Екі жасар қыз балабақшаның екінші қабатынан құлап кеткен

Талдықорғандағы балабақшалардың бірінде 2 жасар қыз екінші қабаттан құлап кеткен. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

15 мамырда облыстық ауруханаға түрлі жарақат алған 2 жасар қыз жеткізілген. Ол «Қарлығаш» балаларға арналған шағын орталықтың тәрбиелеушісі екен.

Екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен бүлдіршін ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта ол жансақтау бөлімінде жатыр.

«Екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен қыз жеткізілді. Жағдайының ауырлығына байланысты балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқыздық. Алдын ала болжам бойынша, баланың миы зақымдалған, демалуға қиналды. Сондықтан өкпені жасанды тыныстандыратын аппарат қостық. Баланы нейрохирург тексерді. Денесінде қанды ісік жоқ. Аяқ-қолы сау», - дейді облыстық балалар ауруханасының директоры Марат Досқалиев.

Сонымен қатар ол қыздың жағдайы тұрақты ауыр екенін айтты.

«Қызды аман алып қалу үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз», - дейді аурухана директоры.

Полициядағылар облыстық департаменттің басшылығы қылмыстық істің тергелуін айрықша бақылауға алғанын жеткізді.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 141-бабына (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.