ІЛИЯСТЫҢ ІҢКӘР ӘЛЕМІ

Биылғы жылдың мамыражай мамырында Үш бәйтеректің бірі Ілияс Жансігүровтің дүниеге келгеніне 125 жыл толады. Алматы облысының Ақсу ауданында туған ол осыдан 107 жыл бұрын өлең өлкесіне атын байлады. Ақынның жүрекжарды жырлары ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, бүгінгі күні де санамызда сайрап тұр. Осынау атаулы күн аясында Ілиястың іңкәр әлеміне бір сәт бойлағанды құп көрдік.

Ілияс Жансігүров шығармаларының басым бөлігі қазақ халқының ауыз әдебиетіне, орыс және дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілеріне, Абай поэзиясына арналған ақын туындыларының әрбірінің шоқтығы биік екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. 1917 жылы Семей қалаасында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде «Сарыарқаға», «Тілек» сынды өлеңдері алғаш рет жарық көре бастады. Сонымен қатар, 1923 жылы «Мерген Бөкен» атты әңгімесі қалың оқырманға жол тартты.

Ташкент қаласындағы мұғалімдік курсты бітірген ол туған ауылына ат басын бұрып, онда ұстаздық қызмет атқарады. Одан кейін «Тілші» газетінде еңбек етеді.Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушісі қызметін атқарған ол ағартушылық жолда да біраз уақыт еселі еңбек етеді.

Үздіксіз білімін жетілдіруді көздеген Ілияс кейін Мәскеудегі Коммунистік Журналистика мектебінде арнайы білім алады. Журналистік қабілетін шыңдаған ол «Еңбекші қазақ» газетінде жүйелі жұмыс істеп, ел ішіндегі көптеген мәселелердің оңды шешімін табуына ұйытқы болады.

1932-1934 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комитетінің төрағасы қызметін атқарып, қазақ әдебиетінің дамуы жолында ілкімді істер атқарады. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болып, біраз істер атқарады.

Ел басындағы сонау зұлмат заманда саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Ілиястың әрбір туындысы халық жүрегінде. Оның қаламынан туған «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» сынды поэмалары қазақ поэзиясына қосылған сүбелі туындылар.

Өзінің саналы ғұмырында сан қырлылығымен ерекшеленген Ілиясыні аудармашылығы да бір төбе. Орыстың айтулы ақындарын қазақша сөйлете білгендігі де айрықша өнер иесі екендігін айғақтап тұрғандай. Атап айтқанда, Пушкин, Лермонтов, Горький, Некрасов, Маяковскийлердің төл туындыларын қазақ тіліне аударып екі ел арасындағы әдебиеттің алтын көпіріне айналды десек артық айтқандық емес.

Ілияс атқарған ілкімді істердің бір парасын атап өттік деп ойлаймыз. ЕНдігі жерде оның жүрекжарды жырларына да үңіліп көрсек дейміз. Поэзия әлемінде ол сан түрлі тақырыпқа қалам тербеген оның өзінің туған жерін

жырына арқау етуі де заңдылық еді. «Ағынды менің Ақсуым» өлеңінде: Ағынды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын,

Қарасаң қайран қаласың,

Жалғыз жазғы бір кеште,

Жағаладым жағасын, – дей келе табиғаттың ғажайып сәттерін құдды бір көзбен көргендей әсерге бөлейді.Сондай-ақ, керемет суреттеудің нәтижесінде жайма шуақ жаз айындағы ақырап аққан Ақсудың жағасында жүргендей сезінесің. Бұл өз кезегінде ақынның туған жерге деген тағзымы істептті.

Сонымен қатар, «Күй», «Күйші» атты туындыларымен оқырманға ой салған ақынның қазақтың қара домбырасын жырға қосуы да тамаша бір үндестік екендігі байқалады. Қадыр Мырзалиев «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домыбра» деп жырға қосса оған дейін Ілияс ақын домбырамен сырласа отырып, оның күмбірлеген үнін табиғатпен әдемі жымдастырады.

Тарт күйіңді, домбыра!

Төгіл, төгіл тәтті күй,

Тау суындай сылдыра,

Желпін, желпін жел соқтыр!

Тауда тұман тұрмасын,

Көкте бұлт ыдыра!

Тыңдамаған қоймасын,

Ойды-қырды қыдыра,

Құлшына тарт домбыра!, – дей келе, домбыраға бұйрық та беріп қояды. Жырды оқып отырып, Іляс ақынның айқанын бұлжытпай орындайтын, күй төккенде құлақ құрышыңды қандыратын қазақтың қара домбырасы көз алдыңа еріксіз елестейді.

Ілияс Жансігүров шығармашылығының атап айтарлық ерекшелігі – өзі тілдескен кейіпкерлерінің бәрімен шынайы сырласа алатындығында.

Г. БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Qazaquni.kz