"Отандастар қоры" концерт өткізумен емес, қандастар мәселесімен ғана айналысуы керек - Ырысбек Тоқтасын

"Отандастар қоры"құрылғанына екі жылға жуық уақыт болды, алайда осы уақыт аралығында аты дардай қор не атқарды? Жекелеген ұйымдар мен белсенділер көтеріп жүрген проблемаларды мемлекеттік қор неге қолына алмайды?! Себебі, бұл күнде "отандастар қоры" атқаруға тиісті ең өзекті мәселе деп шетелдерде жатжұртқа сіңісіп жоқ болып кетудің аз ақ алдында тұрған ағайындарды тез арада елге әкелуге күш салу керек деп есептеймін!

Әсіресе, Қытайдағы екі миллионға жуық қандасымыздың ауыр тағдыры ешкімді де бей жәй қалдырмауы керек. Коммунистік Қытай билігі сонда тұратын қазақтарды құртып жіберудің барлық айла шарғысын жасауда. Енді қамданбасақ ертең бармағымызды шәйнап қаламыз. Мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса жеке адамдардың талпынысынан нәтиже шығатын емес.

Ал, қалған шетелдегі яғни Ресейдегі миллионға жуық, Моңғолиядағы 150 мың қазақ пен Еуропа, Түркиядағы 40 мың қазақтың елге келіп өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, ынталандыруымыз керек. Өзбекстаннан келетін ағайындарымызға егін егетін жер берсек, ары қарай өз күндерін өздері көріп кетеді, ал Қытайдағы қандастарымызды қытайдың құрығынан құтқарып елге әкеліп, құжаттарын тезірек рәсімдеп берсек, олар бізден үй де, жер де сұрамай-ақ өз тіршілігін дөңгелетіп әкетеді.

Осы тұрғыда "Отандастар қоры" мерекелік концерттер өткізу, кітап, шежіре шығару немесе тауық бағуға, жылыжай өсіруге көмек беру секілді әрекеттерден гөрі, (бұндай шағын, орта бизнеске онсыз да көмек беретін "Даму" сияқты қорлар бар) ағайындарды елге барынша тарту жұмысымен және солардың келгеннен кейінгі құжаттық кедергілерін шешумен нақты айналсса екен деп тілеймін!

Тәуелсідігіміз мәңгі болсын десек, мынау кең байтақ отанымызды қазаққа толтырайық. "Көп қорқытады, терең батырады" деген. Қазақтың өсімін сырттағы ағайынмен толтырмасақ, табиғи өсіміміз көңіл көншітпей тұр ғой.

Ырысбек Тоқтасын,

Фейсбук парақшасынан