Әр балаға - 21 мың теңге: атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау басталды

Қазақстанда 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың құжатын қабылдау басталды, - деп хабарлайды sputniknews.kz.

Бүгіннен бастап қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады және құжаттар аз уақыт ішінде қаралады. Өтініш беруші нақты көрсетілген критерийлерге сай келсе, ай соңында алғашқы көмекке ие болады.

"Құжатты қабылдаған соң, учаскелік комиссияға жолдаймыз, олар өтініш берушілердің үйіне барып, материалдық жағдайын тексереді. Содан соң әлеуметтік көмекке мұқтаж екені расталса, жұмыспен қамту орталығы анықтама береді. Бұл анықтама отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын білдіреді, ай соңында алғашқы төлем жасалады", - деп мәлімет берді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дана Тұрғынова.

Оның сөзіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға ғана емес, басқа да мұқтаж азаматтарға беріледі.

"Бұл көмек көпбалалы ғана емес, тұрмысы нашар барлық отбасыға берілетінін түсіну қажет. Қазір бізде күнкөріс минимумының деңгейі көтерілді. Бұған дейін 14 890 теңге болса, қазір республика бойынша 20 789 теңге. Демек, жалпы табыс сомасын отбасының әр мүшесіне шаққанда 20 789 теңгеден кем болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс. Комиссия бір апта ішінде күнкөріс жағдайын тексеріп, растаған соң, отбасыға анықтама беріледі", - деп түсіндірді Дана Тұрғынова.

Оның айтуынша, 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек елорданың 931 отбасына көрсетілді. Биыл 2 500 отбасы қамтылуы тиіс, яғни 11 мыңдай адам.

Нұр-Сұлтанның жұмыспен қамту орталығы атап өткендей, атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру оңай болу үшін елорданы әр аудандық әкімдігінде консультанттар азаматтардың өтінішін қабылдап жатыр. Сондықтан жұмыспен қамту орталығында кезекке тұрып, уақыт кетірмей, мекенжай бойынша аудан әкімдігіне барған жөн.