ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаева Қостанай облысына барды

Сайлауалды науқан барысында «Ақ жол» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаева Қостанай облысына табан тіреді. Сонымен қатар үгіт шараларына Республикалық штаб мүшелері: партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев және ҚР Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев, «Ақ жол» партиясының аймақтық белсенділері қатысты.

Мәжілісменнің жұмыс сапары Алтынсарин ауданынан басталды. «Олжа-Белявка» - аудандағы ірі серіктестіктердің бірі. Мамыр айы – қостанайлық диқандар үшін қызу науқан кезі. Серіктестікте 600-ге тарта жұмыскер қызмет етеді, егістіктің жалпы ауданы 145 мың гектар, оның ішінде 111 мыңы – егіс алабы болса, 34 мыңы - жайылым. 2019 жылғы егіс алабы - 66 мың гектарды құрап отыр. Дания Еспаева механизатор, прораб, мотористермен машино-трактор шеберханасында сөйлесіп, ауыл азаматтарын мазалайтын сұрақтарын білді. Сауалдар зейнетақы жасы мен зейнетақы қоры, азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлем; тұрғын үй мәселесі мен жұмысқа орналастыру, ауылда шағын және орта бизнесті ынталандыру сынды түрлі салаларды қамтыды. Дания Еспаева өзі де ауылда туып-өскенін айтып, ауыл жағдайын жақсы түсінетінін, ол мәселелердің шешілуі маңызды екенін айтып өтті. Машино-тракторлық шеберхана бір мезетке талқылау алаңына айналғандай көрінді.

«Мұндай кездесулердің орны бөлек, - деді үміткер. – бүгінгі таңда Қазақстан халқының 43%-ы ауылдық жерде тұрады. Маған, кандидат ретінде, сіздерге ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ұстанымымды жеткізу маңызды болды. Себебі, ауылдық жердегі еңбек қаржылай лайықты бағаланып, фермерлік шаруашылықтағы жұмыскерлер қалалық кәсіпорындардан аз жалақы алмауы тиіс. Осылай ғана біз өмір сүру көрсеткішін көтеріп, жастарды сырт жаққа емес, өз ауылдарында еңбек етуге қызықтыра аламыз.

Жұмыркерлермен кездесуден соң, кездесу Селантьев орта мектебіне ауысты. Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы ҚР Президенттікке тұңғыш үміткер әйелдің сайлауалды бағдарламасымен танысты. Тұрғындар да түрлі сұрақтарын, оның ішінде инфрақұрылым жайлы мазалаған сауалдарын қойды. Дания Еспаева бағдарламасында бұл саланы да қамтығанын айттты. Тұрғындар кездесу аяқталған соң да, Дания Еспаеваны жібермей, өз пікірлерін ашық білдірді.

Сайлаушылармен кездесу «СарыарқаАвтоПром» және «Агромашхолдинг» ЖШС-нде өтті. Кәсіпорындардың мақтанарлық дүниелері баршылық. Себебі екеуі де, өз саласындағы ірі, сұранысқа ие кәсіпорындар. Дания Еспаева өнеркәсіптердің жұмысымен танысып, жұмыскерлерге өз бағдарламысы жайлы айтты. Онда бизнесті қолдаудан бөлек, басым салалар үшін салық төлемін азайту қарастырылған. Үміткер кездесуге келген қатысушылардың сұрағына жауап берді.

Кезекті үгіт күн Қостанай қаласындағы М.Горький ат. мектеп-гимназияның қабырғасында аяқталды. Мектеп ұжымы білім беру саласына байланысты мұғалім статусы және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде сауалдар қойды.

Айта кететін жайт, кездесулердің барлығы белгіленген уақыттық шамадан асып кетті: халық өз үміткеріне қызықтырған сауалдарын қойып, сайлауда сәттілік тілеп, естелікке фотоға түсті.

«Ақ жол» партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның үгіт науқаны жалғасуда.

ҚР Президенттігіне үміткер Д. М. Еспаеваның сайлау қорының қаражатынан төленді