Қолданыстан шыққан «Россия» қонақ үйін не үшін қалпына келтіру керек?

 Керекуде қонақ үйлер аз емес, ал қазақ балабақшалары мен мектептерінің тапшылығы байқалып-ақ тұр…

 

Бір кезде Павлодар қаласындағы Астана көшесі, 170 мекенжайда орналасқан ғимарат патша заманында, дәлірек айтқанда, 1910 жылы «Россия» қонақ үйі ретінде салыныпты. Бірақ қонақ үйдің қызметі көпке созылмаған. Кеңес үкіметі орнаған соң ғимаратты мемлекет меншігіне өткізіп, бастапқыда мемлекеттік мекемелердің кеңсесі, кейін аурухана, мәдениет қызметкерлерінің жатақханасы ретінде пайдаланған. Ақыры, құрылыстың қабырғалары мен төбесі әбден тозып, апатты жағдайға түсуіне байланысты қолданыстан шығарылған. 

2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1485 Қаулысы бойынша пайдалануға жарамсыз бірқатар ескі нысандармен бірге мемлекет қарауындағы тарихи және сәулеттік ескерткіштер тізімінен алынып тасталды. 

Бұдан кейін ол жердегі құрылыс қалдығы тазартылып, орнына басқа нысан салынуына құқықтық тұрғыдан еш кедергі жоқ еді. Алайда 2014 жылы патшалық-кеңестік дәуірден қалған ғимараттар қирандыларын ғаламның жеті ғажайыбына жетеқабыл құндылықтар сияқты дәріптейтін белгілі топ түрлі әдіспен жергілікті билікке қысым көрсетіп, патша заманындағы «Россия» қонақ үйін қайта қалпына келтіруді талап етті!.. Бұл әрекеттен еш нәтиже шығара алмаса да, мемлекеттік органдарды әлгі жерді сатып алушының құқығын шектейтін шартпен сатылымға шығаруға көндірді. Қандай да бір заңға негізделмеген шарт бойынша сатып алушы кәсіпкер баяғы патша заманындағы қонақ үйдің пішінін сақтап ғимарат салуға және оны бес жыл бойы тек қонақ үй ретінде пайдалануға міндетті. 

Үкімет Қаулысын аяқасты ететін бұл құжаттың заңсыз екенін және оның ресімделуіне кімдердің мүдделі екенін айтып, «Қазақ үні» порталы арқылы дабыл қаққанбыз (https://qazaquni.kz/2016/11/01/60103.html). «Үкімет қаулысының заңдық күші жоқ па?» атты сол жарияланым әкім-қараларға ой салды ма әлде басқа себебі болды ма, кім білсін, әйтеуір, аталмыш жерге құрылыс салу ісі қолға алынған жоқ. Сірә, мәселе оң шешімін тапқан болар деген үмітпен тақырыпты қайта қаузауды дұрыс көрмедік. Сөйтсек, уақытша жайтты көңілге жұбаныш қылыппыз. 

Жуырда орыстілді сайтқа шыққан хабарға қарағанда (http://pavon.kz/post/view/61079?reply=573755), әлгі орынға жоғарыда баяндалған шарт бойынша Garden park қонақ үйін салу ісі қолға алынбақшы көрінеді. Жобаны Павлодар қаласының әкімі мақұлдапты. Бәлкім, қызметіне кіріскеніне көп уақыт өтпеген қалабасы нақты жағдайдан хабардар емес шығар. Әйтсе де, жергілікті биліктің Керекудегі ана бір топтың көңіліне жағу үшін олардың талап-тілегін жүзеге асыруы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы № 1485 Қаулысын аяқасты ету болып табылатынын әкім Әнуар Күмпекеев түсінеді деген ойдамыз. Сондай-ақ аймақ басшысы Болат Бақауов та бұл мәселені назардан тыс қалдырмас деген үміттеміз.

Ал біздің қалада қонақ үйлер аз емес, есесіне қазақ балабақшалары мен мектептерінің, ауруханалар мен тұрғын үйлердің тапшылығы байқалып-ақ тұр...

Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.