ҚР Президенті Абайдың 175 жылдық мерейтойы туралы Жарлыққа қол қойды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) 2019 жылғы 1 шілдеге дейін 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын (бұдан әрі - Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы) дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрсын;

2) 2019 жылғы 1 қазанға дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарды бекітсін;

3) Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін кешенді жаңғырту жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

4) 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізсін;

5) Абай Құнанбайұлының еңбектерін кең таралған негізгі шет тілдеріне сапалы аударуды жүзеге асыру, басып шығару және халықаралық ілгерілету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

6) Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтасын;

7) Осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.

2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.