ҰҚК Қызылорда облыстық полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерін ұстады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғани Төлебаевты ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"ҰҚК Қызылорда облысының Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаев пен ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері Б. Асқаровтың заңға қайшы әрекетінің жолын кесті. Олар жеке кәсіпкерден букмекерлік клуб тексерісін тоқтатқаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алған, - дейді комитет өкілдері.

Ақпарат бойынша, 2019 жылғы 5 сәуірде ҚР ІІМ Жеке қауіпсіздік департаментімен бірлесе жүргізілген іс-шаралар барысында Ғ. Төлебаев 300 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алып жатқан жерінен ұсталған. Сонымен бір мезгілде Қарағанды қаласы жағдайында Б. Асқаров ұсталды.

Ғани Төлебаев Қызылорда қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.