ЕСІМІНЕ  БОЛМЫСЫ  САЙ  АЗАМАТ

5939
0
Бөлісу:

Қазақта еліме болсын деп қайрат көрсетіп жүрген  қайыспас қара нарлар  аз емес. Ерен еңбегімен де, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткерлігімен де белгілі,  исі қазақтың Исламы болып кеткен ағамыз жақында пайғамбар жасына 63-ке келеді. Бүгінде Ерін іздеген Елі редакциямызға хаттар легін ағытуда. Біз халықтың  ықыласы мен алғысын  білдіру мақсатында, сол  ізгі лебіздерінің  біразын  «Исламның игі істері» деген айдармен жариялап отыратын боламыз!  Парасат пен пайымның  – Пайғамбар жасына толуыңыз  Құтты болсын, Ислам Әлмаханұлы!  Іздеп жатқан халқыңыздың ізгі тілегі періштенің құлағына жетіп, Алла жар болсын,  жаратқан иеміз жақсы күндерде жарқын күйде жүздесуді жазсын деп тілейміз!

«Қазақ үні» газеті редакциясы

 

 

 

ЕСІМІНЕ  БОЛМЫСЫ  САЙ  АЗАМАТ

2008 жылдың 20 ақпанын Сарыағаш халқы ешқашан ұмытпайды. Сол жылғы қыс оңтүстік өңірі үшін де аса қатты аязды келді. Соңғы бір-екі онжылдықта еліміздің ең оңтүстігінде орналасқан Сарыағаш ауданының аумағында жердің тоңдағанын, Келес өзені суының қатқанын көрген емеспіз. Сол жылы өзен суы қатпаса да, жер тоңдады. Ақпанның 19 жұлдызында алтынкүрек соғып, жылы жаңбыр жауды да, қыс бойы түскен қар бір күнде еріп кетті… Тоңды жерге сіңе алмаған еріген қар суы адырлардан сай-сайды қуалай ағып, арнаға айналды да, көптеген елді мекендерді басып қалды. Қаншадан-қанша үйлер, әлеуметтік нысандар, мектептер құлады, жолдар мен көпірлер бұзылды. Айта кетейік, соңғы жылдарда көктемдегі су тасқыны көбейіп, ел соның зардабын тартып отырған жағдайлар көбейді. Ал, 2008 жылы Сарыағашта орын алған тасқын солардың алғашқысы болатын. Әлі елді мұндай апатты жағдайлардың зардабын жою тәжірибесі жоқтың қасы еді.

Күні бүгінгідей есімде. Ақпанның 19-нан 20-сына өтер түні «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы К.О.Балықбаев телефон соғып, таңғы 5-те аудан әкімшілігінің алдына келуім қажет екендігін айтты. Себебін түсіндірген жоқ. Айтылған уақытта келіп жеттім. Әлі таң ата қоймаған. Қар ұшқындап тұрды. Әкімдік ғимаратының алдында «Курорт-Барс-2020» ЖШС директоры Молдәлі Қолдасов, аудандық мәслихат депутаты, «БТА» банк бөлімшесінің басшысы Төребай Усманов мәшинелерімен  тосып тұр екен. Ақтөбе ауылдық округін бетке алып жүріп кеттік. Молдәлі ағай: «Қызыләскерді» су басып қалыпты» деді. Бар айтқаны осы ғана. «Қызыләскер» ауылы Ақтөбе ауылдық округінің орталығы. Ауылдан өтіп, Сарыағаш-Мақтарал тас жолының «Ғани Мұратбаев» елді мекені орналасқан тұсына келдік. Күре жолдың 100 метрдей жерін су шайып кетіпті. «Ақылбексай» жақтан құлаған қарғын су тас жолыңызды бұйым көрмепті. Көз алдымызда көлемі бір Сырдария арнасынан кем емес қарғын суы ерен қарқынмен ауылдарға қарай ағып жатты. Ал ауылдарда күйген кірпіштен салынған үйлер саусақпен санарлық. Басым көпшілігі қам кірпіштен не саманнан тұрғызылған үйлер. Мына судың қарқынын қарап тұрып-ақ, зардабының көлемін бағамдау қиын емес еді.

Жағалауда сәл тұрып, Ақтөбе ауылдық округі әкімдігі ғимаратына беттедік. Ол жерде сол түннің өзінде су тасқынының зардабын жою бойынша облыстық штаб құрылыпты. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішевті, Сарыағаш ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековты, аудан әкімінің орынбасары Нәзира Тәшімбетованы сол жерде көрдік. Ауыл тұрғындары тұтас дерлік жиналған. Жылап-сықтаған, ащы айқайға басқан әйелдер. Ғимарат баспалдағында Ислам Әлмаханұлы сөз сөйлеп тұр. Тұрған үйінен, мал-мүлкінен айырылған ауыл тұрғындарына басу айту, жұбату, сұрақтарына жауап беру дегеніңіз сол кезде оңай емес еді. Бірақ, Исекеңнің шешен тілмен айтқан сөздері, дауыс ырғағындағы нық сенім ашулы ауыл тұрғындарын бас изеуге мәжбүр етті.

Қазақтың «Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» деген сөзінің мәнісін сол кезде тереңдеу түсінгендей болдым. Басшы азаматтар резеңке етікпен аула-ауланы аралап кетті. Әр қадамда бір маңызды мәселе шешіліп жатты. Ал, мәселе дегеніңіз шаш-етектен. Үй-күйсіз қалғандарды уақытша үймен, ыстық тамақ, жылы киіммен қамтамасыз ету керек. Су тасқынының зардабын түгел есептеп шығып, оларды қалпына келтіру жұмысын кешіктірмей бастау керек. Гуманитарлық көмекті шұғыл ұйымдастыру керек. Керек, керек, керек …

Қалыпты жағдайда құрылыс жұмыстарын бастау үшін құжат жинақтаудың өзіне қанша уақыт кететінін мамандар біледі.

  • Исеке, ыстық тамақ үшін етті қайдан аламыз?- деп келген Әлім деген азаматқа.
  • Үйлерінде бордақылап отырған малдары барлардан малын бағасына келісіп сатып алыңдар да, тездетіп сойып, тамақ пісіріп беріңдер. Ақысын арнаулы қордан алатын боласыңдар, – деді Исекең.
  • Үйлердің құрылысын бастау үшін тендер нәижелерін күтеміз бе? – деп сұрайды бір топ кәсіпкер.
  • Тендерді күтпей, тездетіп салынатын үй, нысандардың іргетасын қалай беріңдер. Әрбір сағат санаулы. Күзді күтпей тұрғындарды үймен, оқушыларды мектеппен, науқастарды ауруханамен қамтамасыз етуіміз керек,- дейді Исекең.

Қысқасы, Ислам Әлмаханұлы Төтенше жағдайда қалай жұмыс істеу керек екендігінің үлгісін көрсетті. Аудан әкімі Ұласбек Сәдібековпен тізе қоса әрекет етіп сол жылдың жазында-ақ 1450 үй, 4 мектеп салынды. Бұзылған жолдар жөнделді. Алғашқы үйлердің кілттері тұрғындарға жаздың бас кезінде-ақ беріле бастады. Ең алғашқыларына табыс етуге және атқарылған жұмыс нәтижесін көзімен көруге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді. Сол жиында сөз алған ауыл биі Еген Рабилов ағай Елбасы алдында сөз сөйлеп, «Бүгін Ақтөбе Бақтөбеге айналды» деді. Бұл шынайы лебіз-тұғын. Содан кейін Қазақтанда талай осындай апатты жағдайлар болды. Бірақ, Сарыағаштағыдай ұйымдастырушылықтың ерен үлгісін көре алмадық. Бұл Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің күнді-күн, түнді-түн демей еткен еңбегінің, біліктілігінің, ерен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзеге асқан тірлік еді.

Сол жылдан бастап Исекеңнің өмір, еңбек жолына үңіліп, арнайы мақала жазғым келіп жүрді. Соның реті ағамыз 63 жас – Пайғамбар жасына толғанда келіп отыр.

Исекеңнің аудан, облыс басшылығына, республикалық деңгейдегі лауазымды қызметке келу жолы ешкімге ұқсамайды. Комсомолдан бастау алған еңбек жолында іскерлікті, бүгінгі тілмен айтқанда менеджерлікті талап ететін қызметтер аз болмапты. Осындай қабілетке ие басшы азаматтар көп емес.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының әкімі болып істеген жылдарда аудандық несие серіктестігін құру туралы бастама көтеріп, республикада алғаш рет осы істі жүзеге асырды. Ауыл шаруашылығында фермерлікті дамытуға үлес қосқан бұл істі өзге аудандар іліп әкетіп, тәжірибесі республикаға таратылды.

«Әкім бол халқыңа жақын бол» дегеннің жарқын үлгісін көрсеткен де осы Ислам Әбішев. Қай жерде, қай салада, қанша уақыт еңбек етсе де артында бедерлі ізі қалып, ел іскерлігін, адамгершілік қасиеттерін ауыз толтыра айтып жүреді. Бүгінгідей халық пен әкімдердің, жалпы шенеуніктердің арасы алшақтап кеткен мына заманда Өскеменде елді елең еткізген оқиға болды. Қаланы үш жылға жуық басқарған Ислам Әбішевті Астанаға шығарып салу үшін қаумалаған өскемендіктер әуежайға сыймай кетті. Бұл жерде біз Исекеңмен бірге жұмыс істеген әкімшілік қызметкерлерін айтып тұрған жоқпыз. Қысқа сақтаған қайнатпасын көтеріп келіп, көзіне жас іркліп тұрып, жүрекжарды сөзін айтқан орыс аналарын, құрты мен ірімшігін алып келіп, ақ жол тілеген ақ кимешекті қазақ аналарын, ақ жарылып тұрып ақ батасын берген ақсақалдарды, елге қамқор болған қайраткерге қандастардың ыстық ықыласын жеткізген ақын қызды, ақ тілегін жеткізіп қалуға тырысқан қалың жұртты айтып тұрмыз… Иә, бұрынғыны қайдам, 2012 жылдың 5 ақпанында Тәуелсіздігіміздің 20 жылының ішінде кетіп бара жатқан әкіммен халықтың дәл осылай қимай қоштасқан жүрек толқытар көрінісіне Өскеменде куә болды ел.»   Біз бұл үзіндіні белгілі ақын-журналист, «Халықаралық Алаш сыйлығының  және Халықарлалық Сергей Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты Қазыбек Исаның «Қазақ үні» газетіне шыққан мақаласынан алып отырмыз.

Біз бұл мақаламызда Ислам Әлмаханұлына басшы ретіндегі өз көзімізбен көріп, куә болған қасиеттерін ғана жаздық. Тарқата берсек, баспасөз құралдарында да, ел аузында жүрген де оқиғалар, әңгімелер баршылық. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дейді халқымыз. Басшыға баға беру үшін оның еңбек жолынан келтірілген бір-екі мысалдың өзі жеткілікті. Халық бағасынан артық әділ таразы жоқ. Біздің  айтып отырғанымыз да негізінен өз жеке пікіріміз емес. Журналист бүкіл ақпаратты ой, жүрек сүзгісінен өткізіп барып, ел бағасына сүйене отырып қағазға түсіреді. Біз де солай еттік.

«Ислам» деген сөздің аудармасы болғанымен, мен бұл сөзді «Имандылық» деп түсінемін. Иманы бүтін адам ғана ислам талаптарын ұстанады, адамгершілік заңдарын ардақтайды. «Отанды сүю – имандылықтан» делінеді. Қасиетті хадистерде имансыздан отаншылдықты күтуге болмайды. Сондықтан да мақаламызға «Есімі болмысына сай азамат» деп тақырып қойдық.

Биыл Ислам Әлмаханұлы Әбішев 63 – Пайғамбар жасына келеді екен.  Осы мерейлі жасында елге сіңген еңбегін әспеттеп, «жақсының жақсылығын айтқанды» жөн деп санадық.

 

Мұрат БЕКЕЙ,

Қазақстан Жазушылар және

Журналистер одақтарының мүшесі.

 Түркістан облысы,

Сарыағаш қаласы

qazaquni.kz

 

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он бес + он тоғыз =