Қазақтың тұңғыш кәсіби архивариусы Амантай Сатаевқа қиянат жасаған кім?

Қазақтың тұңғыш кәсіби архивариусы, жазушы, тарихшы Амантай Сатаев кешегі кеңестік кезеңде төл тарихымыздың айтылмаған, айтқызбаған небір құнды жауһарларын жасқанбай жинаған және сол үшін «партиялық қырағылықтар» салдарынан жазғандарының көбін жариялай алмай, лайықты қызмет пен марапат та бұйырмай көп қағажу көріп өткен қаламгер.

2003 жылы дүниеден озғаннан кейін ғана жанашырлары жүгіріп жүріп, алты томдық кітабын шағарды. Биыл жетінші томы жарық көрмек. Жазушының 85 жылдығына орай Мәдениет қайраткері Болат Жәмкеновтың арнайы жазған мақаласын оқырман қауымға ұсынамыз.

Редакциядан

Амантай Сатаев туралы еске алғанда ойыма алдымен, жазушының өткен 60-шы жылдардың орта шенінде жарық көрген «Аққуды атпас болар» атты туындысы оралады. Төменгі сыныптарда оқысақ та үлкендерге газет-журналдар оқып беруге жарап қалған кезіміз. Партияның «Тың игеру» ұранымен көбіне КСРО-ның еуропалық өңірлерінен эшолон-эшолон болып ағылғандар арасынан келе жат пиғыл танытып, тұнығымызды лайлап, көне зираттарды соқамен қопарып, небір содыр-сорақы әрекеттер орын алып, оларға «әй дейтін әже, қой детін қожа» табылмай тұрған сол бір аласапыран тұста А.Сатаев ағамыз кітабының «Аққуды атпас болар!» деген атауының өзі-ақ қалың жұртшылықты елең еткізгені анық. Қасиетті қазақ жерінің де иесі

мен киесі бар дегенді алғаш батыл ескерткендей. Жаралы аққудың саңқ еткен үніндей біздің де жабырқаңқы балаң жүрегімізге жатталып қалған еді.

Тың игеру атын жамылған келеңсіз жайттарды баспасөз беттерінде батыл әшкерелеуге жол ашқан шығарма ретінде есімізде қалған. Бүгінде сарғайып, мұрағатқа айналған газет беттері арасынан әсіресе, «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Жұмекен Нәжімеденовтің 1968 жылы осы газетте жариялаған Ақмолаға жақын бір шаруашылықта Қойшыбаев Сайлаубек деген жігітті тапа-талтүсте өлтіріп, касса ақшасын тонап, жеңіл жазамен Ресейіне тартып отырған сұмдықты және Тың өлкесіндегі кейбір ресми органдардың қазақ жастарын нақақтан қуғындап, соттатып жатқаны туралы өткір жазылған мақаласы ерекше көзге түседі. Ж. Нәжімеденов пен А. Сатаев пікірлес, жақын дос болғаны мәлім. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан гимні сөзіне айналып отырған өлеңін де ақын сол тұста, тың игеру саясаты кеңестік қанқұйлы ұлтсыздандыру-тіліміз бен тарихымызды жою саясатына ұласқан тұста жазған секілді. Ал,артына аса мол мұра қалдырған А.Сатаевтың бүкіл еңбектерінің алтын арқауы-төл тарихымыз, өз ұлтының жоғын жоқтау ұстанымы да сол тұстардан бастау алуы тегін болмаса керек.

97-жылдың көктемі. Танымал кинорежиссер Сергей Әзімов «ҚР Президентінің теле-радио кешені» мекемесін ашарда мені осындағы қазақ редакциясына жетекшілік етуге шақырған. Тәуелсіздігіміз арқасында «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып», қай тақырыпты қолға аларымызды білмей арқа-жарқа болып жатқан күндер!... Елбасының тапсырмасымен бұрын атын ауызға алуға қорқатын Мұстафа Шоқаев туралы, сондай-ақ Мұхтар Әуезов пен Бауыржан Момышұлы ағамыз өмірлерінің бұрын айтылмай, айтқызбай келген қырлары жөніндегі деректі кинофильмдер түсіру қатарласа басталған тұс. Бірақ кеңестік кезеңде қатаң тыйым салынған мұндай тақырыптар құжатын қайдан таба қоясың? Архивтерде болмайтыны белгілі. Сондай тығырыққа тірелген сәттердің бірінде басшымыз С.Әзімов:

-Шұғыл Амантай Сатаев ағамен хабарласпасаң жұмысымыз тоқтап қалғалы тұр, -деп арнайы тапсырма берген еді, бұрыннан таныс екенін аңғарта сөйлеп. Өзім де деректі дүниелер жазумен айналыса жүріп, Амантай Сатаев туралы көп еститінмін.«Тірі энциклопедия», «Алматы мұрағаттарында жоқты Амантай ағамыздан таптық» дейтіндер аз болмайтын. Дегенмен, қаншама ізденіп тапқан еңбегін бере қоя ма деген күдік те басым. Зайыбым Нұржамал институттағы ұстазы Гүлжан апайдың үйіне ара-тұра бара жүріп, ол кісінің ері Амантай ағаның өте мәдениетті әрі балаша елпектеп тұрған кішіпейілдігіне тәнті болып, өнеге етіп отыратын. Рас екен.

Телефонмен әдеттегі қысқа амандық-саулықтан соң-ақ, ортақ таныстарымыз, ортақ тақырыптарымыз тоқайласып, бірден әңгімеміз жарасып жүре берген. Мәскеу Архив және тарих институтын бітірген қазақтың тұңғыш кәсіби архивариусы, жұртқа танымал жазушы әрі тарихшы Амантай Рақымжанұлы Сатаевпен алғаш жүздесіп, оның ғажайып та ғибратты шығармашылық әлеміне аяқ басуым осылай басталған. Ағамыздың бір қасиеті

кейбір шығармашылық адамдарына тән өзімшіл-іштарлық, менмендік деген атымен жоқ. Өзінің қаншама жол жүре ізденіп, тер төгіп, уақытын (мүмкін, соңғы қаражатын да) жұмсап тапқанын тәуелсіздік тұғырын бекемдеуге қосылған алтын кірпіштей қолымызға ұстата тұрып: « Көрдің бе қазағың қандай болған! Ата-бабаң міне, осындай-таны, біл!..»-дегенді сәл мұңдылау, нұр шаша күлімдеген көзінің қиығымен ғана аңғартатын. Көзі емес-ау,тұла бойынан ізгілік, ұлтым деген ұлы сезім есіп тұрғандай көрінетін. Иә, бүкіл ғұмырын өз ұлтының ұрланған, қорланған,жоғалған тарихын қайта тірілтіп, мәртебесін қалайда көтерсем деген ұлы мұратқа арнаған жан еді, қайран ағамыз! Бірақ мұны да кейін білдік.

Ұзамай ағамыздың киносценарийі бойынша кинорежиссер Серік Жармұхаметов түсірген «Қара табан, қанды жол» атты толық метражды деректі фильмге редактор болған кезімде жиі кездесіп тұрдық. Ағамыз бұрын да оннан астам деректі киносценарий жазған екен. Бұл туындысында да архивтік тың дерек-құжаттар молынан қамтылған. Кеңестік қанды кәнпеске, колхоздастыру кезеңі... Бұлтартпас құжат, дәлелді деректермен берілген адам естімеген сұмдықтар ұлт басына түскен қиянатты нәубетті айна-қатесіз көз алдыңызға әкеледі... Мен киносцарийін Ю.Резниковпен бірлесіп жазған «Алаштың арыстары: Мұстафа Шоқаев және Әлихан Бөкейханов» атты деректі фильмді түсіруге көрсеткен риясыз көмегінің өзі бір төбе. Тағы бір есте қалғаны, ағамыз бас сұқса-ақ болғаны бүгінде жұртқа танымал кинорежиссерлар Рүстем Әбдірашев, Тілеген Ахметов бастаған кино төңірегінде жүргендер топырлап, менің шағындау кабинетіме сыймай кететін. Ағамыздың жан-жақты білімдарлығы қайран қалдыратын.

Бірақ кездескен сайын: «Қолында осыншама бай мұрағаты бола тұра, қаламы ұшқыр қаламгердің жасы егде тарқанша не бәрі үш-ақ кітабы жарық көруі қалай?» деген түйткілді сауал көкейімде тұратын. Бірде Алматыдағы «Студенттер» газетін басқаратын курстас досым Есқұл Қыдыров: «Амантай ағамыз жазғандарын кейде маған әкеледі. Студенттер жаппай таласа жүріп оқиды. Ал мына ремси басылымдар баспайды...» -деп күйінгенде тіксініп қалғаным бар-ды.

2003 жылдың шілдесінде ағамыз 70-ке қараған шағында мезгілсіз дүниеден озып, ақтық сапарға шығарып салу үшін Астанадан Алматыға арнайы бардық. Жазушылар одағы үйінде өткізілетін соңғы қоштасу рәсімі алдында жазушы бөлмесіне бас сұққанымызда көзге бірден шалынған үлкен кітап шкафы алдындағы ұзын үстелге қатар-қатар, қаттап қойылған 20-ға тарта көлемді бумалар әлі есімде....Олар да ұзынынан сұлата ақ матамен жабылып қойылыпты. «Амантай ағаның жарық көрмей қалған кітаптары ғой!...»-деп сыбыр еткен Есқұлдың даусын естігенде: «Япыр-ай, мұншама ғұмыр бойы жиған еңбегі өзімен бірге жоғала ма?! Кім-көрінген «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кете ме?!»,-деген ойдан денем түршігіп, көзіме еріксіз жас үйірілген-ді....

Бірақ қайран қазағым «Орнында бар оңалар» демеді ме? Жазушының қырқы өтер-өтпестен-ақ Гүлжан апайымыз бойын тез жинап, берік байламға келген. Сонау бағзы замандарда қан майданда қаза болған ерінің жоғын жоқтап, намысын қуып атқа қонған қазақтың батыр арулары сияқты нар тәуекелге бел буған. Жасы егде тартқанына қарамастан жарының мол мұрасын қайтсем жарыққа шығарам деп қажетті қаражат пен қолдау іздеп Алматы мен Астана, Ерейментау (ағамыздың атажұрты) арасында сан рет сабылып, талай министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың табалдырығын тоздырып, тіпті осы іске бір пайдасы тиер-ау деген қаншама адамды іздеп барып жолыққанының өзіміз де куәсі болдық.

Ақыры,2004 жылы алғаш «Тұңғиықтағы тұнықтар» (32 баспа табақ) кітабы жарық көрді. Содан соң-ақ, былайғы оншақты жыл жуабында арасына екі, үш жыл сала отырып, әрқайсысының көлемі 20-32 баспа табақ аралығындағы тағы бес бірдей кітабы жарыққа шықса, ал таяуда «Тарих құпиясын ақтарған» деп аталатын жетінші томы оқырман қолына тимек. Және қандай кітаптар десеңізші?!

Ғұлама тарих толқындары қатпарында қалған, бір кезде қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар ізімен табаны тиіп, көптеген елдер мен қалалардың көне архивтерін талмай ақтара жүріп тапқан сирек те құнды құжат-деректерді, алтын кеніш- ел арасынан тірнектеп жинаған аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелерді арқау еткен автордың зерделі зерттеу мақалалары, бұрын жарияланбаған пьеса, киносценарийлері, басқа да түрлі жанрдағы көркем-әдеби шығармаларынан іріктеп алынған 250-ге жуық іргелі туындылары осы жеті кітабқа жүк болған екен! .

Жазушының ізденімпаздығы мен еңбекқорлығы жөнінде қаламдас досы, танымал жазушы Ғаббас Қабышұлы мынадай деректер келтіреді: «Жалпы Амантайдың үйіне келушілер көп болатын .Қазақстаннан тыс елдерден де келіп жататын. Оның себебі,Амантайдың Мәскеудің тарихшы-архивариустер институтында оқығаны және үйінда болғанынан сол Мәскеуде, Ленинградта, Омбыда, Қазанда, Тәшкентте,қысқасы, Қазақстанға, қазаққа қатысты дерек барау деген мұрағатжайлардың бәрінде дерлік көбірек болып,кәсіптес жолдастарын көбейткені. «Қытайдың ғана қорасына кіре алмай жүрмін,онда бізге керек мағлұмат аз емес-ау» дейтін еді».

Иә,айтса айтқандай, автор бұл соңғы шығармаларында да қазағының жоғын жоқтап, жоғалғанын тауып, өзіне тән ұлтжандылық ұстанымынан айнымаған екен. Қазақ тағдыры сан рет қыл үстінде қалтырап, «мың өліп, мың тірілген» (Ж. Молдағалиев) небір қиын кезеңдерде халқына пана болған ұлы Абылай, Салқам Жәңгір, Әз- Тәуке, Әз- Жәнібек, Қасым, Есім тәрізді ұлағатты хандар, ұлысты ұйытқан билер, елі мен жеріне қорған болған Қанжығалы қарт Бөгенбай, Жалаңтөс, Нияз сияқты көптеген әруақты баһадүрлер А.Сатаевтың о бастан жанына жақын, көп зерттеген тақырыбы. Бүгінгі ұрпақ үшін елі мен жерін қорғаудың, жанқиярлық ерліктің үлгісі болар ондай тарихи

кейіпкерлеріне кейін де қайта оралып, тың деректермен толықтырып бірнеше нұсқаларын жазып қалдырған екен.

Соларың бірі Әз-Тәуке ханның тарихи рөлін айқындау. Орыстың архивтік құжаттарынан, кешегі Шәкәрім шежірелерін, алаш зиялыларының тарихи жазбаларын молынан пайдалана отырып алғаш «Жел өтіндегі елдің ағасы» атты көлемді зерттеу мақала жазған да осы жазушы. Әз- Тәукенің қазақтың шекарасын белгілеп, ішкі түрлі мемлекеттік құрылымдарын қалыптастыруға тұңғыш талпыныс жасаған хан екендігі, оның бүгінгі тарихшылардан лайықты бағаланбай, тек «Жеті жарғы» заңын жаздырған дегеннен ары аса алмай отырғанына қынжылады автор. Қасына ең білікті билер мен білекті батырларды жинап, бірлікті ұран еткен Әз-Тәукені орыстың әйгілі тарихшысы А.И. Левшиннің өзі сонау көне Спартаның атақты ақылгөй заңгері Ликругке теңегенін де екінің бірі біле бермесе керек («Тұңғиықтағы тұнықтар», «Елорда»-2004,54-55 беттер).

Ал, қазақ тарихында орны бөлек Абылай мен Әбілқайыр хандар жөнінде де орыс мұрағаттарынан бірқатар «жоқ іздегені» байқалады.Әбілқайырдың үш жүзге хан болу талабы орындалмаған соң-ақ Ресейге бет бұра бастауы жөнінде айтылатын, бұрын еш жерде жарияланбаған Молдажан Жадаевтың дастаны, Үмбеттей жыраудың жыр жолдары да тартымды, ой саларлық.

Қаламдастарының айтуынша, атақты Аттиланы да («Жаланы көп арқалаған жиһангер», «Шығыстын шыққан жиһангер») Амантайдай көп зертеген ешкім жоқ. Әлемді аузына қаратқан атақты қолбасшы «Аттиланың өскен ортасы бүгінгі қазақ жері екеніне ешкім шәк келтірмейтінін»,Ұлы Дала перзенті екенін мақтанышпен баяндайды. Ежелгі ғұндарды, түркілерді жабайы, тіпті адам жейтін каннибалдар етіп қасақана бұрмалап көрсетіп (неміс Феликс Дан,т.б.), ғасырлар бойы Аттиланы («зұлым», «қанышер»,т.б. атап) жеккөрінішті етіп келсе, ал шын мәнінде даңықты жиһангердің Еуропа елдеріне сол кездері дәуірлеп тұрған түркі- шығыс өркениетін, атап айтсақ ағашүй, монша салу, шалбар кию, атпен шабуылға шығу, ат әбзелдерін жасау,т.б. көптеген құндылықтарды ала келгенін көреміз. Еуроцентристік арам пиғыл, одан қалса кеңестік солақай саясат санасын улағандардың көздерін осылай ашады қазақ архивариус-жазушысы.

А. Сатаев әр кітабында есімдерін тарих қалтарыстарынан өзі қайта оралтқан ондаған тың кейіпкерімен таныстырады. Солардың қатарында жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының өзі бірқатар. Мәселен, «Жүсіпбекпен жүздесу» (Жүсіпбек Аймауытов), «Жазықсыз жазаланған жетпіс» (кеңестік асыра сілтеуге қарсы атақты «Адай көтерілісі») киносценарийлерін, Мұстафа Шоқаев («Мұстафа Тәшкентте», «Мұстафа Шоқаев пен Әміренің Париждегі кездесуі»), «Тозақты жеңген қазақ» (алыс Германияда, Түкістан легионында айдауда жүріп «Абылай хан» дастанын жазып, ұлы ханның алғашқы суретін салған қазақ жігіттері туралы), Кенесары хан, Әлихан Бөкейханов және т.б. туралы туындыларын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Ал, қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде мұндай тақырыпқа барудың өзі көп адамның қолынан келмейтін көзсіз батылдық екені айтпаса да түсінікті.

Мүмкін, кейбір ішітарлардың «партиялық қырағылық» танытып кітаптарын шығартпауына, лайықты қызмет, тиісті марапат бұйыртпауына мұның да салқыны аз тимеген болар. Бірақ ағамыз алда жарқын күндер келеріне, өз шығармаларының жарық көрер сәті туарына кәміл сенген сияқты. «Әуелі жинап алайын, сонсоң шығарам ғой!»-дейді екен.

«Бесшатыр» хикаяты тұнып тұрған тарих, шежіре. Мұндағы бас кейіпкер Шоқан Уәлиханов төңірегіндегі әскерилердің, қыр қазақтарының тұрмыс-тіршілігі көзбен көріп, қолмен ұстатқандай әсер қалдырса, көне аңыз-әңгімелер әлемі қиялыңды баурайды. Орыс империясы отарлау саясатымен келген әскерилер мен қарашекпенділердің тұмса табиғатты отап, ойран ғып «Верный» бекінісін салып, жергілікті қазақтарды мүлде адам деп есептемейтінін (Шоқанның ойы арқылы беріледі) оқығанда, жоғарыда айтылған Тың игерушіледің озбырлығы осының түрін сәл өзгерткен жалғасы ма деп қаласыз...Шоқан мен жазушы ойы астасып жатады.

40-дан астам пьеса мен киносценарилер жазса, солардың жарияланбаған басым көпшілігі автордың жеке мұрағатында сақтаулы. Құрманғазы, Тәттімбет, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сәкен Сефуллин, Шоқан Уәлиханов...тәрізді ұлтымыздың өнер, әбедиет, ғылым салаларының бетке ұстарлары туралы шығармаларының өзі 20-ның үстінде. Оның бәрін бұл шағын мақаламызда талдап жеткізу мүмкін емес, әрине. Тек қосарымыз, тарихилық пен деректілікті қазық еткен әр шығармасы-жаңалық, әр парағы қызықты мағлұмат, соны көріністерімен жетелеп, баурап әкететіні. Тілі бай, бір кезде аталарымыз бен әжелеріміз аузынан еститін шығыстан, арабтан сіңген көне сөздер мен ұмыт бола бастаған аңыз-жырларды төгілдіре қолданатыны. Тағы бір артықшылығы, жазғанын көңілге қонымды талдап, қажетті жерінде әлем тарихы мен әдебиетінен үзінді мәліметтер келтіріп отыру тәсілі де жас зерттеуші-ғалымдар үшін үйренерлік тағылым.

А.Сатаевпен кезінде қызметтес болған Қайырниса Жұмашқызының сөзімен айтсақ, «әр қазақтың ұлттық сауатын ашар, ой-өрісі көкжиегін кеңейтер» шығармалар. Ал, көрнекті ғалым-жазушы Тұрсынбек Кәкішов өзінің денсаулығы сыр беріп, көзіне ота жасатқанына қарамай А. Сатаевтың «Тұңғиықтағы тұнықтар» және басқа да кітаптарын бас алмай сүйсіне оқып шыққанын жаза отырып, кейбір «мұражай түгіл кітапхананың есігін ашпайтын ғалымсымақтарға... Амантайдың осы ктабын ежіктей де үйрене оқуға кеңес берер ем» деп түйіндепті.

-Бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы ғой. Алдарына барғанда меселімді қайтармай Амантайдың жеті томын шығаруға қолдау көрсеткен министр інілерім Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Арыстанбек Мұқамедиұлына алғысым шексіз,-дейді Гүлжан апай шүкірлік етіп. Жазушының бай мұрағатын оқып-сұрыптап, жоғын түгендеп, барын кітап етіп құрастыру тәрізді қыруар істі қыздары Сәуле мен Жанардың көмегінсіз бір өзі атқара алмасын айтады. Әке

жолын қуған екі қызы да білікті де беделді мұрағат мамандары екенін мақтан тұтады.

Сатаевтар әулеті әсіресе, жастары ұлғайғанына қарамастан ақыл-кеңестерін аямай, арнайы мақалалар жазып, қолдан келгенше демеп баққан жазушының қаламдас достары Тұрсынбек Кәкішов пен Ғаббас Қабышұлына дән риза. Тұрсынбек аға дүниеден озарынан сәл бұрын бір хабарласқанында: «Амантайдың еңбектері қазіргі ұрпаққа ауадай қажет,неге тездетпейсіңдер!»-деп асықтырғанын еске түсіріп көзіне жас алады кейуана.- Әттең,Амантайым осы кітаптарын көре алмай кетті ғой!» деп күрсінетіні де бар... Ұлағатты Ана отбасына амандық-саулық тілегеннен өзге не айта аламыз.

Тұжырымдай келе, А.Сатаев шығармаларының феномен-артықшылығы неде?-дегенге келсек, ол-қазақ тарихшылары кеңестік кезеңнен әрі аттап баса алмай (сотталып кеткен тарихшы Е.Бекмаханов пен қуғын көрген І.Есенберлинді айтпағанда), өзге ұлт өкілдерінің аузына қарап қалған бүкіл тоталитарлық кеңестік кезеңде қаймықпай, талмай жауһарларын теріп Төл тарихымызды төрге сүйреген бірден-бір адам осы Амантай Сатаев екенін көреміз!

Бұл әсіресе, жаһандану үдерісі ұлттық құндылықтарымызды жан-жақтан жағадан алып, алып империялар экспансиясы сығалап қарап,сыналап ене бастаған бүгінгідей тұста Тәуелсіздігіміз тұғырын нығайтып, ұлттық идеологиямызды күшейту үшін төл тарихымызды білу қай кездегіден де маңызды десек, А.Сатаев еңбектерінің өте-мөте құндылығына тағы бір көз жеткізе түсеміз. Олай болса, Амантай Сатаев шығармалары да халқымен бірге жасап, ұлт игілігіне қызмет ете береріне күмән жоқ.

Болат Жәмкенов,

Қазақстанның құрметті журналисі.

ҚР Мәдениет қайраткері