Үкімет басшысы орынбасары Алматы облысына барды

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегацияның Алматы облысына сапары бүгін де жалғасты.

Сапардың екінші күні Талдықорғандағы электр техникалық құралдар шығаратын «Инфраэнерго» ЖШС-дан басталды. Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі - жарылыстан қорғалған электр жабдықтарын, аппаратураларын, бақылау, аварияға қарсы қорғаныс және сигнализация жүйелерін жасау, монтаждау мен жөндеу. Өткен жылы «Инфраэнерго» ЖШС жалпы сомасы 2 млрд. теңгенің, ал осы жылдың 1-тоқсанында сомасы 436,4 млн. теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы ресми делегация кәсіпорынды аралауы барысында айтылды. Қонақтар төмен вольтты қондырғылар цехында, механикалық цехында болып жұмыс барысымен танысты.

Осы кәсіпорында Үкімет басшысының орынбасары Г. Әбдіқалықова аудан, қала әкімдерімен, ірі кәсіпорындар басшыларымен, бизнес-қауымдастық өкілдерімен, кәсіподақ ұйымдары жетекшілерімен әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік жауапкершілік жөнінде кездесу өткізді.

Жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасының берген әлеуметтік қолдау шаралар туралы тапсырмаларына орай үкіметтік делегация ел ішіне шығып, қандай шаралар атқарылып жатқанын халыққа жеткізуді мақсат етіп келгендерін айтты. Сонымен қатар осы бағытта өңірде атқарылып жатқан істерге де қысқаша тоқталды.

- Облыста 1300 кәсіпорын болса, соның 100-і орта және ірі нысандар санатында. Онда 79,8 мың адам жұмыс істейді. Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде төмен жалақы алатын 100 мың адамның жалақысы өсірілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. 2018 жылы "Еңбек шартын жасаңыздар" республикалық акциясы аясында 904 жұмыс беруші өз қызметкерлерімен еңбек қатынастарын заңдастырып, олармен 2171 еңбек шартын жасасты. Өңірде өткен жылы 25 520 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, іс жүзінде 31 295 жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы тағы 25 660 жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, қайырымдылық көмек көрсетуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене қатысып келеді. Және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады деп ойлаймын, - деді.

Өз кезегінде Г. Әбдіқалықова экономиканың нақты секторын, бизнес-қоғамдастықты мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысуға шақырды.

- Бүгінгі күні әсіресе, ірі кәсіпорындарда жалақы қарызына, жұмыстан қысқартуға жол беруге болмайды. Қысқартқан күнде де жергілікті әкімдіктер жұмыспен қамту орталықтарымен бірігіп жұмысқа орналастыруды қарастыруы керек. Еңбек қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болсын. Облыс басшысы Амандық Баталов айтып өткендей, Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыс оңды жүріп жатыр. Халықтың көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған санатын әлеуметтік қолдау шараларына үш жылда республикалық бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлінеді. Бұл – өте үлкен сома. Соның ішінде төмен жалақы алатын азаматтардың жалақысын өсіру, түрлі әлеуметтік көмектер қарастырылуда. Мемлекеттің осындай қолдауымен қатар, іргелі кәсіпорындар да өз ұжымдарында жұмыс істейтін көп балалы аналарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік жәрдем жасау жағын қарастыруы тиіс. Оның жақсы үлгілері Алматы облысында бар - деді Г. Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев та әлеуметтік қолдау шараларына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталып, мәліметтер келтірді.

- Бүгінгі күні жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасы енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс барысында қызметкерлердің барлық құқықтарының сақталуына ықпал ететін шара болмақ. Бұл бағытта Алматы облысында еңбек шарттарын жасасу көрсеткіші жоғары, өңірде оның жалпы саны 11 317-ге жеткізілді. Мониторинг барысында белгілі болғандай, Алматы облысындағы 43 ірі кәсіпорында жұмыс істейтіндердің 700-ден астамы көп балалы болса, соның 524-і – баспанасыз. Сондықтан бизнес қауымдастықтың әлеуметтік жауапкершілігі туралы бүгін сөз қозғап отырмыз, - дей келе Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспанов секілді ірі меценаттардың жасаған көпке үлгі істерін тілге тиек етті.

Бұл орайда атап өтсек, Жамбыл ауданынан «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов ауылдастарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік салаға да үнемі қолдау білдіріп отырады. Өз жеке қаражаты есебінен 50 орындық балабақша, заманауи футбол алаңын, сауда үйін салды. 2008 жылдан бастап өз шаруашылығында жұмыс істейтіндер қатарындағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларына 105 үй салып берген. Жиын барысында Т.Шайнүсіповтің де есімі аталып, ісі үлгі етілді.

Жарыссөзге «АСПМК-519» кәсіпорнының директоры Виктор Сычев, «Бірлік» агрофирмасының басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаев, «Алматы бояулары» зауытының директоры, Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының төрайымы Римма Салықова, «Жақсылық» шаруа қожалығының басшысы, Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров шығып, өз ұжымдарында қызметкерлерге жасалып отырған қамқорлық шаралары туралы айтып берді. Мәселен, басқа демеушіліктерін айтпағанның өзінде «Бірлік» агрофимасы Балқаш ауданында 7 көп балалы отбасына үй салып берсе, Жақсылық Үшкемпіров ауылдық елді мекендерді газдандыру ісіне зор үлес қосып отыр.

Одан әрі Г.Әбдіқалықова Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының Неонаталдық орталығына барды. Орталықтағы қазіргі заманғы құрал-жабдықтар балалар мен жаңа туған сәбилерге жоғары мамандандырылған хирургиялық, травматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Оның жұмысы нәресте өлімін азайту мақсатында патологияны ерте сатыда анықтау мен алдын алуға бағытталған. Орталықта жұмыс бастағалы бері 189 операция жасалған, соның 18-і жаңа туған сәбилерге жасалды. Атап өтсек, Талдықорғанда Неонаталдық орталық ашылғанға дейін мұндай операциялар жасалмаған болатын.

Жұмыс сапарының соңында Премьер-Министрдің орынбасары «Қаратал» шағынауданындағы студенттерге арналған жатақхана құрылысының барысымен танысты. Құрылысы аяқталмаған қонақүй ғимаратын қайта жаңғыртудың арқасында қалада 288 орындық заманауи студенттік жатақхана бой көтереді, маңындағы аумақ абаттандырылатын болады. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайды.

Осылайша Үкімет делегациясы өзінің Алматы облысына жұмыс сапарын аяқтады.