АСЫЛХАН МОЛДА

Рухани жаңғыру аясында ел үшін  елеулі еңбек еткен тұлғаларымызды еске алып, солардан қалған асыл мұраларын, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай еңбектері мен қызметтерін насихаттау жақсы үрдіс болып отыр. Біз назарларыңызға ұсынып отырған мақала Сыр бойының , дәлірек айтсақ тарихи аты Шөгірлі, қазіргі Байтоғай, Сүткент өңірінің тумасы Асылхан молда Достайұлы жөнінде. Асылхан молда Достайұлы 1912 жылы  Сыр бойында дүниеге келді, жастайынан ауыл молдаларынан тәлім алып діни сауат ашты. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралған соң бұл кісіні дін жолына түбегейлі бет бұрып, ата дініміз исламды тереңдетіп оқып-үйрене бастады және осы ізденістерін өмір бойы жалғастыра берді, мазмұны да, кітап қоры да мол діни кітапхана құрастырды, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Асылхан атамыздың өмір жолы мен сан қырлы еңбектері  Шардара ауданының Сүткент ауылында Асылхан молда Достайұлына арнап сол кісінің ұлы Досмағамбет өткізген үлкен аста кеңінен айтылған болатын.Осы аталған асқа еліміздің, облысымыздың шартарабынан көптеген елге белгілі азаматтар, дін қызметкерлері қатысып, Асылхан молда туралы көп естеліктер айтты, ол кісінің елге сіңірген сан қырлы еңбектерін талдады және де жастарды сол атап айтылған еңбектерден үлгі алуға шықырды. Осы жиынға Асылхан атамызбен бірген діни білім алған, жолдас болып араласып тұрған көршілес Ташкенттегі  Ислам университетінің оқытушысы  Рүстемжан ақсақал, Тәжікстан  Республикасынан Досмұхаммет дамұлла, Асылахан атамыздың ұстазы Алихан төренің немересі  Шакіров  Абдуллаһ  дамұлла қатысты. Бұл кісі табиғатында өте еңбекқор, ізденгіш, әр мәселені кеңінен ойлайтын, шешімін тапқан соң шапшаң қимылдайтын азамат еді. Елдің рухани азығы ата дініміздің мүддесін қаймықпай қорғауы, оны ел ішінде совет заманы кезіндегі солақай саясатқа қармай кеңінен әрі табанды түрде насихаттауы үлкен ерлікке пара-пар жұмыстар еді. Өзі үлгі бола отырып сол кездегі басшы қызметтерде жүрген партия-кеңес қызметкерлерін мұсылманшылық негіздерін үйренуге, имандылыққа шақырды, уағызына құлақ асып Алланың ақ жолына бет бұрған кісілерді қарапайым халыққа үлгі ретінде айтып отырды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алатын қасиетінің, ақкөңіл  адалдығы мен  терең білімінің арқасында ел арасында үлкен беделге ие болды. Елді имандылыққа үгіттеумен қатар Асылхан атамыз Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштерді бүлінуден аман сақтап қалуға, оларды зерттеп халыққа маңызын түсіндіруге бағытталған бірқатар елеулі жұмыстар атқарды. Алпысыншы жылдары Шардара аймағы игеріліп, суландырылып, күріш егіле бастағанда сонау көне замандардан бері аман-есен келе жатқан жәдігер, бәрімізге белгілі үлкен де ерекше тарихи ескерткіш Ұзын Ата кесенесінің қабырғаларына айналасындағы шамадан тыс ылғалдың әсерінен сызат түсті, сөйтіп кесенеге айтарлықтай қауіп төнді. Осы жағдайды байқаған Асылхан молда дабыл көтеріп, талай басшының есігін қағып, халықты ұйымдастыра жүріп, мамандармен ақылдаса отырып кесенені айналдыра кесене қабырғасына түскен сызатты одан ары ұлғайтпайтындай етіп құрсаулатып шықты. Асылхан атамыз  қан майданда жүргенде ескерусіз қалып бара жатқан Жекеншайық әулие түсінде аян берген екен, сонда атамыз осыдан аман-есен елге оралсам, Жекеншайық әулиенің басына кесене салам деп ниет еткен екен. Асылхан атамыз сол ниетіне жетіп, 1970 жылдары  өз күшімен  темір жол бойындағы 14-ғасырда өмір сүрген Жекеншайық әулиенің басына кесене салдырды. Атақты Мұңлық-Зарлық дастанының кейіпкерлері Зарлық батырдың, оның анасы Ханшайымның, қарындасы Мұңлықтың  молаларын тауып, бастарына қойылған көк тастарын зерттеді, оларды оқып таныды. Осы мәселелерді толық зерттеп, өзінің де, елдің де көздері әбден анығына жеткен соң тағы да елді ұымдастырып аталған қорымды жақсылап қоршау салғызды және аталған кісілердің басына қос күмбезді  кесене салғыза бастады. Бірақ өкінішке орай осы үлкен жұмысты толық аяқтауға сол кездегі партия-совет органдары қарсы шығып, кесене құрылысы толық аяқталмай қалды. Асылхан молда Достайұлы 1988 жылы 76 жасында дүние салып, осы Мұңлық-Зарлық әулиенің қасындағы мазарға жерленді. Асылхан Достайұлы аяқтай алмай кеткен мәселелер бүгінде еліміздің тәуелсіздігінің арқасында ойдағыдай шешілуде, халқымыз имандылық жолына толық бет бұрды, кешегі өткен заманда ұмытылып немесе жойылып кетуге шақ қалған ұлттық құндылықтарымыз пен ескерткіштеріміз мәдени мұра мен рухани жаңғыру  бағдарламалары аясында кеңінен зерттелуде, қайтадан қалпына келтірілуде. «Ұлтқа қызмет ету- білімнен емес , мінезден» деп  Алаш көсемі, ұлы тұлғамыз Әлихан Бөкейхан айтқандай, сол тар заманда басын қатерге тігіп, кейде қудалануға да ұшырай жүріп асыл дініміз бен мәдени мұрамызға сол кездегі компартия саясатынан, оның жергілікті қолшоқпарларынан   қаймықпай қызмет еткен Асылхан молда Достайұлының еңбектері бәрімізге үлгі деп ойлаймын. .

  Тұрақ-Серік Мұсабайұлы

qazaquni.kz