ТЕМІРҒАЛИДЫҢ ҮШ ЖИНАҒЫ ТУРАЛЫ

Ақын, журналист, ғалым, баспагер Темірғали Көпбайдың Әдебиет әлеміне қалай келгенін жақсы білеміз. Көпшілікке жақсы мәлім, «ҚазМУ» деген қасиетті қара шаңырақ, ұлы төріміз бар. Міне, мен де сол орданың бір түлегі ретінде осы университеттен қанаттанған Темірғали інімнің тырнақалды жырларынан бастап қадағалап, назар салып, бүйрек бұрып жүретін қазақтың бірімін. Сонау 1980 жылдардың орта тұсы мен 1990 жылдардың басында әдебиетке емін-еркін аттап кірген дарынды бір буын бар. Осылардың арасынан Темірғали да табылды. Бір айта кететіні, бұл лектің бойында зор жауапкершілік бар еді. Олай болатыны, бұлар келген тұста қазақ руханияты саласы, әдебиет, жалпы өнер аса бір қиын-қыстау кезеңдерді өткерді. Міне, сол ауыр уақытта осы буын ел-елде, жер-жерде жүрсе де базар жағалап, қу тірліктің күйбеңіне түсіп кетпей, өз қатарларын сетінетпей, иықтаса жүріп, қанаттаса жүріп, өз өрнектерін сала білді. Өз дәуірлерінің шындығын шабытпен жырлай білді. Тіпті, пайымдауымша, нарықтың қатал қыспағы бұларды жоғалту былай тұрсын, қайта жігерлеріне жігер қосып, ерекше шыңдап, Сөз өнерінің, Өлеңнің қадір-қасиетіне мейлінше тәрбиелеп, ысылта түсті ме деп ойлаймын. Өз мәнері, ешкіммен шатастырмайтындай жеке қолтаңбасы бар Темірғали Көпбай бұған дейін оқырманын бірқатар жыр жинағымен қуантқанын білеміз. Енді, міне, ол бір мезгілде қатарынан үш кітап шығарыпты. Бұл, әрине, ұзақ толғаныстың, мол ізденістің жемісі екені даусыз. Оның кейінгі «Аққұмда оянған арман» жинағына соңғы жылдары жазған филосо­фиялық және лирикалық жырлары топтас­тырылыпты. Мұндағы күрделі ой мен астарлы мәнеге толы өлең иірімдері оқырман көңілін бірден баурап алады. Ал «Даналық тәпсір­лерінде» ақын көнеден келе жатқан ақық-маржан ой түйіндерін дәуір тынысына, ұлтымыздың болмысына қарай бейімдеп, ақиқатты интерпретациялық әдіспен дамыта, тарата жырлайды. «Жылдар жылжып барады» жинағында әдебиетшілер мен сыншылар Темірғали Көпбайдың шығармашылық болмысы, өлеңдегі дара қолтаңбасы, стильдік ерекшелігі жайында ой-пікірлерін, толғаныстарын бүкпесіз ортаға салады. Сайып келгенде, мұның әрі де өте қажетті дүниелер. Көпшілік әріптес толқынға үлгі боларлықтай, сүйінішті жәйттер. Сондықтан, Темірғалиға Өлең биігінде қанатың талмасын деп тілек білдіргіміз келеді. Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты qazaquni.kz