Күршім әкімі жер сатылып жатыр деген ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Шығыс Қазақстан облысында 40 мың гектар жер шетелдіктерге сатылып кетті деген ақпаратты жергілікті атқамінерлер теріске шығарды. Интернетте жүрген әңгімеде Күршім ауданының көп жерін қытайлықтардың алғаны туралы айтылған.

Онда жергілікті халықты көшіру үшін әрқайсысына 5 миллион теңгеден беріліп жатқаны да сөз болады. Өңірдегі атқамінерлер мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді, деп хабарлады КТК.

Елімізде жерді сатуға мораторий жарияланған. Сондықтан қандай да бір шетел азаматына тоқымдай да жер берілмепті. Шенеуніктер жұртты түрлі месенджерлерде тараған жалған ақпаратқа дүрлікпей, сабырлық сақтауға шақырады. Жердің шетелдіктерге сатылмайтынын жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтқан болатын.

"Жер тек Қазақстан азаматтары мен шетелдік үлесі жоқ қазақстандық заңды тұлғаларға беріледі. Күршім ауданының ауыл шаруашылығы жерлерінде өзіміздің азаматтар қалыпты жағдайда егін егіп, малдарын бағып еңбектеніп жатыр. Жалған ақпарат тартпауларыңызды сұраймын", - деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.