Константин Сыроежкин мемлекеттік опасыздық жасағаны үшін тұтқындалды

Белгілі қазақстандық Қытайды зерттеуші ғалым Константин Сыроежкин ұсталды, - деп хабарлайды sputniknews.kz.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері Сыроежкин мемлекеттік опасыздық туралы қылмыстық іс бойынша тұтқындалды.

Мамыр айының басында БАҚ-та қазақстандық арнайы қызметтер Сыроежкинді, алдын ала болжам бойынша, тыңшылық жасады деген айыппен ұстағаны туралы ақпарат жарияланды.

Кейінірек Қазақстанның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығының өкілдері ашық хат жазып, бұл ақпарға алаңдаушылық білдірді. Олар биліктен құқық қорғау органдарына Сыроежкинге қатысты жағдайды түсіндіруге тапсырма беруді және егер бұл ақпарат расталса, тергеу барысын жеке бақылауға алуды сұрады.

"2019 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасының ҰҚК 1956 жылы туған азамат Сыроежкин Константин Львовичке қатысты Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі "Мемлекеттік опасыздық" бойынша қылмыстық іс қозғады", - деп жазылған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің РИА Новостидің сауалына берген жауабында.

Ведомство қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

Қазақстан президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сайтында 62 жастағы Сыроежкин 2006 жылдың басынан бері ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері екені хабарланған.

Сыроежкин – көптеген кітаптың, сондай-ақ орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі мыңнан аса мақаланың авторы.