Қойшығара Салғараұлы: Біз - тарихымызды жоғалтқан жұртпыз

– Сіз Елбасының тапсырмасымен екі жылға жуық Қытайда болып, Қазақ тарихына қатысты мол мәлімет әкелдіңіз. Шығыстанушысы бар, тарихшысы бар, ңазақтың бүкіл ғалымы арман еткен осы бір мәртебелі миссияны орындау сіздің еншіңізге тиді. Бірақ сіз қытай тілін меңгермеген қаламгерсіз. Оның үстіне Шың еліне тілді тез игеретін жастан асып кеткен кезде бардыңыз. Осының бәрі құжаттарды іздеп табуыңызға, сұрыптап-саралауыңызға кедергі келтірген жоқ па?

– Бұл сапар тікелей Елбасымыздың идеясымен жүзеге асқандықтан менің алаңсыз жұмыс істеуіме барлық жағдай жасалды. Барсам, тұрғын үй, көлік, жеке аудармашы дайындалып қойыпты. Үш аудармашының ішінен біреуін таңдап алдық. Аты-жөні – Мұқият Қадыров. Бұл бір керемет білікті маман екен. Біздің Олжас секілді танымы терең, мүмкіндіктері мол жігіт. Шынымды айтайын, деректерді іздеу барысында мен ешқандай қиындық көрген жоқпын. Біріншіден, бұл сапарға үлкен дайындықпен бардым. Алдын ала орыс синологтарының бүкіл еңбектерімен танысып, көп нәрсені пайымдап, белгілі бір ұстанымға табан тіреп келдім. Олардың әрқайсысын салыстырып, өзіндік ой түйдім. Бұл сапарда мен үш бағытта жұмыс жүргіздім. Біріншіден, бұрынғы аударылған материалдарды қайта қарадым, қазақша сөйлеттім. Екіншіден, қытай ғалымдарының көшпелілер жөніндегі айтқан пікірлері мен жазған мақалаларын жинастырдым. Үшіншіден, бұрын ғылыми айналымға түспеген, бізге беймәлім деректерді іздеп табуды мақсат еттім. Қытай Халық Республикасындағы сол кездегі елшіміз Қуаныш Сұлтановтың көп көмегі тиді. Ол кісі істің мәнісін өте жақсы біледі. «Қойшеке, мұнда тарихшымын деп келмеңіз. Қытай – жоқтан өзгені құпия қылатын халық. Өзіңіздің жазушы қалпыңызбен жүре беріңіз. Мен архивтердің тұтқасын ұстап отырған қытай азаматтарын шақырып, қонақасы беріп, сізді таныстырайын. Әрі қарай жұмысты өзіңіз жүргізе берерсіз», –деді. Мен жиналғандарға қазақ пен қытай халықтарының ежелгі көршілік және достық қарым-қатынастарының терең тамырларына зерттеу жүргізіп, тарихи романдар циклін жазғым келетінін айттым. Осы шаруаға көмек көрсетулерін сұрадым. Бұған ешқайсысы да қарсы болған жоқ. Қуаныш екеуміз архивті араладық. Қай жерде қандай дерек көздері жатқанын көрдік. Содан соң мен түпнұсқалық материалдардың көшірмесін еркін алып тұрдым. Аудармашым қытай тілінде жорғадай жосылтады. Біздің Олжас орыс тілін орыстан кем білмейді ғой. Бұл жігіт те қытай тіліне қытайдан кем соқпайды. Соның арқасында мен еш қиналғаным жоқ. Оншақты кітаптың материалын алып келдім. Екеуі «Таным тармақтары» деп аталады. Соның сегізі жарық көрді. Бұл қытай ғалымдарының көшпелілер жөніндегі ғылыми-зерттеу мақалалары және бұрын айналымға түспеген «Жүз отыз алты құжат» деген жаңа деректер жинағы.

– Сіздің сол алып келген материалдарыңыз қазақ қоғамындағы тарихи танымды қаншалықты өзгертті деп ойлайсыз? Тарихшылар жаппай бас қоятындай қызығушылын оятты ма?

– Мен Бичуриннің аудармасында жоқ материалдарды әкелдім. Мен оны ғұлама Бичурин көрмеді, білмеді деп ойламаймын. Кешегі жүйеде тарихымызға қатысты біздің бұрын да іргелі ел болғанымызды көрсететін маңызды деректерді жариялаудың тиімсіздігіне байланысты әдейі ойып алынып тасталған шығар деп топшылаймын. Жалпы, Бичурин мұны бір аса ыждаһаттылықпен аударған. Бүкіл қытай жылнамасындағы көшпелілерге қатысты деректердің ешқайсысын қағыс қалдырмауға тырысқан. Себебі, оның өзі көшпелілердің ұрпағы болып келеді. Өзім тіл білмегендіктен, қытай тіліндегі құжаттың да ксерокөшірмесін қоса алып отырдым. Оны кітапқа жарияладық. Қытай тілін білетін азаматтар енді архивке бармай-ақ, кітаптағы көшірмені қарап, аудармамен салыстырып оқуына болады. Бұл әсіресе, кісі есімдерін, жер-су атауларының дұрыстығын анықтауға көп септігін тигізеді. Мен әкелген деректер ұлттық танымымызды кеңейтетініне, дәстүрлі түсініктерді өзгертетініне, тарихшы мамандардың қызығушылығын оятатынына ешкімнің де дауы болмауға тиіс.

– Егер тіл білсем, мұнан да көп мәлімет әкелер едім ғой деп өкінген жоқсыз ба?

– Әрине, қытай тілі – күрделі тіл, сондықтан оның бояуы көп, қатпары қалың. Мен оны игеруім де мүмкін емес. Қалай дегенде де сауатты аудармашының оқығаны бір басқа да, менің түсінігім бір басқа ғой. Аудармашы деректің мазмұнын ғана баяндайды. Ал мен талдап-таразылаймын, салмақтап-саралаймын. Тіл білмегендіктен сөздің бояуын, астарын, мағыналық реңкін тап баса алмаған жерлерім болуы ғажап емес. Мен бұл жолы тек деректерді тауып қана қойғаным жоқ, сол деректерді зерттеген ғалымдармен кездесіп, пікір алыстым. Аудармашы арқылы, әрине. Сондықтан неге өкінем, барға қанағат ету керек. Жалпы, осы сапарымнан кейін бұрынғы кітаптарымдағы кейбір концептуальды ойларым өзгерді.

– Атап айтқанда, концептуальды ойларыңыз қай тұрғыдан өзгерді?

– Мысалы, бүкіл әлем тарихшылары біздің эрамыздан бұрынғы жиырма бірінші ғасырдан бастап біздің дәуіріміздің бесінші ғасырына дейін ежелгі қытайдың теріскейі мен теріскей батысын мекендеп келген байырғы көшпелілердің бәрін бір халық, яғни сиуңнудің арғы аталары деп біледі. Шындығында олардың бәрі түркі тілдес халықтар болғанымен, өз алдына бөлек-бөлек халықтар екен. Сиуңну халқы, жалпы, Қытайға біздің эрамызға дейінгі төртінші ғасырдың аяғы мен үшінші ғасырдың басында барған. Бұл бірде-бір ғалымның еңбегінде айтылмаған. Мен түпнұсқа дереккөздерін салыстыра қарау барысында және қытайдың маман ғалымдарымен пікір алмасу арқылы осыған көз жеткіздім. Бұл деректі Рашид Ад-диннің еңбегі де растайды. Бұрын оны мен аңғарған жоқ едім. Біріншіден, барлық зерттеушілер ғұн халқын Қытайдың ежелгі көршісі деп қана біледі. Ал жаңа деректер ғұнның батыстан шығысқа ауып барған халық екенін айғақтайды. Екіншіден, дүние жүзінің тарихшылары сиуңнуларды түріктер дейді, дұңхуларды моңғол дейді. Бұл да қате. Сиуңну дегеніміз – моңғолдар, дұңху дегеніміз – татарлар. Біздің тарихшылар көбіне татар дегенді ұмытып кетеді. Кешегі түрік қағанаты құлағаннан кейін шығыстағы бүкіл биліктің бәрі сол татарлардың қолында болды. Міне, қалыптасқан қағидалар шеңберінен шығып, түпнұсқа дереккөздері беретін мағлұматтарды көшпелі өмір салты тудырған заңдылықтарға сай пайымдап жасалған осындай жаңа тұжырымдар, шүкір, баршылық.

– Қытайға барып, архив қарап, дерек алып келуге сіздің таңдалғаныңыз неліктен? Бесіктен белі шықпай жатып, тарих ғылымына дендеп кірген, оның үстіне тіл білетін ғалымдар баршылық емес пе?

– Мен Қытайға баруды мүлде ойлаған адам емеспін. 1997 жыл еді. Астананы Ақмолаға көшіруге әзірлік қызу жүріп жатқан кез. Бір күні Елбасы шақырып жатыр деген хабар жетті. Бардым. Мен ол кезде Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысы едім. «Қазір немен айналысып жатырсыз?», – деп сұрады Елбасы. Шығармашылық жоспарларым жөнінде айттым. «Оның бәрі дұрыс қой, – деді ол кісі. – Бір маңызды шаруаны іске асыру керек болып тұр. Қытайдың архивтеріндегі қазақ халқына қатысты деректерді алып келуге сізді жібергелі отырмын. Әрине, тарихшы академиктер де, профессорлар да бар. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бері көне тарихты жүйелі түрде қарастырып жүрген зерттеуші ретінде сізге тоқтап отырмын». Сөйтіп, Қытайға жол тарттым.

Барған соң бір апта қытай тіліне машықтандым. Әліппесімен таныстым. Бір иреоглифтің бірнеше мағынасы бар екен. Оның ақамын дұрыс келтірмесең, ешкім ештеңе ұқпайды. Уақыттан ұтамын деп жанталасып, күнделікті қарым-қатынасқа қажетті екі-үш жүздей сөзді жаттап та алдым. Сол үйренген сөздік қорыммен жергілікті қытайлардың біріне тіл қатып көріп едім, бетіме бажырайып бір қарады да жөніне кетті. Түк түсінбеді-ау деймін. Қытайдың бір мақалын жаттап алғанмын. «Тянь хуаң ди лау» деген. Тура мағынасы – «Аспан қуаң болса, жер қартаяды». Яғни, тозады. «Тянь» деген – аспан, ал хуаң – қуаң. Дыбысталуы да, мағынасы да біздің «қуаң» сөзімен бірдей. Ди – жер, лау – кәрі. Соны айтып, қытайша мақал да білемін дегенді аңғартып едім, жаңағы қытайымның миына кіріп-шықпады. Содан соң мен бұл тірлігімнің бос әурешілік екенін аңғардым да бірыңғай аудармашының көмегіне сүйендім. Елшінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі болып, мәдениет мәселелері жөніндегі қабылдауларға қатысып жүрдім. Қытайлар неге болсын, сақтықпен қарайды. Жалпы, құпиясы мол ел ғой. Қытайдың мұрағаттары – өз алдына бір ғажайып әлем. Тура ертегідегідей, бір сандықтың ішінде бір сандық, ақ сандықтың ішінде көк сандық. Түймені

басып қалсаң, алдыңнан дәліз айқара ашылады. Дәліздің екі жағында картотека тізіліп тұр. Ашып қалсаңыз, түпнұсқа бір бөлек, аудармасы бір бөлек, көшірмесі бір бөлек, бәрі бір конвертке жинақталған. Байырғы байлауы шешілмеген қағаздардың өзі жеткілікті. Тіпті, қазақ хандығына арналған бөлім де бар. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуім қазақ тарихы жөніндегі жазған кітаптарымның ел ішінде кең таралғанының арқасы деп білемін.

– Осы жолға келуіңізге не нәрсе әсер етті? Заман ба, адам ба, әлде қоғам ба?

– Менің азамат ретінде қалыптасуыма өзім ұзақ жыл қызмет істеген «Егемен Қазақстан» газетінің ықпалы мол болды. Редакцияға елден хат көп келетін. Ол тұста келген хат тексерілетін. Арнайы сапарға шығатынбыз. Ауылға барып, арыз иесін іздейміз. Басшылар құрақ ұшып қарсы алады. «Ауылдарыңызда пәлен деген кісі бар ма?». – «Бар болғанда қандай? Атақты арызқой. Міне, құжаттарымен танысып көріңіз». Бірінші бетте дәрігердің берген анықтамасы тұрады. Газеттің құдіреті мықты. Шағым айтқан адам жынды ма, сотанақ па, мүсәпір ме, тіпті түрмеде ме, бәрібір оның өзімен жүздесіп, арызын тексеру керек. Сондықтан, онымен кездестіруді сұрайсың. Әңгімелесе қалсаң, өзіңнен ақылды болып шығады. Айтып отырғаны қара басының қамы емес, елдің мұңы. Ауыл ағасын, аудан басшысын шөп түсіріп бермеді, соғым жеткізбеді деп кінәлап отырған жоқ. Ұрпақтың, елдің, жердің мәселесін қозғайды. Сосын ауданның идеология жөніндегі хатшысына кірем. Ол мені қонаққа шақырады. «Ау, ағайын-ау, бұл қалай?», – деймін. «Негізі дұрыс адам, бірақ істеп жүргені дұрыс емес. Бүйтуге болмайды ғой», – дейді. Содан мен ойға берілем. Бұрын «Партияның моральдық кодексінде мін жоқ. Оны орындаған адам аяғын қия баспайды. Жүйе өте дұрыс. Бәрін бүлдіретін жекелеген адамдар» деп ойлайтынмын. Кейін ауданға, облысқа, Орталык Комитетке келгеннен кейін жекелеген кісілердің ештеңе шешпейтінін барлық түйткіл жүйеде екенін түсіндім. Не істеу керек? Қатты қиналдым. Жүйеге қарсы тұрсаң, сен де жындыханадан бір-ақ шығасың. Сол тұстағы идеологиялық өктемдікке жан-тәнімен қарсы ағаларым болды. Солардың қолында алаш арыстарының еңбектері бар екен. Мен сол еңбектермен таныса бастадым. Алаш зиялыларының кешегі XX ғасырдың басында патшалық монархия құлап, ел тәуелсіздік алуға мүмкіндік туған кезде бәрінің бірдей қайда қызмет істейтініне, мамандығына қарамастан жаппай халықтың ұлттық санасын көтерумен, тарихпен айнапысқанына таң қалдым. Қараңғылықпен күрес, ағартушылық сана деген ұғымдарға мән бере бастадым. Шынында да, Абайдың күресі Махамбеттің күресінен бөлек қой. Онда жыраулардың екпіні де жоқ. Абай надандықпен, қараңғылықпен, білімсіздікпен күреседі. Тағдырыңның тізгіні біреудің қолында отырғанда оны жеңу үшін саған тек қана білім қажет. Көзің ашылуы керек, санаң оянғаны жөн, сонда ғана сен ұлттық мүддеге біріге бастайсың. Ол үшін ағарту жұмысымен айналысу керек. Міне, мен тарихқа осылай келдім. Әуелі өзім тегімді таниын, төл тарихымды білейін дедім. Сексенінші жылдардың

басында Владимир Чивилихиннің «Память» деген роман-эссесі шықты. Журналда жарияланған нұсқасына Ресейдің мемлекеттік сыйлығы, кітап болып басылғаннан кейін одақтың мемлекеттік сыйлығы берілді. Тарихқа ден қойып жүрген соң оқып шықтым. Орыс халқының ұлы халық екенін дәріптеуге арналған дүние көрінеді. Бірақ дереккөздері жадағай. Бірді-екілі ғалымға ғана сүйенеді. Осыдан соң «Мен неге жазбаймын?» деген ой келді. Мен халқымның тарихын әлдеқайда тереңірек біліп тұрмын ғой. Оның үстіне тірек ететін дереккөздерім де көп. Содан тірнектеп материал жинауға кірістім. Кешке жұмыстан шыққан соң не ұлттық кітапханаға, не ғылыми кітапханаға барамын. Кітапхана жабылғанша табан аудармай отырамын. Осылай екі-үш жыл өтті. Көп мақала жазғаным жоқ. Найманның тарихы жөніндегі бір мақалам үшін Орталық Комитеттің пленумында сыналдым. Осыдан басқа кеңестік жүйеден көрген зәбірім жоқ. Қайта көресіні өзіміздің қазақтардан көрдім. Бірақ оларды солай істетіп отырған да бәрібір сол кеңестік идеологияның тегеуріні ғой.

– Олар сізге қандай зәбір көрсетті?

– «Алтын тамыр» деген кітабым өзімнің ішкі сүзгімнен де, редакторлардың сүзгісінен де өтіп, отыз мың данамен баспадан шығатын болды. Оқырманға енді жол тартқалы тұрған кітап біреулердің Орталық Комитетке жазған арызы бойынша Академияның ғылыми-зерттеу институтына жабық рецензияға жіберіліп, одан «Кеңес үкіметі орнағалы мұндай зиянды еңбек шығып көрген жоқ», – деген баға алды. Мені пантүркист деп кінәлаған. Қазақша кітапқа орысша пікір жазылыпты. Пікір жазған қазақтың белгілі тарихшы ғалымдарының бірі. Қазір ол да тәуелсіздіктің арын арлап, жырын жырлап жүр. Осыдан бастап мен біраз қиындық көрдім. Орталық Комитет арнайы комиссия құрып, ғылыми еңбекті талқыға салды. Абырой болғанда, комиссия кітапты шығаруға рұқсат берді.

– Енді қазір біршама уақыт өтті. «Алтын тамырдан» кейін де бірнеше кітап жаздыңыз. Өзіңізге қарсы болған ғалымдардың атын атап, аймаңдай қылмауыңызға не себеп?

– Ол рецензия менің қолымда. Сексенінші жылдардың ортасында белгілі адамдардың жағымсыз жақтарын жаппай жазып, мақала жариялау басталды ғой. Сол тұста маған «Білім және еңбектің» жігіттері келді. «Қойшеке, рецензияны бізге беріңіз, жариялайық», – деді. «Менің мақсатым – елді біріктіру, ал мынау жік салатын нәрсе», – дедім оларға. Біздің халық бұған дайын емес. Бұрын жаман аты шығып көрмеген белгілі ғалым. Қаншама шәкірттері бар. Ыңғайсыз болар. Жұрт алдында жақсы атымен жүре берсін. Ұятына жүктедім. Кейін біреу-міреу архивтен тауып алып жатса, оны көрерміз.

– Кандидаттық диссертацияңыз әдебиеттен қорғалған. Ақыры ілгеріден тарихшы болуға бел буған екенсіз, неге тарихтан қорғамадыңыз?

– Мен тарихшы боламын деп ойлағаным жоқ. Мұндай мақсатым да болған жоқ. Мен тарихтың насихатшысы болғым келді. Тарихтың қалтарыс-бұлтарыстарын түсіндіргім келді. Түпнұсқаны қарау арқылы тарихи деректердің дұрыс-бұрыстығын анықтауды жөн көрдім. Ұзақ уақыт бойы біздің түпнұсқамен жұмыс істеуімізге мүмкіндік болмады ғой. Кешегі күнге дейін «Аристов былай деген, Бартольд былай деген, Гумилев былай деген, Бичурин былай деген», – деп дәйексөз алумен шектеліп келдік. Олар не айтса да, соны құптап отырдық. Ал ол тарихшылардың қай мақсатпен зерттеу жүргізгені өздеріне мәлім. Ақиқаты қайсы, бұрмаланғаны қайсы, оған мән бергеніміз жоқ. Өзіміздің тарихымызға солардың көзқарасы арқылы баға бердік. Өз халқымыз жайындағы таным-түсінігімізді солардың таным-түсінігі арқылы дамыттық. Менің білуімше, үш шындық бар. Біріншісі, сол ұлттың өкілінің өзінің түйсігі арқылы айқындалатын шындық. Түпнұсқаны оқып отырғанда саған түйсігіңіз біраз нәрсені аңғартып отырады. Қалай болғанда да ата-бабаң осыған келер жолдан өтті ғой. Екіншісі, түпнұсқа деректің өзі мәлім етер тарихи шындық. Үшіншісі, оқиғаның өзінің дамуынан туатын шындық. Кейде бұл оқиғаның бұлай өрістеуі мүмкін емес деп топшылайтын кезің болады ғой. Мен мысалы, «Көмбе» деген кітабымда қыпшақтарды беске бөлдім. Көк қыпшақ, қара қыпшақ, құба қыпшақ, қызыл қыпшақ, сары қыпшақ. Қара қыпшақ пен құба қыпшақты тілге тиек еткен Ресей ғалымдары бар. Қалғандары жөнінде әңгіме болмады. Ал енді Қытайға барып, дерек карағанымда бәрі алдымнан сайрап шыға келді. Бесеуі де бар. Болжамымның дұрыстығына, түйсігімнің алдамағанына көз жеткіздім. Тек «көк» деген сөз «ұлы» деген сөзбен алмасқан. Шығыс жақты ұлы дейміз ғой. Бәрібір мағынасы алыстамайды.

– Қытайға барып келген соң жариялаған еңбектеріңізге қарағанда ол жаққа сапар шекпей тұрғанда жарық көрген «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» сияқты кітаптарыңыз көбірек оқылған секілді көрінеді. Кейінгілерге оқырман онша беттеңкіремей жатыр. Неге?

– Дұрыс айтасың. Біріншіден, алдыңғылары тарихи тақырыпқа арналғанымен әдеби тұрғыда жазылған. Оқуға жеңіл, жұртқа түсінікті. Екіншіден, біреуі отыз мың, екіншісі елу мың данамен шықты. Тиражы да, оқырманы да көп болды. Кейінгі кітаптарым мың данамен, мықтағанда екі мың данамен жарық көріп жатыр. Бір ғажабы, не жақсы деп, не жаман деп, бір адам пікір айтқан емес. Менің жақын деген достарым да әлі қарап үлгермеген сияқты. Оқымағандықтары әңгімелесіп отырғанда сөздерінен білініп тұрады. Маған кейбіреулер ғылыми тілмен жазбайсың дегенді айтады. Оқылмайтын ғылыми дүниеден гөрі оқылатын, елге пайда тигізетін шығарма жазғанды қолай көремін. Елдің қарапайым әрі құнарлы әңгімелеу тәсілін қолданамын. Кез келген терминдердің қазақы баламасын іздеймін. Егер баламасын таба алмасам, түсініктеме беремін. Алғашқы кітаптарым оқырманға өте ұғымды тілмен, одан соңғылары жартылай ғылыми тілмен, кейінгі кітаптарым таза ғылыми тілмен жазылды. Оқырманды бірте-бірте дайындау мақсатын ұстандым.

– Сіз қыруар еңбек тындырдыңыз. Еңбектеріңіздің бәрі де қазақ тарихы тақырыбына арналған. Бірақ осы кітаптарыңыз тарихшы ғалымдар тарапынан қалай қабылданды? Ғылыми еңбек ретінде екшеп, докторлық қорғауға талпынып көрген жоқсыз ба?

– Тарихшылардың кейбірі бізді дилетант ретінде санайтын сияқты. Өздері білсін. Мен тарих үшін аз еңбек жасағаным жоқ. Жалпы, ел тәуелсіздік алғаннан кейін жұрт жаппай тарихты зерттеуге ден қойды. Тарихты зерттеуге кіріскендерді бірнеше топқа бөлуге болады. Біреулері баяғы ескі көзқараспен, көне түсінікпен қиялап тартып келеді. Екіншілері тарихтың көрпесін өзіне қарай тартады. Тарихи танымынан гөрі жершілдік сезімі атойлап тұрады. Үшіншілері шетел зерттеушілерінің ой-пікірлерін дұғадай көреді. Төртіншілері архив деректеріне сүйеніп, ой-тұжырым жасайды. Өз басым соңғы топты құрметтеймін. Бірақ сол еңбекпен табылған деректер кітаптарға, оқулықтарға енбей жатыр. Жазылған күйінде қалады. Тарих оқулықтарын білікті ғалымдар мен мамандарға рецензияға беру тәжірибесі де орнықпай тұр. Тың деректерге, жаңа тұжырымдарға да елең етіп, үн қосып жатқан ешкім жоқ. Тарихтың терминдері бір ізге түсер емес. Мәселен, біздің эрамызға дейінгі, біздің дәуірімізге дейінгі, біздің заманымызға дейінгі, қазіргі жыл санауымызға дейінгі... Өстіп бір ғана ұғымды әртүрлі қолданамыз «Көшпелілер» мен «көшпенділер» әлі күнге дейін жарысып келеді.

Біз тарихы бай елміз. Бірақ сол бай тарихты игере алмай отырған елміз. Тарихымызды жоғалтқан жұртпыз. Сол жоқты бір адам іздеген дұрыс па, әлде көп адам іздеген дұрыс па? Мен жасым келіп қалды, қартайғанда доктор болмай-ақ қояйын деп ойлағанмын. Бірақ жанашыр кісілер қолқалап қоймады. Сосын докторлық диссертациямды жазып бітірдім. Қорғауға ұсынар алдында екі ұдай пікір болды. Бір тобы тарихшылардың арасына келденең біреу кіріп кеткендей кейіп байқатты. Екіншілері тілекші болды. Кафедрадағы талқылаудан сәтті өттім. Бірақ әрі қарай жылжу барысында қиындықтар туындады. Қазақстанда менің еңбегімді саралауға тиіс ресми оппонент табылмайтын түрі бар екен. Оларды шетелден шақырып, арамтер болғым келмеді. Құжаттарымды жинап алып, кетіп қалдым.

– Өзіңізді кәсіби тарихшымын деп есептейсіз бе? Әлде тарихты тереңдеп көркем тілмен жазатын жазушымын деп санайсыз ба? Қайсысына көңіліңіз көбірек құлайды?

– Маған тарихшы мәртебесін иеленуден гөрі оқырманның ықыласына бөленген артығырақ. Сол кәсіби тарихшы оқыған пәнді мен де оқыдым. Соларға дәріс берген ұстаздар маған да дәріс берді. Өз бетімше ізденіп оқығаным да аз емес сияқты. Оның үстіне олардың кейбірінің аяғы жетпеген жерге мен бардым. Аспанға қарап жазғаным жоқ. Ылғи «болды» деген етістікпен аяқталатын, қатып қалған мәтінмен жазғандар ғана кәсіби тарихшы болып, көркем, жұрт қызығып оқитын, салыстырма теңеумен бедерлейтін, ел есінде қалатын сөз жазған адам әуесқой саналса, онда мен әуесқойға жатамын.

Ал қазақтың түп тарихын шама келгенше тереңдей қазып, бұрын айналымға түспеген дерек ұсынып, тарихи шындыққа апарар тыңнан жол салған адам кәсіпқой делінсе, онда мен сол топқа тиесілімін. Тарихшылықты «доктор» деген жазуы бар қатырма қағаз емес, атқарылған еңбек, ашылған жаңалықтар тізбегі анықтаса керек. Кімнің не тындырғаны жұртқа аян.

Сұхбаттасқан: Бауыржан Омарұлы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.