Ночью и Днем, ты лежишь границей между детьми Дня и детьми Ночи. Та от тебя сторона – гнездовье синеглазых бесов, эта – желтая степь тюрков. О Урал, земля наших предков, где покоится их священный прах! Здесь хозяйничают чужаки, чьи рты заросли волосами, и заставляют наших девушек открыть лицо перед пришлыми мужчинами. Великий Урал, ты отец, взрастивший нас. Храбрые сыновья тюрков, поднимайтесь против Ночи! Объединяйтесь и не давайте ее силам топтать наши земли! Отрежьте ей дорогу, крепко сжимая в руках поводья!..» (Заки Валиди Тоган. Воспоминания: Книга I. -– Уфа: Башкирское издательство «Китап», 1994). Қазақ өлкесінде ағартушылық еткен С.Құдаштың «Навстречу весне. Незабываемые минуты. По следам юности» (Москва, 1974) мемуарлық басылымында Алаш марғасқаларының тағылымды ғұмырына қанықтырар тарихи деректер молынан қамтылды. Кеңес цензурасының иеологиялық жіті сүзгісінен өткен кітаптағы қазаққа ерен еңбек сіңірген әдебиет алыптарының әділ бағалануы сүйсіндірмей қоймайды. Әсіресе саяси қырағылықпен атын атап, түсін түстудің өзінен қашқақтайтын сол бір жылдары Алаш ардақтыларының ұлағатын сырт айналып өтпей, ақиқат биігінен безбендеуін ақ жүрек ердің ерлігі деп білеміз. «Проблемы, которые волновали казахов, были нам хорошо известны. Сотни татарских и башкирских шакирдов, приезжая летом в степь, обучали детей казахов по учебникам на татарском языке. Нужны были учебники на родном языке. Ахмет Байтурсунов проделал очень большую работу: составил для казахских начальных школ учебники – «Пособие по чтению», «Пособие по языку» и «Пособие по арифметике». Они сразу же были радостью приняты казахскими педагогами. Эти учебники были рождены требованиями самой жизни и по своим достоинствам намного превосходили имевшиеся до той поры учебные пособия на казахском языке... Журнал в полном смысла явился основателем казахского литературного языка, помог заложить первые камни в фундамент казахской прозы, драматургии и критики, он сплотил вокруг себя всех казахских литераторов, придерживавшихся демократических взглядов. Улэны, рассказы и статьи Мухамеджана Сералина, Султанмахмуд Турайгурова, Сабита Дюнентаева, Сакена Сейфуллина, Бейымбет Майлина, Магжана Жумабаева, Акрама Галимова и многих других молодых литераторов впервые увидели свет именно здесь...». 1969 жылы Қазақстан басшысы Д.Қонаевқа, Башқұрт облыстық комитетінің бірінші хатшысы М.Шакировқа, Қазақстан ЖО басқармасына жазылған «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» хатымен әміршіл-әкімшіл билікпен бетпе бет келген дегдар Зылиха апамызға қиын қыстау күндері қол ұшын созыпты. Исі түркі баласының шексіз құрметіне лайықты тектінің осынау асыл қасиетін Зылиха Жұмабаева «...Ақыры 1969 жылы есімді жинап, Мағжанымның бұл өмірде жоқ екенін сезіп, оның өлеңдерін жинауға кірістім. Бір туысымен ақылдасып, аздаған қаражат жинап Москваға бардым. Мені байырғы досымыз С.Қожановтың зайыбы Зиба Қожанова қарсы алды. Ол бір бөлмесін босатып берді. Он күн орталық кітапханада отырып ақын жарымның сол кезде басылған өлеңдерін көшірдім. Тым болмаса көзім тірісінде жинақтап кетуді ойладым. Содан Мағжанның досы Сайфи Құдашқа бардым. Ол екі-үш күн Қазанды қыдыртып, демалдырып, разы болып Алматыға шығарып салды. Сол өлеңдерді түптетіп сандығыма салып қойдым...» (Зылиха Жұмабаева: «Дариға, сол күндерде күнім қараң...». Әңгімені жазып алған Р.Халықова // Қазақстан әйелдері. 1989. № 3) деген көңіл хошымен жеткізді. Қазақ-башқұрттың терең тамырлы рухани байланысы бүгіндері де өрісті. Жазушы Р.Баимовтың (1937-2010) Зәки Уәлиди Тоған тұтқа болған ұлт-азаттық қозғалыстың аласапыран кезеңі суреттелген «Полет сокола» («Сыбар шонкар») (1997) романында (орыс тіліндегі атауы «Кречет мятежный» (2002) Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бейнесі сомдалды. Алаш оқулықтарынан рухани нәр, елшілдік рух сіңірген Б.Кенжебаев –М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы; Ж.Арыстанов – Нәзір Төреқұлұлы, Иса Тоқтыбайұлы; атақты Қоңыратбаевтар әулетінің айтулы тұлғасы Әуелбек Қоңыратбаев – Мұхамеджан Тынышбайұлы, Маннан Тұрғамбайұлы, Иса Тоқтыбайұлы; Ақжан Машани – Әлімхан Ермекұлы; Қажым Жұмалиев – Санжар Аспандиярұлы, Әлімхан Ермекұлы; Мәулен Балақаев – Жүсіпбек Аймауытұлы; Хамза Есенжанов – Санжар Аспандиярұлы; Әділ Ермеков, Ахмеди Ысқақов – Телжан Шонанұлы; Шапық Шөкин – Арынғазы Боштайұлы; Төлеубай Қордабаев – Ахмет Байтұрсынұлы; Әбілқас Сағынов – Бірмұхамед Айбасұлы, Мәннан Тұрғымбайұлы, Имам Әлімбекұлы; Оңайбек Құдышұлы – Имам Әлімбекұлы; Евней Букетов – Ахмет Жанталиннен білім алды, ұстаздық шапағатын, ағалық қамқорлығын көрді. Олар осынау жаны жайсаң ардақтыларымыздың өзгеше бітімдегі асыл қасиеттерін өз естеліктерімен кейінгі ұрпаққа жеткізді. М.Балақаев: «Педтехникумда Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ тілі, қазақ әдебиетінен беріп жүрген сабақтары, оның оқыту әдісі, еркін, шешен сөйлеу, түсіндіру – мәнері студенттерді қызықтырмай қоймайтын еді. Өз пәнін жақсы білетін оқытушымыз бізді келешекте белгілі салада пайдалы еңбек етуге икемдеді», Ш.Шөкин «Арынгазы Сулейменович был человеком в городе известным. Работал он ветеринарным врачом, имел хорошее образование. До революции окончил то ли в Петербурге, то ли в Москве гимназию. Кроме русского в совершенстве владел и французским языком. Это был уравновешенный, степенный, но склонный к богемности человек... В просторном доме Арынгазы Сулейменовича была богатая библиотека. Дотоле я не видел в одном месте столько разных томов. Несколько стеллажей художественных книг. Несколько полок занимали книги по философии, естественных наук. Немало было изданий и специальных, по ветеринарии и зоотехнике. Обстановка культа знаний в доме, которую создавала образованность Боштаева, исподволь захватывала меня...», Т.Қордабаев: «Ғұламаға тән сабырдың, мұсылманға тән мүминдіктің белгісіндей болып отыр екен» деген тебіренісімен әдіптеді. Алаш ардақтыларының көзін көріп, тәлімін алған Б.Кенжебаев тоталитарлық жүйе қысымын өткере жүріп те М.Дулатұлы, Н.Төреқұлұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы ғұмырынан «Мірдің оғындай еді» (Баспаға дайындаған Қ.Ергөбеков // Лениншіл жас. 1989. 25 август), «Білімпаз қайраткер». Дайындаған профессор Құлбек Ергөбек // Төреқұлов Н. Шығармаларының көп томдық жинағы. Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ. 2007. 3-том), «Телегей теңіз» (Жүсіпбек Аймауытов жөнінде есімдегілер). Алғысөзін жазып, әзірлеген Қ.Ергөбеков // Лениншіл жас. 1989. 6 январь), «Ұстаз» (Алғысөзін жазып, әзірлеген Қ.Ергөбеков // Лениншіл жас. 1989. 4 январь) естеліктер жазып қалдырды. Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде қазақ тілі мен әдебиетінен Мағжаннан дәріс тыңдаған Бейсембай Кенжебаев естелігі, эпистолярлық мұрасы – отандық мемуаристиканың озық үлгісі. Ол қазіргі ұрпақтың тұлғатанудағы ойөрісін, дүниетанымын кеңейтеді. Әдебиет алыптарының ұрпақтар сабақтастығын елшілдік рухта дәнекерлеуінің қазақ топырағындағы дәстүрлі мектебінің өміршеңдігін айғақтайды. «Өтелмеген парыз (Қазақ тапқан ақын, жазушылар жайында)» («ҚӘ». 1957.25.01) мақаласымен Алаш аманатына адалдық танытқан ғалым Бекенұлының ағалық шапағатын, ғылыми-шығармашылыққа баулудағы ұстаздық тәлімін, кәсіби біліктілік дағдыларын ұштаудағы парасатын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етті. Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудағы тәжірибелі әдіскерлік қарымын, педагогикадан жарияланған еңбектеріне екпін жасады. Тырнақалды әдеби шығармасының жазылуы, жариялануындағы Мағжан ұлағатын жан-жақты жеткізуді парызы санады. «Осыдан болу керек, ол бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін тамаша оқытты: сабақ үстінде лекциялық, практикалық әдістерді ретімен қатар қолданар еді. Мейлі лекциялық сабақта болсын, мейлі практикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация оқып тұрған, тәрізді барлық нәшін, сипаттайтын, қимылын келтіріп айтатын. Ұстазымыз бізге алғашқы сабақтан бастап-ақ тапсырма берді. «Әркім өзі білген бір ертекті жазып келсін. Соны класта оқып, бәріміз бірге талқылаймыз» - деді. Солай істеді де.. сөйтіп, ол бізге әрі әдебиетті, әрі дұрыс жазуды үйретті, әрі мақала-шығарма жазуды үйретті. Мен сабаққа «Қыз бен таз» атты ертек жазып келдім. Оны сабақта Мағжан өзі дауыстап оқып шықты. Әуелі, қолжазбаның емле қателерін тізіп көрсетті, оларды байыптап ұғындырды. Ақырында, «бұл өзі баспасөз бетінде шығаруға болатын ертек» - дегенді айтты. Ұзамай мен қолжазбамды, оның мұғалім көрсеткен қате-кемшіліктерін түзеп, мұқият қайта жазып, «Бекен» деп қол қойып, сол кезде Ташкентте шығып тұратын жастар баспасөзі «Жас қайрат» журналына жібердім. Журнал оны сол күйінде басып шығарды. Бұл менің тырнақалдым, тұңғышым болды. Осыдан былай мен «Жас қайрат», «Еңбекші қазақ» газеттерінде тілші болып, жиі-жиі хабар, мақала жіберіп жүрдім». Абай мұрасын дұрыс зерделеу, поэзиясының көркемдік-эстетикалық табиғатын әділ саралаудағы Мағжанның әдістемелік байламдары да болашақ әдебиетшіге олжа салып, адастырмас темірқазыққа айналғаны да әсерлі жазылған. «Бірнеше сабақта біз Абай өлеңдерін оқып-үйрендік. 1923 жылы Ташкентте Абай өлеңдері екінші рет кітап болып шыққан еді. Сол кітапты тексердік. Осы сабақтарда Мағжан Абай өлеңдерін жаттату, талдау, танытумен қабат әдебиет теориясының, эстетикалық көптеген мәселелерін түсіндірді, көркем шығарманы өлеңді, ақын творчествосын түсіну, талдау жолдарын, әдістерін үйретті. Сабақ үнемі әрі өлең талдау, әрі әдебиет теориясы, эстетика жайлы әңгіме болып, әрі ғылыми, өте қызық болып жүрді. Оқытушының сабақ үстінде жаңалық, әсемдік туралы айтқаны бүгінге дейін есімде...» (Кенжебаев Б. Ұстаз. Алғысөзін жазып, әзірлеген Құлбек Ергөбеков // Лениншіл жас. 1989. 4 январь). Білімге ұмтылған елшіл шәкірттерін әділдік пен адалдыққа, әсемдік пен сұлулыққа баулыған Мағжан ұлағаты Әлкей Марғұлан естелігінде дәйектеле түседі. Ғұламаның «Менің өз білуімде, қазақтан сол кезде екі әдемі кісі болатын. Мынау сұлулықты, ләззәттылықты, сосын дүниедегі жақсы нәрсені жақсы көретін екі кісі болып еді. Біреуі – Мұхтар, екіншісі – ақын Мағжан болатын. Осы екеуінің түріне қарағанымызда, құлпырып тұрған қыран құстай оларға еш пенде жетпейді деп ойлайтынбыз» («Ақ Орда». 1993.№2) деген тебіренісі тұлғатанудағы жаңашыл ізденістерге бағыт береді. «Мағжан – культурасы зор ақын» (М.Әуезов) десек, Қызылжардағы қазақ педтехникумы жанынын ашылған екі жылдық мұғалімдер дайындайтын курста сөз зергерінен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ оқыған Зылиха Серкебаеваның естелігі ұлт мақтанышының қайталанбас болмысын байыптаудағы соны ойларымен тұшымды. «Мағжан сыныпқа кіріп келгенде алдымызда жарқырап мәдениеттіліктің шолпаны тұрғандай әсер пайда болатын бізде. Ол бізді өте жоғары бағалай білетін, біз де оған құмартып тұратын едік. Оның табиғи сұлулығы, киген киімі, сабақ беру әдісі, терең ой-пікірі, жан-жақты білімділігі бізді еліктіріп, өзіне баурап ала беретін» (Серкебаева З. Естелік // Қаһарманұлы Ғ. Жәжеке. Естеліктер мен деректер. – Алматы: Қазығұрт, 2005. 100-бет). Мағжанның көзін көріп, ізін басқан, тәлімін алған қаламгерлердің де тағдыры қилы. Олардың әміршіл-әкімшіл озбыр билік қысымын, қудалауын басынан өткермегендері жоқ десе болады. Жайық Бектұров РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 1942 жылдың мамырында Солтүстік Оралға жер аударылды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тұтқынға түсіп, Түркістан легионында шығып тұрған «Милли Түркістан» (редакторы профессор Иохан Вензинг), «Милли әдебиет» (бас редакторы Мәжит Айтбайұлы) басылымдарында Алаш қаламгерлерінің шығармаларын насихаттаған Хамза Абдуллин кейіннен 1947 жылғы 18 сәуірдегі Түркістан әскери округі әскери трибуналы РСФСР қылмыстық кодексі 58-І «б», 58-10, 2. бөлім баптарымен 10 жылға сотталды. «Таңба» /бастапқы аты «Төгілген ар» (1956)/ романы, «Суық карцер», «Ыстық карцер» өлеңдерімен Сталинизм қылмысын әшкерлеген Жайық Бектұров естелігі сөз зергерімен кездесуі, ақын жары Зылихамен араға ұзақ уақыт салып қайта жүздесуі «ақылға, жан жүрекке кісен салған» (Мағжан) зобалаң жылдар қасіретіне бойлатады. Сан жылдар бойы шемен болып қатқан шерін тарқатқан жазушының үрей билеген заманның психологиялық көңіл ауанын жеткізудегі шынайылығын тас жүректің өзін еріткендей. «Апай мен сізді 1937 жылы Алматыда Махаңнын қасынан көрдім ғой. Ағамызды ең алғаш және ең ақырғы көргенім сол. Есіңізге түсірейін бе?» деп өткен шақтың бір елесін Зылиқаның көз алдына келтірдім. Апай: «Иә, иә» деп шұлғып та, кемсеңдеп те көп қамықты. Ол кісінің есіне түсіргенім, көзіне елестеткенім мынадай бәр жәйт: 1937 жылдың сентябрі... Көңілсіз, үрейлі кез. Біздің артымыздағы ең шеткі столға бір ер, бір әйел адам келіп отырды. Сәлден соң Жұмағали стол астынан ақырын ғана менің аяғымды басып: «мына кісі Мағжан ағамыз» деді. Еріксіз қозғалып қалдым. Ол кездегі бұйықтаулығымыз ба, әлде белгілі адамдардан тартқыншақтап тұратын әдеп-әдеттен бе, не ойға келмегендіктен бе, әйтеуір екеуміз де орнымыздан тұрып, Мақаңа дұрыстап сәлем бере алмадық...». Осынау өзекжарды толғам қайырымсыз кезең шындығына иландыруымен, тұманды жылдарда ақиқат жолынан адасуға бет алған  қиянатшыл қоғамның келбетін дөп баса танытуымен маңызды. Қоғамдық арылу мен әлеуметтік тазаруды өзінен бастаған Жайық ақсақалдың «Артыма екінші рет бұрылып қарауды ұят көрдім. Ақынның бетіне әжім түсіпті. Үстінде сырт киетін келте қалың пешпент, қасындағы әйелі қазаққа онша ұқсамайды... Иә, біз Жұмағали екеуміз де ішімізден елтіп, ормандағы құс даусына құлақ тіккендей болып отырмыз. Тек үлкен атақты ағаның, ертеден ел ардақтаған, бірақ кейін тағдыры ойыншыққа айналған әйгілі ақынның қасына барып, қатарында отыруға, алдында отырып, сөзін тікелей тыңдауға, көңілін аулауға, аздап болса да сый сияпат білуге жарамадық... Құдай өзі көктен түсіргендей сәтті кезеңнің ұшпағынан ұстай алмай қалғаныма кейін қатты өкіндім. Ардақты ақынмен ауызекі сөйлеспесем де, кейін өзім тас қамалға қамалғанда осы кісілер азап шеккен Алматының ішкі абақтысы деп аталатын тас қуыста өзім де тұншыққанда алдағы ағалардың бәрінің де асыл бейнелері көзге елестеді...» деп ақтарылған мұң наласынан ұлттық рухты, адамгершілік ұстанымдарды жаншудағы озбыр саясаттың зардабы мен салдарының қаншалықты қауіпті екенін бағамдаймыз. Мағжанның аталас туысы Хамза Абдуллин (1917-2001) естелігінің құндылығы – Мағжан Жұмабайұлы болмысын, өмірінің беймәлім кезеңдерін танудағы деректілік сипатында. «Біз ол кезде бала едік. Мағжан өлеңдерін көбіміз жаттап алатынбыз. Ал өз басым Мағжанды жақсырақ білдім. Менде оның өзі сыйлаған кітабы да болатын. Ол біздің семьямызбен араласып тұратын. «Сұлу әйел – бір хиял, сұлу әйел – идеал» деп өзі айтпақшы, Мағжан да біз үшін өте биіктен көрінетін. Оның тіпті сырт тұлғасына, бет-бейнесіне де қызыға қарайтынбыз. Ортадан биіктеу бойлы, үлкен аялы көзді Мағжан басын шалқақ ұстап, тіп-тік жүретін. Сырт көзге тәкаппар көрінгенмен, өте қарапайым, ішкі әлемі кең адам еді, сөйлей кетсең, іші-бауырыңа кіріп, өзіңді еріксіз баурап алатын. Оның мінезінде менмендік, байшылдық болмайтын... Міне, мен білетін Мағжан осындай адам еді» (Абдуллин Х. Тар қапастағы асау көңіл // Жалын. 1989. №2.). Ақын шығармашылығы, асыл қасиеттері хақында ақ сөйлеп өткен  қаламгердің «Ерекше жарытылған жан» естелігінде Мағжанның Қызылжардағы орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беру, диктант жаздыру ерекшелігі, кітапханасы, эстетикалық талғамы жайынан да құнды деректер келтірілген. «...Екінші, менің бір байқағаным: Мақаңның үйінде кітап деген жоқтың қасы. Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы шыққан орысша кітабы, сонан соң Абайдың жұп-жұқа бір кітабы жатады, сол жылдары баспадан шыққан Ілияс Жансүгіровтың бір өлеңдер жинағы мен Иса Байзақовтың баяғы маған жіберген кітабы сияқты «Құралай сұлу» дастаны. Бұл кітаптардың өзін Қызылжардағы балдызы Сабыркейдің үйінен алыпты. Ал Мақаңның Сасықкөлдегі өз үйіндегі кітапханасы әлдеқашан талқандалған, талан-таражға салынған. Иә, сөйтіп, Мақаң маған жатқа өлең оқытады. Көбіне өзінің өлеңдерін, содан соң «Құралай сұлу» мен «Қойшының ертегісінен» жатқа айтқызады. Кейде Мақаңның ақындарға беретін бағасын тыңдаймын. «Осы Иса қандай ақын?» деп сұраймын. «Иса, - дейді Мақаң, - ол Алла тағаланың қазақ халқына сыйлыққа бере салған теңдесі жоқ бір бұлбұлы, Хамза. Өткен ғасырларда да қазақта не ғажап жыр дүлдүлдері болған, бірақ солардың бірі де Исаға тең келе қоюы екі талай. Иса сияқты ақын әр жүз жыл сайын емес, мың жыл сайын бір-ақ рет тууы мүмкін». Міне, Исаға асқан романтик Мағжанның берген бағасы осындай» (Абдуллин Х. Ерекше жарытылған жан // isa-baizakov.psu.kz›). Зылиха Жұмабаева, Ғаділше Қаһарманұлы естелік жазбаларында ақын шаңырағының шайқалуы, елге тұтқа болған Жұмабай әулетінің ойрандалуы баяндалады. Мағжанның зайыбы Зылиха сталиндік қуғын-сүргін жылдары сөз сүлейінің абақтыдан шығуына, әдеби мұрасының ақталуына қажыр-қайратын салды. 1967 жылы Х.Махмудов, Б.Кенжебаев, Х.Абдуллин, А.Жовтис, Ф.Моргун, О.Сүлейменовтермен бірге өлеңдерін И.Шухов редакторлығындағы «Простор» журналына жариялауға дайындады. 1989 жылғы шығармалар жинағын құрастыруға атсалысты. «Азапты сапарлар» (Жазып алған А.Тасымбеков. Лениншіл жас. 1989. 10. 01.), «Дариға, сол күндерде күнім қараң...» (Қазақстан әйелдері.1989. №3. Жазып алған Р.Халықова) естеліктерінде сүйген жардың бақыт құшағындағы сүйініш пен күйінішке толы сағым жылдары, ГУЛАГ-тың қанды шеңгелінде зарыққан қосағын іздеп барған жанкешті сапары, ардақты есімі мен асыл мұрасы туған халқына қайта оралған шуақты күндердегі көңіл толқыны айшықталыпты Мағжан ғұмырбаянындағы Ташкент, Мәскеу кезеңдерін бір біріне сүйеу болған көксеңгірлеріміздің кісілік келбеттері, адамгершілік мұраттарына тән көркем мінездерін нақты мысалдармен өрнектеп отыруы тәнті етеді. «...Үйленген соң біз көп кешікпей Ташкентке келдік. Оның себебі сонда қызмет істеп жүрген Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов Мағжанды арнайы шақыртып алды. Ол сонда Қазақ-қырғыз оқу ағарту институтында оқытушы болды. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Мағжанды С.Қожанов Москвадағы Жоғары әдеби-көркем институтына оқуға жібереді. Ол сонда әйгілі ақын Сергей Есенинмен танысады. Тынымсыз жан мұнда А.Луначарскиймен кездеседі. А.Луначарский оны университетіне қызметке орналастырады. Бұл кез оның өмірінің ең бір жарқын, қызықты сәттері еді. Москвадағы «Шығыс баспасының» директоры Нәзір Төреқұлов Мағжанды аудармашылық жұмысқа шақырады...». Сталиндік қиянат пен заңсыздық жылдардағы отбасының қилы тағдыр-талайы, аласапыран кезеңде арысын іздеп алыстағы қиянға барып қайтудағы жанұшырған жанкештілігі, боздағын қиянаттан аршып алудағы арпалысы, арысымен соңғы жүздесу сәттері қан аралас көз жасымен жазылған. «...Мағжандай азамат менің маңдайыма қалай сыйсын. Онымен бірге өткізген жеті жыл жеті күндей болмады, бәрі де қазір көрген түстей. Менің өмірім бір-ақ күнде үсік шалған гүлге ұқсады да қалды. Ойда жоқта 1929 жылы оны Қызылжарда тұтқындады. Оған түрлі кінәлар тағылды. Алғашында Алматыда біраз ұстады да одан соң Бутырь түрмесіне жіберді. Арада біраз уақыт өткен соң оны 10 жылға соттап Карелияға жер аударды. Екеуміздің шуақты, балғын күндеріміз енді сергелдеңге айналды. Кеудемде жаным барда оны іздеуге бел байладым. Бір қадам болса да жақындай түсейін деп Ленинград қаласына барып пәтер жалдап, содан Петрозаводск арқылы Мағжанға тарттым. Түрме деген атының өзі суық қой. Айналасы тікенді темір тормен қоршалған. Қоршау ішінде жүрген адамдардың түр-түсі, киген киімі бір түрлі суық-ақ. Әйтеуір еңбегім ақталып түрменің күзетшілерінен өтіп, бастығына жетіп рұқсат алып аяулы жарыммен кездестім. «Қосағын іздеп зарлаған жалғыз қазақ әйелі келді. Қазақстандықтар, келіңдер!» - деген дауыс әлі күнге құлағымда. Шалғайда бас еркінен айрылып жүрген мұңлы жанды бір сәтте болсын қуантуға тырыстым. Сонда оның сәбише мәз болғаны-ай! Туған ауылы көшіп келгендей аз да болса еңсесін көтеріп, тағдырлас жолдастарын мен апарған дәмге шақырып, ел-жер жағдайын біліп қуанып қалды... ...Қара бұлт қайта төнгендей болып, көңіліміз құлазып, Қызылжарға тарттық. Амал не «сотталған» деген сөз Мағжанның соңынан қалмай қойды. Сөйтіп жүргенде Сәкен Сейфуллин ағаның Алматыға шақыртқан хабары келді. «Астана ғой, зиялы ағалар ортасында болайық» деп Мағжан өтінген соң тез жиналып жолға шықтық. Алматыда да қара бұлт төніп тұрған шақ екен. «Халық жауы» деген сөздер гулеп, екінің бірі қамалып жатыр. Бейімбет, Сәкен, Ілияс ағалардың ұсталғанын айтып, Мағжан күйзеліп жүрді. Басымызда баспана жоқ, пәтерде тұратынбыз. Ақыры басқаларға туған күн менің де басыма туды. 1937 жылғы декабрьде екі адам келіп тағы да алып кетті. Жеті жылдық сергелдең аз болғандай жылап-еңіреп жалғыз қала бердім. Есіктен шығып бара жатып: «Хош, Зылиха, қош!» деді. Сондағы отты жанары әлі күнгідей көз алдымда. Міне, сол күннен бастап «халық жауының әйелі» атанып, не көрмедім. Есеңгіреп қалдым. Жас ұлғая берді, уақыт зымырап өте берді...». Қуғын-сүргіндегі Мағжан тағдырына бей-жай қарамай, азаттыққа шығуына қол ұшын созған М.Горький, Н.Пешковалардың адамгершілік асыл  қасиеттері де боямасыз берілген. «Қайтуға жиналғанда Мағжан Алексей Максимович Горькийге хат жазып беріп, міндетті түрде жолығуды тапсырды. Осы тілдей қағаз аяулымды азат етердей Москваға жеткенше асықтым. Алексей Максимовичті туып, жолығып бәрін айттым. Ол мені жауапты қызмет істейтін Н.Пешковаға жіберді. Көп кешікпей Мағжанның жазасының үш жылы қысқарып жеті жылға түсті деген хабар алдым...» (Зылиха Жұмабаева: «Дариға, сол күндерде күнім қараң...». Әңгімені жазып алған Р.Халықова // Қазақстан әйелдері. – 1989. – № 3). Әміршіл-әкімшіл жүйе Жұмабай әулетінің тоз-тозын шығарды. Немере інісі Ғаділше Қаһарманұлы (1924 ж.т.) өз естелігінде жазғанындай, « ...1930 жылы конфескеге Бекен әулетімен ілігіп, оны Орта Азияға жер аударды. Қаһарманды – Семейге колонияға жіберді, «байдың құйыршығы» деп... 1930 жыл Жұмабай ұрпағына оқ жыландай атылып, ұрпақты ата қонысынан ажыратып, қаңғыртып жіберді. Ал, 1937 жылы Сталиндік репрессия одан да асып түсті, ұрпақтың түбіріне балта шапты – атты, құрбан қылды тірісін. Мағжаның туыстары «Халық жауының тұқымы», «Алашордашылдар» деп айыпталды. Мен 13 жастағы бала едім ол кезде; мектепте оқып жүрген кез болатын. Көшеде келе жатсаң «әне, қасқырдың бөлтірігі», «Халық жауының інісі» деп қолының ұшымен көзге шұқығандай көрсетіп шенейтін. Оларды көрмегендей, естімегендей тез-тез басып жүгіріп кететін едім. Бұны жастар айтпайтын, үлкендерден шығатын сұрқиялық қылықтар еді...» (Қаһарманұлы Ғ. Мағжан. Деректер. Естеліктер // Ұлттық поэзия падишасы: Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы / Құраст. Ф.Қ.Бектурбакова. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2001: «Ұлы тұлғалар» ғылыми-библиографиялық сериясы).             Иә, Мағжан болмысын танудағы көзкөргендер естеліктерінің тағылымдық сипаты ұшан теңіз. Бастапқы отаршылдық кейінгі сталинизм қысымындағы халқын ұлтсыздандырудан сақтандырған қалам қайраткерінің жасампаздық ғұмыры ақ жүрек шәкірттері, ізбасар арлы ақын-жазушылар, мұраттас елшіл үзеңгілестері, мұрасын жоқтаған парасатты жандар, ақ адал жарының естеліктерімен сан ұрпақтың тарихи жадында қала бермек. Олар асыл сөздің алдаспаны Мағжанға деген ұлт сүйіспеншілігін еселеумен қатар жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға иек артқан шығармашылық еркіндікті, тұлға бостандығын аяусыз жаншып отырған әміршіл-әкімшіл жүйенің қанды қол қылмысынан сақтандырады. Дарынын даралап, асылын бағалауға ой салады.   Сағымбай Жұмағұл, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры qazaquni.kz