Өзбекстанның ұлттық порталы қазақ тілінде ақпарат тарата бастады

Өзбекстанның ұлттық порталы қазақ тілінде ақпарат тарата бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында жазды.

"Өзбекстандағы Қазақстан жылының жариялануына байланысты УзА ұлттық агенттігі қазақ тілінде ақпарат тарата бастапты. Бұл бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерген Елбасымыз Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевтің арқасы", - деп жазды Тоқаев.

Еске салайық, таяуда Ақорда сайтында 14-15 сәуір күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына баратыны хабарланған еді.

Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және көлік-транзиттік салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басты тақырыптарды талқылайды.

Бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады.