Алтынның сом сынығы

ТАҢҒАЖАЙЫП ҚАСИЕТ ИЕСІ

1950-1970 жылдарда жұмысқа кеш келу, ерте кету дегендер болмайтын. Түскі тамаққа да дәл сағат бірде шығып, екіде қайтып оралатынбыз. Міне, сол сәттерде жүзі жылы жас әйелді жиі көріп, оның сүйкімді сырт тұлғасына, қарапайым, бірақ үйлесімді киім киісіне, мәдениетті, ибалы түрде амандасқанына қарап, қатты сүйсініп, «бұл кім екен?» деп ойлай бастадым. Бірақ «айт жоқ, құрайт жоқ» жабыса кетіп, таныса салу оның да, менің де мінезімде жоқ болса керек. Дегенмен, адам, ұлы Абай айтқандай, әр нәрсені «білмекке құмарлыққа» бой алдырады ғой. Күндердің күнінде, біраз уақыт өткен соң, өзіммен бір бөлмеде отыратын (ғажабы, бұл күнде үлкен ғимараттың бір қабатын түгел алып, 14-15 кабинетке әрең сыйып жұмыс істеп келген тіл мамандарының ұжымы сол тұста үлкен бір ғана бөлмеде отыратынбыз), қызметтес әйелдердің көшеге бірге шыққан біреуінен әлгі көріп жүрген жанның кім екенін сұрадым. Сөйтсем, ол – ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің Ләйла атты қызы екен, ол да Мәскеу университетін бітіріп келіп, Академиямыздың Тарих институтында мен сияқты кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүр екен. Мұны білгенде бұл жас әйелге одан сайын сүйіне түстім. «Құдай-ау, ұлы адамның баласы да осыншама қарапайым (орысша айтсақ, «скромная») болады екен-ау! Машинаға мінбей (әкесінің машинасын пайдаланбай, не ақша төлеп жалдап дегендей) үйіне біз сияқты жаяу барып (не трамвайға мініп), жаяу қайтады екен-ау!» деп таңырқадым және «мен пәленшенің қызымын» дегенді көзге ұрып көрсететін бір де бір қылығы байқалмайтыны маған ғажап болып көрінді. Оның орнында біз болсақ, тірі жанды көзге ілмей, әке даңқынан ісініп-кебініп, өз терімізге өзіміз әрең сыйып жүрер ек. «Не деген тәрбие, не деген ішкі-сыртқы мәдениеттілік!» деп қызыға түстім. Бірақ соның өзінде де бас салып таныса қоюға мені де «далалық аристократтығым», интеллигенттік тәрбием еркін жібере қоймады. Дегенмен, сөз жоқ, реті түсті... Ләйла Мұхтарқызымен танысуыма апарған жолдың өзі – бір хикая.

1956-1957 жылдары Респуб­ликалық академиямыздың Тіл-әдебиет, Тарих институттарында Ломоносов атындағы Мәскеу университетін бітірген тіл мамандары Болат Сүлейменова, Нәдия Қарашева (атақты Ғұмар Қарашевтың немересі), Раиса Дауылбаева (Өрекенова) сияқты жастар және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттінде оқыған Евгения Васильевна

Лизунова тәрізді болашақ ғалымдар жұмыс істеді. Лингвист әріптестермен бір кабинетте отырып, бірге кіріп-шығып, тынымсыз өтіп жатқан ұзын-сонар жиналыстарда бірге отырып дегендей тез танысып, табысып кеттік. Әсіресе, Нәдия Қарашевамен жақындасып кетуіме, орысша айтқанда, ең жақын подруга болуымызға себепші Норвег композиторы Эдвард Григ болды: сол жылдары (1956-1957) «Огонек» журналында композитор өмірінің кішкентай эпизодын суреттеген ғажап бір әдемі әңгіме жарияланған-ды, соны оқып, көркем туындыға мәз болғанымды айтып отырғанда, сол әңгімені Нәдия да оқығандығын, оның да бұдан ғаламат бір әсер алғанын айтты, екеуміздің көркем дүниеге деген «вкусымыз» бірдей шыққаны бізді бір-бірімізге тез жақындатып жіберді. Ал Нәдия дәл осындай себептермен әдебиетші Евгения Лизуновамен жақын табысып кеткен екен, менің Женямен (Евгения Васильевнамен) жақсы дос болып, өле-өлгенше сыйласып өтуіме Нәдия себепкер болды. Ал Евгения Васильевна мен Ләйла Мұхтаровна да сыйлас, сырлас «подругалар» екен. Демек, Женя арқылы Ләйланы тани түстім.

Біздерді табыстырған тек достастық, замандастық, қызмет­тестік емес, айналаға, мәдени, әдеби дүниеге деген таным-түйсігі­міздің жақындығы, рухани жақын­дығымыз еді.

Ләйла Мұхтарқызы «подругам­ның подругасы» болып қана емес, өзінің бүкіл адамдық болмысымен («личность» ретінде), терең, табиғи мәдениеттілігімен, жақсы білімдарлығымен, ұяң, сабырлы мінезімен, тіпті, тапқыр, орынды юморымен өзіне тартты, шынайы сыйлатты, адалынан сүйіндірді. Бұдан қырық жылдан астам бұрын басталған жақындық Евгения Васильевна мен Ләйла Мұхтаровна өмірден қатар озғанға шейін үзілмеді, жылдан-жылға беки берді.

Тек бұл үш-төртеуіміз ғана емес, сол кезден (1950 жылдардың соңынан бері) Академияның институттарында ұзақ жылдар қызмет істеген Болат Сүлейменова, Оразгүл Нұрмағамбетова, Балым Ақмұқанова, Қанапия Неталиева, Сәбира Тойшыбаева, Райса Өрекенова сияқты замандастар-құрдастар бір-біріміздің үйлерімізде болып, әр алуан «құтты болсын!»-дарды бірге айтысып, жастық шағымыз бен есейген жылдарымыздың шуақты күндерін бірге өткізіп жүрдік, ғылымдағы болсын, отбасыздағы болсын, жаңалық-өзгерістерімізге қуаныстық, кітаптарымызды әсем тілектер жазып сыйласып тұрдық.

Мұндай басқосуларда Ләйла орысша қарапайым тілмен айтқанда «заводила», қазақ­ша айтсақ, көп харекеттің «мұрын­дығы» болып жүретін. Әр алуан мерей­тойларда сол тойлардың иесі өзіміздің «қыздардың» (қатар үзбей аралас-құралас жүрген он шақты әйел көбіміз кексе тартып, әже болғанымызға қарамай,

бір-бірімізге «қыздар» («девочки») деп сөйлейтінбіз) бірі бола қалғанда, соған арнап сыйлық (подарок) таңдау қажет болса, Ләкең мен Жекеңе (Женяға) міндет артатынбыз, өйткені екеуінің де «вкустары» ғаламат болатын, өзгелерді қуанта білетін ықыластары қандай еді!

Әр кез дастарқандас болып жүріп тағы бір түйгенім – жоғарыда аттары аталған әйелдердің барлығы да білімді ғалым, талант иелері болуларымен қатар, адам қызығарлық ошақ басының құты – «хозяйка», өнегелі ұлдар мен тәрбиелі қыздар өсірген ана, жолдасы – ер азаматтың қараша басын хан тұтқан жар болды дегенді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, мақтана айтар едім! Біз өсек-аяң айтуды, айналамызбен шатасып ұрысып-керісіп жүруді, арақ-шарап ішіп «настроение көтеруді» білмей өттік. Не бір қызды-қызды өтіп жататын той-томалақтардағы, қонақтықтардағы дастарқан басында осынау бір топ әйел достардың не ақ арақ, не коньяк ішкенін көргенім жоқ. Мұны да темекі тартып, коньяк, виски ішіп жүретін «еркін қылықты» бүгінгі кейбір әйелдерге өнеге ретінде айта жүрер ем. Бұрқыратып шылым шекпей, еркектермен соғыстырып арақ ішпей өткен біз ешкімнен қор, кем болғанымыз жоқ. Үлкендердің де, замандас-тұрғыластардың да, кейінгі ұрпақ бала-шағаларымыздың да алдында ешбір қызармайтын болып ғұмыр кешіп келеміз. Осындай біздің ішіміздегі арамыздан бұрынырақ кеткен Евгения Лизунова мен Ләйла Әуезованың орындары айрықша еді. Олар адамға тән көптеген мінез-құлықтардың үлгісі, эталон болып өтті.

Ләйла Әуезоваға деген менің айрықша ықыласым, бір жағынан, оның туған әкесі, біздің рухани әкеміз, халқымыздың ұлттық санасының тірегі, әдебиетіміз бен ғылымымыздың асқар биігі Мұхтар Әуезовке деген шексіз табынудың әсерінен де болатын.

Мектеп оқулықтарына енген әңгіме-повестерін оқып сусындағанымызды былай қойғанда, 1942 жылы «Абай» атты кітапты балғын жас кезі­мізде оқып, қиялымызға қанат бітірген, арманымызды асқақтата түскен шығарманың авторы мен үшін (тек мен емес, мыңдаған өзгелер үшін де) көз жетпес заңғар биіктіктің символы болатын. Сол биік тұлғаны 1945 жылдан бастап жүзін көріп, лебізін тыңдап, кейінірек, тіпті, бір институтта қызметтес болған біздерге өзгелердің сол тұүста да, бүгіндері де «бұлардың не арманы бар екен?» деп қызыға да, қызғана да қарайтынын сеземіз. Оның үстіне ұлы Мұхаң – менің үлкен ғылымға жол сілтеген ұстазым: «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертация тақырыбын өзге емес, Мұхаң ұсынған еді, сол бас­тама ұлы Абайдың бүгінгі жазба әдеби тіліміздің даму барысындағы орны мен

қызметін зерттей түсуге, бүкіл шығармашылығының тіл байлығын, поэзиясының көркемдік өрнегін, өлеңдерінің архитектоникасын тереңірек зерделеуіме алып келді. Мүхаңның киелі сөзі (ақылы), құтты қолы ғылымдық жолымды ашты. Сөйткен ұстаздың туған қызының есімі маған ыстық болмағанда ше!

Ләйла Мұхтарқызы замандастарына, айналасына ұмытылмас бейнесін қалдырды деп ойлаймын: адамдық қасиеті, ғалымдық таланты, аналық тәрбиесі, құрбылық адал достығы – баршасы қызың болса, осындай болсын, жарың, анаң, туысың, жолдас-подругаң болса, осындай-ақ болсын! – деп, ағымыздан жарыла айтатын жан еді.

Қайтелік, арамыздан ерте кетті, еңіретіп кетті, есімізде көзіміз жұмылғанша сақтап жүретін, кейінгі ұрпаққа жыр етіп айта жүретін есімін қалдырды. Әлі талай естеліктер жазылар, мұрасы сөз болар, ғылыми еңбегі талданар – осылардың барлығында Ләйла Мұхтарқызы Әуезова деген қасиетті есім биіктен көріне беретініне иманым кәміл.

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымының докторы, профессор

 

ҚАЗАҚТЫҢ ИНАБАТТЫ ҚЫЗЫ ЕДІ

Ләйла Мұхтарқызы Әуезовамен менің алғашқы таныстығым 1965 жылы 12 қаңтар күні «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпта Абай атындағы ҚазПИ-дің Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациямды қорғау үстінде сырттай басталған еді.

Диссертацияның тақырыбы әдеби жұртшылық ортасында әрқилы пікір тудырып, ойбай не дейсің, абайтануды бүлдіріп жатыр екен, М.Әуезовті комментатор депті деген сыпсың сөз таратылып жатты.

Л.Мұхтарқызы өзінің сырлас құрбысы Е.Лизунова екеуі залдың орта тұсында отырып, диссертацияны қорғау үстінде қызу пікір таласына ұласқан айтыстың беталысын бақылауға зейін қойған қалпы байқальш тұрды. Қорғау үстінде он сегіз

ресми, бейресми төреші пікір таласының көркін қыздыра отырып, уақыттың бес-алты сағатқа созылып кеткенін аңғармай да қалыппыз. Қорғаған еңбекке дауыс беріліп, нөтижесі ресми түрде хабарланған соң, жиналғандар у-шу болып өзара пікір таласын жалғастырып тарай бастағанда, Ләйла Мұхтарқызының сабырлы, бірқалыпта жай басып шығып бара жатқанын көзбен ұзатып, нендей пікірде қалғанын біле алмай, дүдамал күйде қала бердім...

Өзбекстанда Ғ.Ғұлам атындағы мемле­кеттік Сырдария педагогикалық институты 1966 жылы ашылып, жаңа оқу жылы басталысымен мен жаңадан бой көтерген төрт факультеттің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жаттым. 1968 жылы институттың проректоры және ректорының екі жылдық докторантураға шығуына байланысты ректор қызметін уақытша атқарушы болып жүрген кезімде, Сарыағаш курортынан Баукең (Момышұлы) үйге қонақ болып келіп қалды. Келісімен Баукең:

– Маған Серік Қирабаев теле­фон соқты. Сені ҚазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасына оқыту­шы­лыққа алмақшы, тез хабарласқын, – деді.

Баукеңмен кездесулер өткізіп, абыр-сабыр басылған соң Секеңмен хабарласып, қазақ әдебиеті кафедрасына доценттік қызметке түпкілікті түрде ауысып та алдым.

Келсем, Алматыда әдебиет саласында ғылыми түрғыдан өсу қарқын алып тұр екен. Шамама қарай мен де осы дүрмекке қосылып, абайтану саласынан іздене бастадым. Абай мұрасы жайында жаңа деректер көзіне құрылған мақалаларды жиі жазып, оқырман назарын өзіме аудара бастадым. Ғылым академиясында Абайдың 125 жылдығына арналған бас қосуда филология ғылымдарының докторы, профессор Ысқақ Тәкімұлы Дүйсембаев баяндама жасап, мен туралы жылы пікір білдіріп өтті.

Арада екі апта уақыт өткенде Ысқақ аға кездесіп қалып:

– Мекемтас, сен біздің бөлімге керексің, ғылыми қызметке келсеңші, – деп тілек білдірді.

– Ысқақ аға, мен ойланайын, – деп, көп уақыт бойы хабарласпай жатып алдым.

Өйткені ғылыми жұмыстың жүгін көтере алмаспын деп өзіме сенімім де жоқ еді. Ақыры мені көндірді. Өз бөліміне аға ғылыми қызметкер етіп алу тілегімен директорға екі рет ресми қызмет хат жазып, бірақ мені өткізе алмады. Директор келісімін бермеді. Осы себепті Ысқақ аға басқа тәсілге ауысып:

– Сені Ләйланың бөліміне өткіземін, бір жыл өткен соң өзіме қайтарып аламын. Ләйланың айтқанына бастық қарсы тұра алмайды, – деп бар денесі селкілдеп күліп мәз болып, маған сынап қарады.

– Ысқақ аға, мен Ләйламен таныс емеспін. Мені жақсы білмейді әрі диссертация қорғағанда қатысқан. Бірақ қандай пікірде кеткенін де білмеймін, – деп басымды ала қаштым.

Себебі, пікірталас үстінде мен «Мұхтар Әуезовті комментатор деп жазыпты» деп қатты сынға ұшыраған едім, осы жағынан сескене бердім.

– Ой, сен оны қой. Ләйла олай ойламайды, кезінде сөзге ерсе, ерген шығар, бірақ ол түсінетін тәрбиелі кісі. Мен Ләйламен келісейін, үшеуміз оңаша жолығып сөйлесейік, – деп, шақырған күні кел деп уәдемді алып қалды.

Екі ойлы болып мен кеттім. Бұл 1975 жылдың мамыражай жазы еді. Екі апта өткен соң келісім бойынша Ләйламен М.Әуезовтіңәдеби-мемориалдық музейінде ұшы­растық. Ысқақ аға алдын ала келісіп қойған-ау деп ойладым. Өйткені әңгіме көпке созылмай, мені музейге аға ғылыми қызметкер етіп алатын болды. Ләйла маған:

– Енді М.Әуезов мұрасы жөнінде ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге тура келеді, – деп, жұмсақ дауыспен күле отырып ескерту жасады.

Ысқақ аға да бұл пікірді қолдап жатты.

Қысқасы, музейге аға ғылыми қызметкер болып қабылдандым.

Ләйла Мұхтарқызы барлық қызмет­керлерді жинап алып, мені таныстырды. Онсыз да ол қыз­меткерлердің бәрін де бұрыннан білетінмін. Менің келуімді олар түгел мақұлдап, жылы қабақ танытып қуана қарсы алуына рухтанып қалдым.

Ләйла маған:

– Енді музей жұмысымен танысып, не істеу керектігін өзіңіз таңдаңыз, – деп ескертті.

Екі-үш ай уақыт өтті, ғылыми зерттеу тақырыбын айқындай алмай толқумен жүрдім. Музей қызметкерлері «М.Әуезовтің мүрасы» деген зор көлемді тақырып маңында көп жұмыстар тындырып қалыпты. Оған орта жолдан қосылудың реті келмеді. Ешнәрсе тындырмасам да, айлығымды алып жүріп жаттым. Не де болса Абай мен М.Әуезов мұрасын қатар алып, зерттеу жұмысына кіріссем деген ойымды Ысқақ аға мақұлдап жатты. Осы ойымды Ләйлаға кеңесіп, ақылдасу ретінде айтып едім:

– Оны Ысқақ Төкімовичпен ақыл­дасайық, – деп, Ысқақ ағаны музейге келіп кет деп арнайы түрде шақырды.

Ысқақ аға тез жетті. Мен ойымды ортаға салдым. Абай мұрасының Мұхтар Әуезов тарапынан зерттеліп, абайтанудың негізін қалауы, көп томды эпопеялық көркем туындылар беруі – әлем әдебиеті тарихында ұшыраса бермейтін сирек құбылыс. Дәл

осыны ғылыми зерттеу нысанасына алсақ, молдық етпес, аздық етпес деген байламға келдік.

Ләйла Мұхтарқызы бұл ұсы­нысты қуана қабылдап:

– Институт жоспарына енгі­зейік. Мекең қысқаша ғылыми жоспарын жазып, алып келсін, – деп тапсырмасын да беріп салды.

Ысқақ аға:

– Мекемтастың таңдауы ойға қонады. Бірақ оның тақырыбын нақтылы айқындап алмаймыз ба? – деп Ләйла мен маған ой сала қарады.

Дәл осы жолы әртүрлі тақырып атаулары аталса да, бір байламға келе алмадық.

Ләйла:

– Мекең жазушы архивімен танысып, тақырып жөнінде бір тұжырым жасағанша, күте тұрайық, уақыт бар емес пе? – деп Ысқақ ағаға сабырлы қалыппен ой бөлісе қарады.

Ысқақ аға да басқа пікір айтпай:

– Әйтеуір, зерттеу нысанасы айқындалды ғой, тақырып қайда барар дейсің, табылады ғой, – деп, толқып отырған маған асықпай іздене бер дегендей тоқтам бере сөйледі.

Үш-төрт ай көлемінде М.Әуезов архивінен, негізінен, ғалымның абайтанудан жарияланбаған материалдарын іздестіріп, таныса бастадым. Әр дерек көздерін жинастырып, түбінде жеке кітап етіп бастыру мақсатым да осы тұста ойға оралған еді.

Абайтанудан жарияланбаған дерек көздерін іздестіру үстінде М.Әуезовтің 1956 жылы абайтанудан болып өткен пікір таласында жасаған баяндамасының орыс тіліндегі түпнұсқасын ұшыраттым. Тексі қолмен жазылғаны, әрі асығыс жазылуы себепті оқу қиынға соқты. Бірақ түпнұсқа болуы себепті де меңгеруге бар ынта-жігерімді салып ұмтылдым. Бірнеше күн бойы отырып, машинкаға түсіріп, көшіріп те алдым. Өйткені іздеген тақырыбымның жобасы да, тақырыбы да, осы қолжазба негізінде туындауы себепті, пікірімді дереу Ләйламен ақылдасып, кеңестім де, тақырыпты «Мұхтар Әуезов және абайтану мәселесі» деп атауды ұсындым. Ләйла Мұхтарқызы қуана мақұлдап, бірден Ысқақ ағаға телефон соғып хабарлап та үлгерді.

ЬІсқақ аға телефон арқылы тақырыпты «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деп атауды ұсынды. Біз бірден келістік.

Зерттеу жұмыстарыма байланысты қолда бар дерек көздері мен архив қазынасын қоса қарастыруға тура келді. Семей, Алматы, Ташкент, Қызылорда, Орынбор, Мәскеу, Омбы архивтерін қарастырдым. Бірақ кейбір құпия архив көздерін танып білуге есік жабық болды. Ләйла Мұхтарқызы бұл жолы да көмектесіп, Семей, Омбы архивіндегі

құпия құжаттарды қарап, танысып шығуға тиісті орындардан екі рет рұқсат қағазын алып берді.

Бірде әңгіме үстінде Ташкент қаласында Зиябек Рүстемовтің «Қасымовшылдық тамырына балта шабайық» (1930 ж. Ташкент) кітабында 1929 жылы қамауға алынған Алаш азаматтарын сұрап тергеудің стенограммасы пай­даланылғанын, онда М.Әуезов туралы қысқа болса да дерек көзі барлығын хабарладым. Бұл деректің толық түрі Ташкентте сақталуы мүмкін. Бірақ құпия материалға рұқсат болса, табар едім деп тілек білдірдім.

Ләйла бұл мәселеге айрықша мән беріп, Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік Комитетінің бастығы Шевченконың қабылдауында болды. Шевченко:

– Сіздің қызметкеріңізге рұқсат бере алмаймыз, оған құқымыз жоқ. Бірақ Ташкенттегі деректі іздестіруге КГБ-ның бір қыз­меткерін жіберейін, – депті.

Ләйла мені дереу Ташкентке іссапарға аттандырды. Бірақ іздеген дерек көздеріне қол жеткізе алмасам да, М.Әуезовтің тұтқынға алынған мерзімін айғақтайтын құжатқа қол жеткіздік.

Зерттеу тақырыбымды да аяқтап, қолжазбаны монографиялық кітап етіп шығару мерзімі де келді. Ол кезде кітап бастыру – қиынның қиыны. Барлық сүзгілерден өтсең де, ең соңғы сүзгі Академиялық РИСО-дан (Редакциялық Баспа Кеңесінен) өту қиын. Бар үмітіміз – Ләйлада.

Бір білетініміз: біткен іске Ләйла Мұхтарқызы араласпай тұра алмайды. Ол кезде РИСО-ның бастығы – Зәки Ахметов. Мен туралы Зекеңе тапсырған болса керек.

Зекеңе барғанымда:

– Кеңес үстінде академиктер не десе де мақұлдай бер, – деп күліп қойды.

РИСО-ның кеңесі де бас­талып кетті. Алғаш рет археолог ғалым Оразақ Смағұловтың қолжазбасы талқыланып, әрең дегенде басылымға жіберуге келісім берілді. Дулат жырау туралы Құлмат Өмірәлиевтің қолжазбасы дау тудырып, басылымға жіберілмей қалды. Енді кезек маған келді. Мені де ары қуып, бері қуып сұрақтар беріп қыспаққа алды.

– Айтқан сыңдарыңыз дұрыс, бәрін де қабылдап, түзетемін, – деп қол қусыруға тура келді. Әйтеуір, әупірімдеп жатып шешім алынды-ау.

Әрине, Ләйла Мүхтарқызы ара түспегенде қолжазбаның жарық көруі екіталай болатынын сезіндім. 1982 жылы жазда кітабым «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деген атпен «Ғылым» баспасынан шықты. Алғашқы данасын Ләйлаға естелік ретінде сыйға тартқанымда, рахметін айтып отырып:

– Осы тақырыпқа қорқа отырып барып едіңіз, нәтижесі тамаша болды ғой, – деп, өзімнен бетер қуанып, өз кітабы шыққандай шаттанғанын көріп, халқымның тәрбиелі де инабатты қызы ғой деп ішімнен қуанып едім.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының

лауреаты, филология ғылымының

докторы, профессор

  Өмірдерек Лейла Мұхтарқызы Әуезова – тарихшы, жазушы М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші маман, оның ғылыми-зерттеушілік қызметін зерделеді, қазақ кеңес әдебиетінің жетістіктерін насихаттаумен айналысты, тарих ғылымдарының кандидаты (1958), тарих ғылымдарының докторы (1975). Л.М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультеті, шығыстану бөлімін тәмамдады (1952). СССР ҒА Шығыстану институтының аспиранты (1955), Қаз. ССР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарды(1956), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, М.О.Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражай үйінің меңгерушісі қызметін атқарды (1962). Қаз. ССР ҒА құрамында алғаш тек жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеу, жинау, оның шығармашылығының ғылыми жарияланымдарын зерделеу бойынша ғана емес, сонымен қатар қазақ совет әдебиетінің жетістіктерін насихаттаудағы маңызды әдістемелік орталыққа айналған М.О.Әуезов атындағы әдеби-мемориалды мұражайын құру бойынша үлкен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстар жүргізді. Қазақ әдебиеттануындағы жаңа сала – әуезовтанудың қалыптасуына зор үлес қосты. 1980 ж. «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихы мәселелері» және жазушының шығармашылығы туралы жүргізген көлемді жұмыстары үшін Қаз. ССР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Мәскеу қаласында «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде жарық көрген М.Әуезовтің 5 томдық шығармалар жинағының алғашқысын, жазушының қазақ тіліндегі 20 томдық шығармалар жинағын, жазушының жарыққа шықпаған бірнеше еңбектерін, ол жайында жазылған замандастарының естеліктер жинағын, оның еңбектері жөнінде библиографиялық көрсеткішті және т.б. даярлауға және басып шығаруға атсалысқан. Негізгі ғылыми еңбектері: Валиханов Ч.Ч. Избранные произведения. Алма-Ата: Казгослитиздат, 1958. 643 с. (Одна из сост.). Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти томах. Алма-Ата: Изд-во АН Каз ССР, 1961, т. I; 1962, т. 2 (Одна из сост.); Библиографический указатель по творчеству М.О.Ауэзова. Алма-Ата: Наука, 1972.Т. 1, 254 с. (на каз. и рус. яз.) (Ответ. ред., одна из сост., авт.предисл.). Мухтар Ауэзов в воспоминаниях современников. Алма-Ата: Жазушы, 1972. 359 с. (Член редкол., сост. авт. вступ. статьи и коммент.). Ауэзов М.О. Собрание сочинений. В 5-ти т. М.: Художественная литература, 1973-1975 (Одна из сост., член редкол., авт. примеч.) Наш Мухтар: (Воспоминания о М.О. Ауэзове). Алма-Ата: Жазушы, 1976. 431 с. (на каз. яз.) (Авт. коммент.). Земледелие у казахов. Переселение уйгуров и дунган. Развитие земледелия в Семиречье. - В кн.: История Казахской ССР: (с древнейших времен до наших дней). Алма-Ата, 1979, т. 3, с. 268-290.

qazaquni.kz