АЛМАТЫДА ШӘКЕН АЙМАНОВҚА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Алматы қаласының орталығында қазақ өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан әйгілі актер көптеген танымал фильмдердің режиссері Шәкен Аймановқа ескерткіш орнатылды. Қола мүсін «Алматы» қонақүйінің тура алдына қойылды.

Бұл ізгі идеяның авторлары Шәкен Аймановтың атақты «Тақиялы періште» туындысы дәл осы жерде түсірілгенін ескеріп, ескерткішті қонақүй алдына қоюды орынды деп шешіпті. Биіктігі бір метр болатын мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Танымал тұлға мүсінін жасап шығуға бір жыл уақыт кеткен екен. Ол қазақ өнерінің шоқтығы биік өнер шеберін әбден зерттеп, ескерткіш арқылы Аймановтың мінез-құлқын барынша көрсетуге тырысқан.

«Қаламызда ел тарихынан сыр шертетін 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апатпен күресте қаза болғандарға, көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шөкинге ескерткіш ашылып, еліміздің көркеюіне еңбегі сіңген 60-тан астам тұлғаның тұрған үйіне мемориал тақта қойылды. Ал алдағы уақытта Төлеген мен Қыз Жібекке, Шәмші Қалдаяқовқа және Балуан Шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған. Бүгін ашылып отырған Шәкен Айманов ескерткіші де – халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген үлкен құрмет», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде жиналған жұртшылық алдында.

Көрнекті шараға Шәкен Аймановтың көзін көріп, бірге қызмет еткен өнер адамдары да келіп естеліктер айтты. Олар дарынды тұлғаға көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мүсіннің мінсіз екеніне куә болып жоғары бағаларын беріп, ризашылықтарын білдірді. Көзі көрген замандастары мүсінші Шәкен Аймановтың келбеті мен мінезін айна-қатесіз жеткізгенін ерекше атап өтті. «Бүгін – тарихи күн. Ұлы адамға өзінің талай жүрген, талай кино түсірген жеріне ескерткіш орнатып жатырмыз. Бұл енді халықтың үлкендерге деген сыйы, жақсы бастама. Шәкең сияқты ұлы азаматтарға Алматы мен Астанадан ескерткіш қою – міндетіміз», – деді атақты актер Асанәлі Әшімов ішкі толғанысын ашық білдіріп.

Ия, қазақ киносын биік деңгейге көтеріп, көптеген кейіпкерлерді шеберлікпен сомдаған Шәкендей ұлы тұлғаға Қазақстанның барлық қалаларында ескерткіш орнатсақ та артықшылық етпейді. Ең бастысы, Шәкен Айманов өнерінен сабақ алған ізбасарларының қатары көбейе берсе деген тілегімізді білдіргіміз келеді.