ЕРЖАН БАБАҚҰМАРОВ  – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ КЕҢЕСШІСІ

Бөлісу:

 

Қазір ел Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  әр қадамынан зор үміт күтіп, жіті бақылап отыр.  Мемлекет басшысының әр Жарлығынан әлеумет жақсылық пен жаңалық күтуде.

Бүгін Мемлекет басшысының Өкімдерімен  Ержан Бабақұмаров пен Ерлан Қарин жаңа қызметке тағайындалды. Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров  Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ерлан Тынымбайұлы Қарин де енді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқаратын болады.

Екі Ерекеңнің де саясаттану ғылымының кандидаттары, білгір саясаттанушылар екенін ескерсек, идеологиялық саланың  мықты мамандармен қамтамасыз  етіліп жатқанын анық байқаймыз. Бұның алдында ауыр салмақты саясаткер Марат Тәжиннің Мемлекет хатшысы болып, идеологиямыздың тізгінін ұстағанын ел жақсы қабылдаған болатын. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып  Дархан Қалетаевтың тағайындалғаны да  бұл қатарды тәжірибелі жетекшімен толықтырды.  Ал Президенттің Баспасөз қызметінің басшысы болып, қазақша ойлайтын қарымды журналист, ақпарат пен ішкі саясат саласының майын ішкен майталман маман Берік Уәли бауырымыздың келгені  жалпы қазақ журналистерінің жалын көтеріп кетті.

Екі жылдай «Қазақстан» ұлттық арнасын білікті басқарған Ерлан Қариннің ел алдында танымал екенін ескеріп, оған жаңа қызметінде табыс тілей отырып, біз бүгін Ержан Жалбақұлы Бабақұмаровқа қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Ержан Бабақұмаров бойына біткен қарапайымдылығы болар,  ел алдына көп шыға бермейтіні бар.  Емен есікті жоғары кеңселерден ел ең алдымен  атқарушыны ғана емес, адамды көргісі келетіні қазір айқын сезіліп келе жатқан заман болғандықтан, біз  кәсібилігі зор Ерекеңнің адамгершілігі мол азамат екеніне де  баса назар аударғымыз келеді.

Үнемі ішкі саясат саласында еңбек еткендіктен де, бұл нәзік те жауапты  саланың  жан-жақты қыр-сырын жақсы меңгерген, тәжірибесі мол.  Терең талдауларында мәселенің мәнісін тамыршыдай тап басады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының екінші жартысында  ҚР Президентінің Әкімшілігінде  Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істеді. Сол жылдары бұнда қазіргі белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар Азат Перуашев, Бөріхан Нұрмұхаммедов, Айдос Сарым, Мейіржан Машандармен бірге еңбек етті.

2006-2008  жылдары Мәдениет және ақпарат вице-министрі, кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты хатшысы болып жүргенде, ақпарат саласының жаңа тынысын ашуда жақсы қырынан көріне білді. Мемлекет қамқорлығын сезіне бастаған қазақ басылымдарының қатары көбейгені де осы жылдарға тура келеді.  Ақпарат құралдарының ауылдарға жетуіне қатты назар аударатын.

Кейінгі кездері Үкімет кеңсесі басшысының орынбасары, соңғы қызметі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжамдау орталығының меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды.

ҚР Саяси ғылымдар академиясының академигі (1997 жылдан), саясаттанушы Ержан Бабақұмаров көп партиялы жүйенің әлеуметтік саяси негіздерін жіті зерттеуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарда  кадрлық  саясаттың этникалық аспектілерін талдай отырып, ұлттық мүддеміздің қорғалуында табандылық  танытып келеді.

90-ыншы жылдары Қазақтың Ұлттық университеті  саясаттану факультеті қабырғасында жүріп-ақ, көпшілік назарын аудара бастаған талай саяси сараптауы салмақты,  талдауы терең,  маңызды мақалалар жаза бастаған Ержан Бабақұмаров бүгінде  50-ден  астам ғылыми жарияланымдардың, мақалалар мен кітапшалардың авторы ретінде де белгілі.

Біз салмақты саясаттанушы, сарабдал  сарапшы болып табылатын Ержан Жалбақұлына  жауапты жоғары қызметінде табыс тілейміз.

 

Қазыбек ИСА,

Qazaquni.kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Сайтта 2 пікір жазылған

  1. Абылай 6 Сәуір, 2019 18:39 Жауап

    Айқайламай-ақ ауқымды істер тындыратын осындай азаматтар көп болсын!

  2. Толымбек 8 Сәуір, 2019 07:42 Жауап

    Тәжірибелі деп бұрынғы биліктің адамдарын қайта тағайындау қате. Олар биліктің табанын жалап қалғандар ешқашан халық үшін жұмыс істемейді. басқа адамдар құрып қалып па?

Пікір немесе жауап жазу

он алты − 5 =