Ақнұр Жұмабаева: «Көпбалалы аналарды білім алып, кәсіп ашуға шақырамын»

1152
0
Бөлісу:

Ақнұр Жұмабаева, 8 балалы ана. «Экспресс-Консалтинг» компаниясының директоры. 

– Ақнұр әпке, сегіз балалы ана екенсіз. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз…

– «Әйел бақыты – бала» демекші – иә, мен бақытты жанмын – сегіз баланың анасымын.

Мен жиырма жасымда тұрмысқа шығып, тұңғыш улымды 21 жасымда дүниеге әкеліп, ана атандым. Қазіргі таңда жолдасым екеуміз үш ұл мен бес қыз өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Сегізінші баламды жуырда 8-мамыр күні босандым.

Біз көпбалалы жанұя болуды алдын ала жоспарладық. Себебі, менің жолдасым отбасында жалғыз бала болғандықтан, үлкен отбасы отағасы болу оның арманы болатын. Әрине, оңай болмайтынын білдік, бірақ не болса да барлық қиындықтарға төземіз деп шештік. Көпбалалы отбасы болу – үлкен жауапкершілік екенін толық сезініп, осындай жауапты шешімге саналы түрде келдік. Өйткені, бала-шағаны махаббат пен қамқорлықта өсіру, оларға барлық жағдай жасау – ата-ананың басты міндеті емес пе?

Әйел адам – тек ғана ана ретінде ғана емес, сонымен қатар өз саласында мықты кәсіпкер болып, жанұялық міндеті мен қатар жұмысты да істей алады деп, жұмысқа шығуға мен де бел будым. Оның үстіне, қазіргі нарық заманында көпбалалы жанұйя бола отырып, балалырымызды елден қалдырмай өсіру үшін, мен де үлесімді қосамын деп шешім қабылдадым да, декреттік демалысқа шақпай-ақ, әлі кунге шейін жұмыс істеп келемін.

Менің екі жоғары экономикалық және заңгерлік білімім бар, экономика ғылымының магистрімін. Бастапқыда банк саласында жұмыс жасайтынмын, ал үшінші баламды дүниеге әкелгенімде – өзімнің кәсібімді ашуды ұйғардым. Себебі, көпбалалы анаға банк құрылымындағы қатаң жұмыс кестесімен жұмыс істеу оңай емес. Сол кезден бастап Консалтинг компаниясын басқарамын, жалпы 20 жылдан бері бағалау қызметімен айналысамын. Оған қоса Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Кәсіби тәуелсіз бағалаушылар палата кеңесінің, Құқықтық кеңесшілер палатасының және Халықаралық құқық қорғау орталығының (Медиация орталығының) мушесімін.

– Ол компания немен айналысады?

– Негізінен консалтингтік қызмет, оның ішінде бағалау қызметі, бухгалтерлік және заңгерлік кеңес беру сияқты қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, сотта сарапшы болып және өкілдіктің қызмет атқару жұмыстарымен айналысамын.

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген рас екен, байқауымша, әр бала өзімен бірге бір жаңа мүмкіндік алып келеді екен. Әр баламмен қосымша оқу оқып жаңа жұмыс жасауға мүмкіндік арта түседі. Мысалы, жақында медиатр оқуын оқып, қосымша жаңа кәсіп көзін аштым.

– Қазір қоғамда көпбалалы аналардың мәселесі ушығып тұр. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұл мәселеге Нұр-Сұлтан қаласындағы бір отбасының қайғылы оқиғасы себеп болғанын бәрімізге мәлім. Сол жағдайдан кейін, көпбалалы  аналар өздерінің тұрмыс-жағдайы жайлы шағымдарын, жанайқайын жеткізіп, талаптарын айтуда. Шынымен де, осы уақытқа дейін өзінің қиын күн кешіп отырғанын тіс жармай келген, тұрмысы төмен отбасылар көп екен. Көпшілігі жалғызбасты көпбалалы аналар, арасында мүлде жұмыс істемейтін, бес-он баламен жалдамалы баспананы мекендеп жатқандар да аз емес.

– Енді көпбалалы аналар шын мәнінде шарасыз күйде қалып отыр ғой. Сол кісілерге қандай берер едіңіз…

– Әрине копбалалы жанұя болу оңай емес. Қазіргі заманда бір немесе екі бала өсіріп жатқан отбасылар – үлкен отбасы құруды «ережеден тыс» деп санайды, кейбіреулері оны «ерлік» деп жатады. Расында да ол ерік. Себебі, қазіргі нарық заманында бір баланы өсіріп жетілдірудің өзі – оңай шаруа емес.

Қазір шынымен де көпбалалы аналар қиын жағдайда өмір сүруде. Жұмыс тапшылығы бір жағынан қиындық тудырса…сонымер қатар шеттей бала-шағамен жұмысқа да шығу мүмкіндігі жоқ. Себебі, кішкентай балаларын бала-бақшаға беретін ақшасы да болмай, қиналып жүрген отбасылар да жеткілікті.

Сол үшін, қазір Үкімет тарапынан жағдайы төмен көпбалалы отбасыларына жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.

Оның бірі – екінші баладан бастап балаларды балабақшаға тегін орналастырылу. Ол әрине үлкен көмек. Демек, көпбалалы  аналардың балаларын балабақшаға тегін орналастырып Жұмыспен қамту орталығында қайта оқу оқып, жүмысқа шығуына мүмкіндіктері бар.

Мен, қамқоршылық кеңесінің сарапшысы ретінде, тіпті босанғанымша, Жұмыспен қамту орталығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірге көпбалалы аналармен кездесулер өткіздік, онда жұмысқа орналастыру, өзінің жеке кәсібін ашу, гранд пен шағын кредит беру мәселелері бойынша мәлімет беріп, аналардың сүрақтарына толықтай жауап бердік. Соның салдарынан, аналар қайта оқу оқуға қызығушылық білдіріп, кей-біреулері оқу бағдарламасына да жазылды. Мәселен, Жұмыспен қамту орталығында 65 түрлі мамандық  бойынша 1 айдан 3 айға дейін тегін оқыту қолға алынған. Сонымен қатар, сол курсты оқыған аналараға айына 16 700 теңге жуық стипендия төленеді.

Меніңше, бұл аналарға жасалып отырған үлкен көмек. Өйткені, біздің кезімізде мұндай көмек болған жоқ. Өзіміз тәуекел етіп, ешкімнен көмек алмай оқу оқып, өзіміз кәсіп бастадық. Ал, қазіргі таңда ата-аналарға өздерінің жаңа кәсіп бойынша білім алуларына мүмкіндік туып отыр.  Сол курстан өткен соң, оқытқан кәсіпорындармен біріге отырып, ары қарай аналардың жұмысқа орналасуын да қамтамасыз етеді.

Оған қоса Үкіметтен аналарға өз жеке кәсібін ашуына жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз 505 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік гранттар берілу қарастырылған. Ол ақшаға кәсібіне қажетті жабдықтарын алуына болады. Егер кәсіп ашу бір өзіне қиын болса, екі-үш адам бірігіп ортақ кәсіп бастауға болады. Осы сұрақтар мәселесіне де заңгерлік кеңес беріп, көмек көрсетіп келемін.

Және, жуырда Алматыда Көпбалалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» қалалық орталығы құрылды, онда бір терезе қағидаты бойынша құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, оңалту көмегі көрсетілуде. Аналарға ыңғайлы болу үшін орталықта шағын бала-бақша ұйымдастырылды. Мұнда көпбалалы аналардың өздері жұмысқа орналаса алады. Меніңше, қазір Үкіметтің берген осындай мүмкіндіктерін барлық ата-аналарға пайдалану қажет.

Ал, мемлекеттің көмегінсіз, өз күшіңмен  материалдық табысқа жетуге бола ма?

– Әрине, болады. Өз тәжірибеме жүгінсем, беретін кеңесім мынадай – ең алдымен қандай жұмыс жасайтынын немесе қандай кәсіпкерлікпен айналысатынын ұйғару керек. Табысты болатын қолынан келетін кәсіп түрлерін анықтағаннан соң сол кәсіпті атқаруға тәуекел етіп, бел буып кірісу керек. Бірақ, ол үшін әрине таңдаған салада білім мен керекті қабілет қажет. Және де алдына нақты мақсат қойып ешқандай қиындықтан қаймықпау керек. Сонда, барлық алға қойған мақсатқа жетуге болады…

Мәселен, үшінші балама аяғым ауыр кезде заңгерлік мамандығын меңгергеннің арқасында, қосымша заңгерлік қызмет атқардым. Ал, жуырда босанардың алдында, айтып кеткендей,  медиатрдың дипломын алып шықтым.

Сондықтан, көпбалалы аналарды қосымша білім алып немесе қайта оқу оқып, кәсіп ашуға шақырамын. Өйткені, баланы өмірге әкелген соң, біз оларға жауаптымыз. Балаларымызды бақытты етіп өсіру біздің басты міндетіміз. Ата-аналар осыны терең түсініп, бақытты отбасы құруға өздері де барынша ат салысып талпынуы тиіс деп ойлаймын.

Мен, мысалы балаларым қырқынан шыққан соң жұмысыма қайта кірісемін, емізулі баламды кем дегенде алты айға толғанша өзіммен бірге алып жүремін. Өз кәсібім болғандықтан жұмысымда балаға арнап барлық керекті жағдай жасаймын, және де  қасымда арасында көмекші қыздар болады. Кейін, қосымша тағамдар бере бастағанда, кейде үйде қалдыра алатын мүмкіндік болады. Көмектесетін қыздарым да өсіп қалды, оның үстіне ата-енемізбен бірге тұрамыз. Олардың да көмегі тиеді, апамыз бала тәрбиесіне өз үлесін қосады.

Дереккөз: Abai.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

3 + он бір =