Қалдыбай ҚАЗАНБАЕВ: ТАҢДАУ ЕРКІ ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК

"Қазақ үні" газеті Бас редакторының орынбасары Зейнолла Абажан Алматы қалалық Мәслихатының хатшысы Қалдыбай Қазанбаевпен сұхбат құрып, қала мәслихатының жұмысына қатысты бірқатар өткір сұрақтар қойды. Өзекті тақырыптарды қамтыған сұхбатты оқырман қауымға ұсынамыз.

–Қалдыбай Омарұлы, әдетте бірдеңе бола қалса әкімдік деп шапқылайтын жұртшылық күнделікті өмірде мәслихатқа аса мән бер қоймайтыны белгілі. Үлкен бір шаһардағы өзіңіз басшысы болып отырған мәслихаттың қала өміріндегі атқаратын рөлі қандай, алдымен осы жағын түсіндіре кетсеңіз.

–Мәслихаттың қызметі бірінші кезекте қаламыздың сан-салалы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарастыратын, оны іс жүзінде шешуге тиісті нормативтік және бюджеттік тұрғыдан қамтамасыздандыруға бағытталады. Мәслихат іс-әрекетінің негізгі нысаны - мәслихаттардың құзыретіні шеңберінде көрсетілген мәселелерді жан-жақты зерттеп, қажет деп табылған жағдайда депутаттардың мақұлдауымен сессияларда бекіту болып табылады. Әрине, бұл халықтың өз өкілдері болып табылатын депутаттар бекітетін құжаттар қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға негізделіп, соны іске асыруды мақсат етуге тиісті. Мәслихат қала аумағындағы күнделікті тұрмысымызда қолданып жүрген түрлі ережелерді бекітеді және олардың орындалуын қадағалайды. Ондай ержелер өте көп және тұрмысымызда аса қажет. Соның ішіндегі ең бастысы – қаламыздың бюджетін бекітіп, оны әлеуметтік маңызы бар салаларға бөлінуін қамтамасыз ету.

–Мәслихат депутаттарын сайлау қалай және қандай негізде өтеді?Депутаттардың басым құрамы кәсіпкерлерден тұратын көрініс жиі байқалады, осы дұрыс па? Әкімшілік айтқан кандидаттарға қолдау көрсетіліп, солардың ғана жолы болып жататыны рас па?

–Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге қала халқының өзі ғана сайлайды. Енді өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына өзгерістер енгізіліп, бұдан былай мәслихат депутаттары партиялық тізім арқылы сайланатын болды. Бірақ бұл жерде де тұрғындарымыздың таңдауына ешкім шек қоймайды, соңғы сөз солардың өзінде. Қоғамдық ұйым немесе партиялар ұсынған біірнеше үміткерлердің қайсысына дауыс беремін десе де сайлаушылар ерікті.

Енді сайланған депутаттардың құрамына келетін болсақ, бұл жерде де негізгі ерік тағы да тұрғындарда. Егер кәсіпкер ұнамаса басқа да саладан ұсынылған үміткерлер баршылық, соларға дауыс берулеріне болады. Жасыратыны жоқ, депутаттардың басым бөлігі кәсіпкерлерден тұратыны рас. Заң бойынша олардың да депутат болуға құқығы бар.Дегенмен, біздің кәсіпкер-депутаттардың қала, аудан, сайлау округінде атқарып жатқан жұмыстары тұрғындардың көңілінен шығып жатқанына күнделікті өмірде көз жеткізіп отырмыз. Ең бастысы депутат болып сайланған тұлғаның халыққа деген ниеті дұрыс болып, олардың талап-тілегіне дер кезінде назар аударып отыруы – тұрғындар тарапынан бірінші талап болып табылатыны белгілі. Өйткені, өздері сенім білдірген соң соларға үміт артады және талап етуге құқылы. Соған сәйкес халық қалаулысы болған соң депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажына назар аударып қана қоймай сайлаушыларының талабын қолынан келгенше, бар мүмкіндікті пайдаланып тілектерін орындауға тырысады. Депутаттардың қай саланың өкілі болса да бұл талап бәріне бірдей. Енді кәсіпкер депутаттарға келетін болсақ, оның ешқандай кемшілігі жоқ дер едім. Керісінше кәсіпкер депутаттардың әсіресе материалдық жағынан мүмкіндіктері өзгелерге қарағанда көбірек. Аудандарда салынып жатқан балалар, спорт алаңдары, аулалар, одан бөлек жол, тротуар жолдарының бірқатары осы кәсіпкер депутаттардың өз қаражаты есебінен салынуда. Кейбір жағдайда бюджетте ескерілмеген жұмыстар шыға келуі әбден мүмкін, ондай жағдайлар жиі кездеседі. Ол жұмысты бюджетке енгізуге уақыт көп кетеді. Мысалы жолды шұғыл жөндеу қажет делік. Осындай қысылтаяң кезде сайлаушыларының тілегін орындау үшін кәсіпкер депутат өз қалтасынан қаржы шығаратын кездер де болып тұрады. Демек, кәсіпкер депутаттан пайда болмаса зиян жоқ. Бір ғана мысал, қазір көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына ерекше назар аударыла бастады. Біздің қалалық депутаттар осы бағытқа арнап өз есептерінен 60 млн. теңге қаржы жинап берді.

Рас, түрлі деңгейдегі сайлаулар туралы әділ өтпеді деген сияқты небір әңгімелер айтылып жатады. Тағы да қайталап айтамын, сайлау жұмыстарын аумақтық сайлау комиссиясы жүргізеді, оның құрамына халықтың өз өкілдері кіреді. Әрбір комиссия заң бойынша бекітілген тәртіпті қатаң сақтауға міндетті, өйтпесе сайлау жарамсыз болып есептеледі. Заңымызды көрсетілгендей таңдау еркі халықтың өзінде болуы керек.

–Мәслихат пен әкімшілік арасындағы өзара байланыс қай деңгейде? Биліктің осы екі тармағы арасында қандай да бір келіспеушіліктер бола ма?

–Мәслихат пен әкімдік арасында қазіргі уақытта тығыз байланыс орналасқан. Себебі, біздің мақсатымыз бір – алматылықтардың әл-ауқатын арттыру. Әрине, жұмыс болған соң, бюджет әкімгерлерімен, яғни басқармалармен бөлінген қаражатты тиімді пайдалану бойынша сұрақтар туындап жатады. Онсыз болмайды. Дегенмен, талқылау мен пікір алмасу нәтижесінде ортақ бір шешімге келеміз. Өйткені ортақ іс бұдан кемшілік көрмеуге, қала жұртшылығының әлеуметтік-тұрмыстық мәселесі дер кезінде шешілуге тиісті. Ал, ондай мәселе қай қалада болса да жеткілікті.

–Мәслихат пен қалалық Қоғамдық кеңес арасында байланыс бар ма? Олардың ұсынысы қалай бағаланып, ескеріледі?

– Қоғамдық кеңес қала халқының мүддесін қорғап, солардың ұсынысын, талап-тілектерін қала басшыларына жеткізе алатын бірден-бір қоғамдық ұйым. Қоғамдық кеңесті құру мен оның жұмыс тобын Мәслихат хатшысы басқарады. Осы жылы біз Қоғамдық кеңестің жаңа құрамын қалыптастырдық. Кеңес құрамына қаламыздағы түрлі салада істейтін, елге танымал білікті мамандар сайланды, төрағасы – белгілі ғалым, қоғам қайраткері Рахман Алшанов. Заң бойынша Қоғамдық кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады. Ол жағынан ешқандай кедергі болмау керек. Мәслихаттың сессиясына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің барлығы ең алдымен міндетті түрде Қоғамдық кеңестің қарауынан өтеді. Кеңес мүшелері әрбір мәселені егжей-тегжейлі қарап, өз ойларын білдіреді. Сондықтан Қоғамдық кеңес мүшелеріне өз пікірлері мен ұсыныстарын енгізуге толықтай мүмкіндіктер берілген.

-Бұқарамен жұмыс қалай іске асырылады? Депутаттардың өз сайлаушылары алдында есеп беруі қалай өтеді?

–Мәслихат депутаттары өз сайлау округтерінде тұрақты түрде азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, сонымен қатар партияның қоғамдық қабылдауында кездесулер өткізеді. Мысалы, әрбір аудандағы депутаттар партия немесе әкімшілік кеңсесінде қабылдаудан бөлек жергілікті жерлерге барып тұрғындармен кездесу өткізу тұрақты тәжірибеге айналған. Оның байланыс телефондарын өз сайлаушылары жақсы біледі. Кез келген жағдайда онымен хабарласып, қажет деген сұрақтарын қойып жатады. Айтылған мәселеге қатысты депутат оны шешуге күш салады. Кейін атқарылған жұмыстары туралы сайлаушылар алдында есеп беріп, кезекті талап-тілектерін тыңдайды. Әрине, бұл жерде депутаттың белсенділігі үлкен рөл атқарады.

–Мәслихат депутаттардан тұрады. Депутаттар – халық қалаулылары. Заң бойынша халық қоғамды өз депутаттары арқылы басқаруы керек. Әкімдік атқарушы орган болып есептеледі. Бірақ іс жүзінде керісінше болып жатады. Осыны қалай түсіндіруге болады?

–Депутаттар өз құзыреті шегінде ғана жұмыс атқарады. Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi.Әр азамат өзінің сайлау округі бойынша депутаттың қабылдауында болып, мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметi, мәслихат шешiмдерiнiң орындалуы туралы, сондай-ақ өзі сайлаған депутаттың қызметі барысы туралы біле алады, оған ешқандай шектеу қойылмаған. Атқарушы органға сауалдарын депутат арқылы жолдауға және соған нақты жауап талап етуге құқылы. Әкімшілік немесе өзге де мемлекеттік органдар жағынан өз құқықтары бұзылса заң орындарына жүгінуіне де болады.

- Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі халықтың белсенділігін арттырады, ол қалай іске асып жатыр? Ықшамаудандардағы жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері төрағаларын тұрғындардың өзі сайлап жүр ме? Әлде ескі әдіс бойынша әкімдік тағайындап жатыр ма? Оларды мәслихаттың шешімімен бекіткенде қандай ұстанымдарға басымдылық беріледі? Мысалы «Ұлжан» ықшамауданы тұрғындары өз арсынан төраға сайлаған. Жақсы жұмыс жасап жатыр. Бірақ, екі айдан бері оны заңды түрде бекітпеген? Оған кім кінәлі? Соған қарағанда ол аудан әкімдігіне ұнамайтын сияқты. Сонда халық талабы қайда қалады?

-Жергілікті өзін-өзі басқару комитетерінің төрағалары аудан әкімдерінің ұсынуы бойынша, тиісті депутаттың келісімінен кейін мәслихат сессиясында бекітіледі. Үміткерді бекіткенге дейін үміткер профильдік комиссиясында талқылаудан өтеді. Үміткердің өмірбаяны, жұмыс тәжірибесі, жеке тұлғалық қасиеттері жан-жақты қаралып, оң баға берілгеннен кейін бекітіледі. Рас, тап осы Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі әлі де соңына дейін шешілмеген. Мысалы, бір ғана Алатау аудандында жиырмаға жуық ықшамаудандар бар. Олардың басым бөлігі бұрынғы облысқа қарап келгендер. Оның инфроқұрылымын дамытуға қаладан қыруар қаржы бөлініп іске асырылды. Ықшамаудандар бір-бірінен алшақ жатыр. Аудандық әкімдіктегі санаулы мамандар оның бәрін бақылап отыра алмайды. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару комитеттеріне төраға міндетті түрде қажет. Демек оның статусын бекіту қажет. Осы мәселені шешуге жоғарыға ұсыныс жасауды жоспарлап отырмыз.

–Тап осы «Ұлжанда» бірнеше жылдан бері тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесі үлкен дауға айналды. Бұл туралы біздің газетімізде «Кәсіп күштінікі, бизнес білектінікі ме?» «Шенеуніктер халық үніне қашан құлақ түреді?» секілді сын материалдар жарық көрді. Бірақ оған әкімдіктен ешқандай жауап ала алмадық. Осы бағытта қалалық тендер дұрыс өткізілмейді. Қоқыс шығарушылар үйде тұратын нақты адам басына емес, тіркеуде тұрғандардың саны бойынша төлем талап етеді. Бұл ешқандай санаға сыймсыз талап. Қоқыс үшін бұрын 341 теңге болса қазір адам басына 553 теңге болып көтерілді. Оның себебі неде? Кәсіпкерлердің кірісі мен шығысын, көретін пайдасын кім есептепті?

–Алматыда жылына кем дегенде 2,5 миллион текше метр тұрмыстық қалдық шығарылады екен. Бұл аз емес. Жалпы тұрмыстық қалдықтар мәселесі елімізде, біздің елімізде ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінде толықтай шешімін таппаған. Бұл қала экологиясына, одан қалды адамдарымыздың қауіпсіздігіне, дәлірек айтсақ денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен оған бей-жай қарауға болмайды. Сол себепті 2018 жылы Алатау ауданында қоқыс өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Жаңа нысан еуропалық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Экономикалық есептеулерге сәйкес, компанияның өндірістік қуаты Алматы қаласының қажеттілігін толығымен өтейді. Оған кеткен шығын да аз емес. Соған байланысты жаңа кешенді іске қосқан кезде тариф те өсті. Қалдықтарды жою және сұрыптауды іске асыру жұмыстары жан-жақты есептеліп, бір тұрғынға шақққанда айына 553,04 теңгені құрады. Оған қоқыстарды жинап кәсіпорынға жеткізу бағасы да кіреді. Айта кететін бір мәселе, тариф 2011 жылға дейін көтерілмеген, ал жанар-жағармай өнімдерінің бағасы осы уақыт аралығында екі еседен көп өсті. Демек бағаның көтерілуіне жалпы экономикалық, қаржылық тағы да басқа себептер баршылық. Бұл бір ғана тұрмыстық қалдықтарды шығару мен өңдеу саласына қатысты жағдай еместігін тұрғындардың өздері түсінеді ғой деп сенемін. Баға өз алдына, осы саланың жұмысын ақсатуға болмайды. Адамдарымыздың денсаулығы – біздің бірінші байлығымыз екені белгілі.

Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН,

qazaquni.kz