Корей бизнесі Қазақстанда жемісті жұмыс істеуде – Қасым-Жомарт Тоқаев

Корея Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық тұрғысында басымдыққа ие мемлекеттердің бірі. Бұл туралы бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт.

«Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдары ішінде біздің қарым-қатынасымыз барлық дерлік бағыттарда өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңесі жұмыс істеп тұр. Біздің елдеріміздің азаматтары үшін визасыз режим іске қосылған, мемлекеттеріміздің арасында тұрақты тікелей әуе қатынастары ашылған. Екіжақты тауар айналымы көлемінің тұрақты өсіп келе жатқандығы да қуантады. Өткен жылдың қорытындысында оның көрсеткіші рекордтық 4 млрд долларға жетіп, 2017 жылғы көлемнен 2 есеге жуық асып түсті», – деді ҚР Прзиденті Ақордада.

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастық тұрғысында басымдыққа ие 10 елдің қатарына кіретіндігін атап өтті.

«Біз бұл бағытта жаңа мүмкіншіліктерді іздеуге және өзара іс-қимылды  одан ары тереңдетуге мүдделіміз. Қазақстанға салынған тікелей инвестиция ағынының өзі шамамен 7 млрд долларды құрады. Бұл салада табысқа жету деректерінің саны жеткілікті. Бұл кезеңдегі ірі жобалардың бірі корейлік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы саналады.  Корей бизнесі Қазақстанның тамақ, тау-кен байыту, автомобиль және басқа да салаларда жемісті жұмыс істеуде. Осы мысалдардың барлығы Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытатын өзге де оңтүстікорейлік компаниялар үшін жағымды көрсеткіш», – деді Қ.Тоқаев.