Семейде Нұрсұлтан Назарбаев атына көше беріле ме?

Семейде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Жиында «қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атына көше беріле ме?» деген сұрақ көтерілді, деп хабарлайды altaynews.kz.

– Бұл мәселе республикалық деңгейде көтерілгенде облыс орталықтарында ғана Нұрсұлтан Назарбаев атына көше берілуі керектігі айтқан. Сондықтан Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылының атауы өзгертілді. Ал Семейдің бір көшесін Елбасының атымен атау туралы нақты ұсыныс болған емес, – деді аталмыш бөлімнің жетекшісі Маржан Бахытқызы.

Мамандар сөзінше, көше атауы жазылған бір тақта 2800 теңге тұрады. Қаладағы жеті көшенің тақтайшаларын ауыстыруға 1 миллиондай қаражат кетеді.

Маржан Бахытқызы тақтайшаларды ауыстыруға тұрғындар қалтасынан ешқандай ақша шықпайтынын айтады. Бұл іске жеке кәсіпкерлер тартылады екен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өскемен қаласының Тәуелсіздік даңғылы атауы өзгертілгені туралы қоғамды үлкен резонанс болғаны туралы жазған болатынбыз. Белгілі қоғам қайраткері Қазыбек Иса «ТӘУЕЛСІЗДІК атын жоюға тапсырма берген ӘКІМДЕР ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ қалай отырады?!.» атты мақаласында Тәуелсіздік атауын өзгертуді ұсынған әкім мен мәслихат депутаттарын қатты сынға алған болатын.