Мақтааралдағы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

Қазақтардың мәдени-этникалық дәстүрлерінен мұра болған рухани саладағы төзімділік қазіргі уақыт пен келешекте азаматтық әлемді сақтаудың берік негізі болып табылады. Бүгінгі күні еліміздегі 40-қа жуық конфессия мен деноминация өкілдері, сондай-ақ, 130 ұлт пен этникалық топ өкілдері бейбіт және өзара түсіністікте өмір сүруі - көптеген елдерді таң қалдырып отыр, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының негізгі күші ұлтаралық татулықты нығайтуда жатқанын мойындау керек. Еліміздегі береке-бірліктің сақталуына Мақтаарал ауданының көпұлтты тұрғындарының да қосып отырған үлесі аз емес. Міне, бүгін "Бірлік күні" мерекесі ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтіп, көпұлтты мақтааралдықтар ынтымақ пен бірліктің арқасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандарын көрсетті.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Бақыт Асанов аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.

"Бүгінгі күні біздің Мақтаарал ауданында да бірнеше ұлт өкілдері ынтымақпен, бірлікпен өмір сүруде. Барлық этномәдени орталықтардың өз салт-дәстүрлерін сақтап, жаңғыртуына, тілін, мәдениеті мен әдебиетін дамытуына жағдай жасалған. Бірнеше жылдан бері Атакент қалашығында "Достық" мәдениет үйі жұмыс істейді. Аудандағы барлық этностар мемлекеттік айшықты мерекелерге белсене қатысуда. Біздің киелі Мақтааралымыз - түрлі ұлт өкілдерінің алтын шаңырағына айналып отыр деп айта аламын" - деді Бақыт Насырханұлы.

Мерекелік жиын барысында аудандағы түрлі мәдени орталықтардың өкілдері құттықтау сөздерін айтып, баршаны бауырына басқан қазақ халқына алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, өздерінің ұлттық өнерлерін ортаға салып, мерекенің көркін қыздырды.