Көкшетаулық студенттер Бірлік күнін атап өтті

1 Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік концерт өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бүгінде көпұлтты халықты достық құшағына сыйғызған Қазақстан Республикасы – тұрақтылық пен татулықтың мекеніне айналып отыр.

«Ырыс алды – ынтымақ» - дейді дана халықымыз. Елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті, бақытты өмір сүруі осының дәлелі.

Егемен елімізде тұрып жатқан әрбір ұлттың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, олардың тілінің одан әрі жетілуіне ерекше қамқорлық жасалып келеді.

Әлем кеңістігінде татулық пен достықтың киелі мекеніне айналған Қазақ елі - ұлтаралық татулықтың, өзара сенімділікпен өмір сүрудің нағыз шынайы үлгісін көрсетіп, әлем елдеріне танымал болып отыр.

Тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық қауымдастықтағы беделінің артуы, саяси, экономикалық – әлеуметтік дамудағы жетістіктеріміздің барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де мықты саясатының арқасы деп білеміз.

Бұл күндері отанымыздың түкпір-түкпірінде мереке қуанышымен бөліскен Қазақстан халқының ниеттері мен пейілдері бір арнада тоғысып отыр. Солардың ішінде біздің оқу ордамызды да ерекше атап өтуге болады. Атап айтар болсақ, университетімізде беларус, украйн, молдаван, татар, ингуш, корей, неміс, поляк және тағы басқа ұлт өкілдері қызмет арқаруда. Сондай-ақ, осынау ынтымағы жарасқан берекелі ұжымда бірнеше шет елдердің студент-жастары да сапалы білім алуда.

Сол аталған ұлттардың азаматтары бүгінде еліміздің дамып-өркендеуіне, саналы қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді.

Біздер үшін түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі баға жеткізгісіз құндылық, ал бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық бүкіл мемлекеттік саясатымыздың негізі болып табылады. Дүрбелеңге толы бүгінгі заманда Қазақстан басқаларға ұлтаралық татулықтың, бір-бірінің құқығын бұзбай, өзара сенімділікпен өмір сүрудің нағыз үлгісін көрсетіп отырған бақытты ел.

Елімізде нық орныққан халықтар достығының арқасында біздер барлық қиындықтарды жеңіп, тәуелсіздігімізді нығайта түстік, экономикамыз да жаңа белестерге көтерілуде. Дана халқымыз«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген нақыл сөзді тегіннен-тегін  айтпаған. Береке мен бірлікті қолдаған ата-бабаларымыз мерекелі тірлік жасаудан ешқашан да жалыққан емес.

Мерекелік кешке Ш. Уәлиханов атындағы КМУ ректоры Марат Сырлыбаев, білім ордасының проректорлары, факультет декандары, ұстаздары мен студент-жастары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты.

Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Светлана Владимировна Юрченко арнайы қатысып, университеттің 10-нан астам ұстаздары мен қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Құттықтау рәсімінен кейін халықтар достығының ұлы мейрамы мерекелік концертке ұласты.

Концерт барысында университет студенттерінің орындауларында түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайтын әндер орындалып, неміс, армиян, ингуш, украйн, өзбек, орыс, қытай, поляк, үнді елдерінің би өнерлері көсетілді. Сондай-ақ, қазақтың «Беташар», татар халқының «Азан шақыру», «Жаңа туған балаға ат қою» сынды ұлттық рәсімдері және т.б. қойылымдар мен көріністер ұсынылды.

Мәдени шара «Менің Елім» атты патриоттық өлеңмен аяқталды.