МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН МҮЛТІКСІЗ БІЛУГЕ МІНДЕТТІ

Елордада ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссияның арнайы отырысы өткізілді. Болашақ мемлекет басшысының қазақ тілін қалай меңгергенін бағалайтын лингвистикалық комиссияның төрағасы болып бұл жолы да Мырзатай Жолдасбеков тағайындалды. Мемлекет басшысының қазақ тілін еркін меңгеруі оған қойылатын негізгі талаптардың бірі болып саналады. Комиссия отырысынан кейін лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков бұл жолғы үміткерлер тапсыратын емтихан талаптарын БАҚ өкілдеріне түсіндірді. Төрағаның айтуынша, емтихан үш кезеңнен құралған. «Бірінші кезеңде үміткер конвертте жасырылған тақырыптардың біріне жазбаша жұмыс тапсырады. Жазбаша жұмыс 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, қосымша жарты сағат бере алады. Комиссия мүшелері жұмысты мұқият тексереді, әріп қатесін, тыныс белгілерін қадағалайды. Мәселен, 8 орфографиялық қате табылса, екілік қойылады», – деді комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте. Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді дауыстап оқиды. «Үміткерлер оқитын кітаптарды бекіттік. Оған тек қазақ ақын-жазушыларының мұрасын алдық. Комиссия ұсынған кітаптардың бірінен үміткер 15 минут үзінді оқиды. Бұл кезеңде үміткердің дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Яғни, Президент болатын қайраткер мемлекеттік тілде еркін оқи алуы керек деп есептейміз», – деді М. Жолдасбеков. Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың біріне сөз сөйлеуі қажет. «Оның да тақырыптары конвертке салынып, бекітілген. Әсіресе, тақырыптар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жетістіктері жөнінде болмақ. Үміткердің сөз сөйлеуі комиссияны қанағаттандырмаса, тақырыпты тереңірек ашу үшін қосымша сұрақтар қоюымыз мүмкін. Апелляция бұған дейінгі сайлауларда тәжірибемізде кездеспеген. Егер үміткерлер тарапынан шағым түссе, Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдап, апелляцияны талқылайтын боламыз», – деді төраға. Атап өткен жөн, лингвистикалық комиссия отырысына оның мүшелері мен ҚР Президенттігіне үміткерден басқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысады. Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, отырыс хаттамасымен рәсімделеді. Қазір жұрттың бар назары 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға ауып отыр. Бұл Қазақстан халқы үшін болашаққа басар қадамымызды анықтар аса маңызды саяси шара. Сайлау әділ және ашық өтуі керек. Халықтың еркін таңдауына кепілдікті республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан болатын. Өздеріңіз білетіндей, 19 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілде еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрған-ды. Комиссия мүшелері болып Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енді. Теориялық тұрғыдан аталмыш комиссия талаптары дұрыс құрылған деуге болады. Оның құрамына белгілі тіл мамандары мен еліміздегі беделді тұлғалар енгені де құптарлық жағдай. Жақсы жоспар құру бар да, оны нақты іске асыра білу деген болады. Енді лингвистикалық комиссия іс жүзінде үміткерлерге қойылатын талаптардан таймай, алға қойған осы мақсаттарды бұлжытпай орындап шықса болғаны. Бұлай деуіміздің де өз себебі бар. Осыдан бұрын өткен сайлауларда кейбір кемшіліктердің орын алғанын халық жақсы біледі. Ғани Қасымов секілді қазақшасы «қақалып» жатқан кандидаттар емтиханнан шауып өтіп, ана тілін еркін меңгерген үміткерлерді сүріндіру сияқты көрер көзге ұрып тұрған келеңсіз көріністер қайталанбаса екен дейміз. Маңызды іске жауапкершілікпен қараған жөн. Жалпы біздің шенеуніктер үшін қазақ тілі алынбас қамалға айналғандай. Ширек ғасыр бойы ана тіліміз үшін шырылдап келе жатқанымызбен, нақты нәтиже жоқ. Сондықтан, тым болмаса президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін жіті тексеріп, қатаң талап етуіміз қажет. Ертеңгі күн өзге министрлер мен әкімдер сияқты атқамінерлеріміз ел басқарып отырған президентке қарап сап түзейтін болады. Біздегі жоғары деңгейдегі жиналыстардың өзі «Ассалаумалейкумі» қазақша басталады да қалғаны әдеттегідей орысшаға көшіп кететінін күнделікті көріп жүрміз. Әкімдеріміздің, депутаттармыздың біразы мемлекеттік тілді меңгермеген. Г.Қарағұсова секілді депутаттарымыздың қазақшасы күлкі тудырады. Бұл күлкі емес – қасірет. Сондықтан, Президенттен бастап барлық шенеуніктерді де мемлекеттік қызметке аларда осы лингвистикалық комиссия арқылы өткізу қажет. Мемлекет басшысының өзі қазақ тілінен емтихан тапсырғанда, әкімдер мен депутаттар неге сырт қалуы керек? Бұдан былай олардың бәрі емтихан тапсырып, біліктілігімен қоса қазақ тілін жақсы білетінін дәлелдеуі шарт. Барлық жиындар, оның ішінде шетелге барғанда да баяндамаларды қазақ тілінде жасауға міндеттеуіміз қажет. Құдайға шүкір, қазір аудармашылардан кемшілік көріп отырғанымыз жоқ. Онсыз да «Қазақтардың өз ана тілі бар ма?» – деген шетелдіктердің сөзіне қалып жүрміз. Қазақ мемлекетінің басшысы шала қазақшасымен шүлдірлеп тұрса, бәріміздің бүкіл масқара болғанымыз ғой. Мемлекеттік тілдің мәртебесіне дұрыстап көңіл бөлетін уақыт баяғыда жетті емес пе?..

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz