Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек - Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті жұмыс сапары аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысып, бұл жобалардың ұлт руханиятына сүбелі үлес қосатын бастамалар болуы тиіс екенін атап өтті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қабырғасында қала жұртшылығымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.

– Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл – қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.

– Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Семей жерінің ұзақ жылдар бойы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан өңір екеніне тоқталып, полигон зұлматы 500 мың адамның өмірі мен тағдырына тікелей зиянын тигізгенін айтты.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында Семей полигоны біржола жабылды. Бұл оқиғаны әлем жұртшылығы теңдессіз ерлік деп бағалады. Елбасы – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. Тұңғыш Президентіміздің ұлы шешімі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын айтты.

– Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен, көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген технология бар. Сонымен қатар, АЭС жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Семей қаласының бүгінгі ахуалына байланысты жүзеге асырылатын бірқатар міндеттерді атап өтті.

– Қаланың әр көшесі мен ғимаратында тарихтың салған ізі бар. Көне ғимараттардың тарихи және бастапқы бейнесін сақтап қалу – өте маңызды міндет. Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2017 жылы Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың бес жылдық кешенді бағдарламасының аяқталғанын айтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын лайықты арттыру негізгі міндеттерді бірі болып қала беретінін айтты.

– Қазіргі кезде 350 мың халқы бар қаланың жылдық бюджеті 56,6 миллиард теңге. Сондықтан, облыс басшылығына Семей қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл орта мерзімді перспективаға жоспарланған шаһарды өркендетудің міндеттерін жандандыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы облыс басшылығына қаладағы шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, бұл шара жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын айтарлықтай арттыруға септігін тигізетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы көпірлер мен жолдардың жағдайы тұрғындарды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе екеніне тоқталды.

– Бүгінде қаладағы үш көпірдің екеуі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, шаһардағы жолдардың 20 пайызынан астамының жағдайы нашар. Инфрақұрылымның бұл проблемалары шұғыл шешім қабылдауды талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысушылармен әңгімелесу барысында өзінің өмір тәжірибесін бөлісіп, Қазақстанды қуатты елге айналдырудың жолдары туралы айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті еліміздің өсіп-өркендеуі қоғамымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасы екенін, соның нәтижесінде бүгінде біз мемлекеттігіміз мығым, экономикамыздың әлеуеті зор, әлем қауымдастығы таныған елге айналғанымызды атап өтті.