«МЕРЕКЕ» СӨЗІНІҢ МӘНІ

Иран қазақтарының да ұлттық мерекелерінің бірі – «Наурыз мерекесі». Оны қазақтар «Наурыз айт» деп те атайды. Айт сөзі парсылардың «Әид» деген сөзінен алынған. Сондай-ақ қазіргі кезде қолданып жүрген «мейрам» сөзі «мей және рам» екі сөздің тіркесі болып келеді. Мей «шарап, жүзім шарабы» және «Голаб – гүл суы» мағынасында болса, «рам» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Олар: 1.Көндік. 2.Үйреншек. З.Көңілді, шат. 4.Жуас. 5.Жаратушының есімдерінің бірі. 6. Иран күнтізбесінің күн есебіндегі айдың бір күнінің атауы.

Мұндағы «Мейрам» сөз тіркесінің «мей» сөзін шарап – десек, «рам» сөзінің кейінгі ұғымға сәйкес келері анық. Сондықтан қазақтың қолданып жүрген «Мейрам» сөзі көңілді-шат күндерін елестетсе, «Мейрамханасы» шараппен көңіл көтеретін мекенді айтады. Сол себебтен «Наурызды» мейрам демей, мереке деп атауымыз жөн болар.

«Наурыз мерекесін» Иран қазақтары асқан шаттық, жылы жүрек, шын ықыласпен қарсы алады. Үш күн бойы қазақтың үйлерінде дастарқан жаюлы тұрады. Арнайы қонақтар тамақтануға ниеттенбесе наурыздың үш күні мерекелеушілерді шәй және шәйға қоса тәттілер, жеміс-жидекпен қарсы алып, шығарып салады. Бірақ арнайы келген ақсақалдар мен құда, жекжатқа арнап қазан көтеріп, ыстық тамақ дайындайды. Наурыз мерекесі қарсаңында бір апта бұрын барлық үйлерде тазалық жұмысы жүргізіліп, үй іші түрлі ұлттық нақышпен әшекейленген бұйымдармен әсемделіп, айт күні көз тартарлықтай жайнап тұрады. Барлық заттар жаңадан қойылып, әшекей бұйымдар көздің жауып алып, ойнап тұрады. Балалар, жас жігіттер, жаңа киімдерін киіп, қуаныш сезімімен жүздерін нұрландырады. Қыз-келіншектер қазақы ұлттық киімдерін соңғы модалық сәнге лайықтап киіп шығады. Үш күн қазақ ауылдары ертегілердегідей құлпырады. Жергілікті ел тұрғындары бұл көріністерді көріп қызыға тамашалайды. Әсіресе шашпаулы (шолпы) бірнеше қыз бірге адымдап басып келе жатқанда олардың кербез жүрістері, сьңғырлаған шолпының дыбысымен үндескен көріністері ғажап болады.

Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы Иран қазақтары қыз-келіншектерінің киім киюдегі салиқасын көзімен көріп келістіре әдемі сипаттайды. Ол: «Қыздары бұрынша әсем киініп, мойындарына алтын алқа тағады. Шолпының да кездесіп калатыны бар. Өйткені олар біздегідей күзелмеген, қос өрімдер көзге жиі түседі. Иран, түркімен, қазақ үлгілерінің бәрі де жеке-жеке емес, тұтаса, бойжеткеннің үстінен көргенде көздің жауын аларлықтай сәндікке айналады екен. Бастарына ақтан басқа түстегі орамал оранады, өйткені Иран елінде жалаңбас жүру – ең үлкен күнәнің бірі» деп жазған-ды.

Иран елінде Наурыз мерекесі мемлекетгік деңгейде өтеді. Соған қарап, Ирандағы қазақ бауырларымыз олардың наурызынан «он үшінші күн» табиғат аясына шығуды үйреніп, кейінгі жылдары оны кәдімгідей тұрақты дәстүрге айналдырды. Сол себебті, Наурыз мерекесінің ежелгі тарихымен

және Иран жеріндегі Наурыз мерекесінің мән-жайымен таныстырғанды жөн кердік.

Наурыз – Жаңа күн Иран жерінде ежелден ұлттық мереке рәуішінде «Наурыз сұлтани» деп аталып келген. Иран патшалары наурыздың алғашқы бес күнін «Әлеумет, Наурыз» деп, жұртшылықты Сарай салтанатына шақырып, олардың тілектерін орындайтын болған. Ал, наурыздың алтыншы күнін «Өзгеше Наурыз» деп атап, сарай маңындағылар мен қызметкерлерге сый-сияпат көрсетіп, той-думан өткізген.

Ерте заманда наурыз тек көктемде ғана емес, жаз бен қыс маусымдарында да ауысып, тойлап, аталып отыратын болған. Тек 1051 жылы Жәлал-е-ддин Мәлекша Сәлжуки патша Һәкім Омар Хайям және басқа да жұлдызшылар әзірлеген «Жәләли» күнтізбесі дүниеге келгеннен кейін ғана Наурыз мерекесін көктемнің алғашқы күніне сәйкестендіріліп мерекеленуге әмір етілген. Өйткені күн мен түннің көктемдік теңелеу мезгілі болған. Бұл күні күн қойға ұқсап келген, әрі ежелгі сенім бойынша бүкіл әлем күн қой басынан шыққан сәтте жаратылған. Дәл сол сәтте жарық пен қараңғылық, күн мен түн бір-бірінен ажырасқан екен. Демек, өткендердің ойында Наурыз қашанда бүкіл әлемнің жаратылуының бастау қайнарымен жүздесу сәті болып табылады. Бұл теңдесі жоқ ғарыштық тәртіпке орай реттелген әр нәрсе «өз мезгілінде» болуға тиіс деген ұғымды білдіреді. Осы әлемнің ғажайыптарымен әсемдік көріністері осы ғарыштық тәртіпке сай десек не үшін біздің мерекелік бастауымыз «өз мезгілінде» болмасқа? Иран елі біздің ежелгі ортақтасымыз 21 наурыз күнін жұлдызнамалық есеппен бастапқы күнге алса, бізге табиғаттың тәртібінен шығып бір күн кейін бастауымызға не себеп болған? – деген сұрақ ойымызды мазалайды.

Тарихшылардың айтуына қарағанда, ежелгі Иранда Наурыз мерекесі бір ай тойланатын. Қазіргі уақытта он үш күн мерекеленеді. Білім ордалары осы он үш күн бойы демалса, басқа мемлекеггік мекемелерге бес күнге қызыл күн жарияланған.

Біздіңше, наурыз шежіресі, оның тарихымен төркіні екі бағытта зерттелуге тиісті. Олар – аңыздар және тарихи деректер. Фердауси Шахнамасында «Жәмшид патша тақка отырған күнді Наурыз, яғни Жаңа күн деп жазады». Сондай-ақ Сасан ұрпақтарының патшалық еткен кезеңдерінен де Наурызға қатысты қызықты да құнды тарихи дерек, мәліметтер бар.

Иран Ислам Республикасы Наурыз мерекесін тойлауға ресми түрде шешім қабылдаған.

Жаңа жылдың алдында ескі жылдың соңғы аптасының ақырғы сәрсенбі күнін ирандыктар «Чаршәнбе Сури» (Сәрсенбілік мереке) деп атайды. Бұл күні кешкісін ортаға от жағылып, оның үстінен аттап, секіріп өту рәсімі мен ойындары басталады. Бұл мереке ежелден Иран жерінде, Саманид заманында «Сури» деп аталған.

Ислам Жеменей,

әдебиетші, тарихшы