Мұрат Бақтиярұлы: Ресей тарапынан Байқоңырдың жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген емес

Қызылорда өңірінен сайланған Парламент мүшесі ретінде жылына екі рет Байқоңыр қаласы мен іргелес жатқан Төретам, Ақай елді мекендерін аралап, халықпен, кәсіпкерлермен кездесеміз. Байқоңыр қаласында 70 мыңнан аса халық тұрады. Оның 70 % Қазақстан азаматтары. 1995 жылдан бастап осы кезге дейін Қазақстан – Ресей үкіметі арасында Байқоңыр космодромына байланысты 18 ратификация мен құқықтық актілерге қол қойылды. Бүгін 19-шы ратификацияны қабылдағалы отырмыз. Өкінішке орай осы барлық қабылданған заңдарда Байқоңырда тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының ең негізгі мәселелері шешілген жоқ.

Олар:

бірінші, тариф мәселесі. Байқоңыр қаласында көрсетілетін барлық коммуналдық қызмет Ресейдің бекіткен тарифымен төленеді. Салқын су 5 есе, жылу 4 есе, электр энергия 2 есе қымбат төленеді.

Екінші, Байқоңыр қаласындағы кәсіпкерлер несие алу үшін жерлерінің жалда тұруына байланысты банктерге ғимараттарын кепілдікке қоя алмайды.

Үшінші, қосарланған салық төлеу әлі де жалғасуда. Қарапайым кәсіпкерлер Қазақстаннан Байқоңырға товар әкелгені үшін Ресейге 20 % қосымша құн салығын төлеуге мәжбүр.

Төртінші, Байқоңыр қаласының инфрақұрылымы, жолы тозығы жеткен. Осы кезге дейін Ресей тарапынан жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген емес.

Бесінші, 2013 жылы шілдеде Байқоңырда «Протон» ракетасы құлап, ауаға 600 тонна улы «гептил» отыны шашылды. Сол кездегі еліміздің Қоршаған орта және су ресурстарын қорғау министрлігі қоршаған ортаға келтірілген залалды 13 млд. 600 млн. теңгеге бағалап Ресей тарапына жіберді. Алты жыл өтті, бұл мәселе де шешімін таппай қалды.

Сұрақ: Осы жоғарыда айтылған мәселелер қай уақытта шешімін табады, таппайтын болса ракета ұшырылатын алаңдарды ғана Ресей үкіметіне жалға беруді қалдырып, Байқоңыр қаласын Қазақстанның құзіретіне қайтару керек шығар. Сіздің пікіріңіз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты