Диаспоралардың дәстүрлі дастарқаны

Түркі халықтарының рухани орталығы Түркістанда наурыз мейрамы - барлық халықтың және түрлі этнос өкілдерінің ынтымақ-бірлігімен мерекелік көңіл-күйде өтеді. Әр елдің өз салты мен дәстүрі бар екенін ескерсек, мерекелік шарада шартарапты шарлағандай сезімде боласыз. Себебі, барлық ұлт өкілдері ұлттық киімдерімен жарқырап, бауырмалдықпен амандық, хал-жағдай сұрасып жатады. Наурыз мейрамын диаспоралардың дәстүрлі концерттік бағдарламасынсыз, берекелі дастарханынсыз елестету мүмкін емес. Осы орайда мереке, ұлттық тағам туралы өз ойын білдірген Түрік этномәдени орталығының төрағасы Үсейін Медедов: «Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы - түркі халықтарының ортақ мерекесі. Ынтымағы жарасқан халық мерекені ауызбіршілікпен тойлайды.Түрік халқы мен қазақ халқының ортақ дәстүрлері көп. Соның бірі, осы Наурыз мерекесі, наурыз көже. Тілегі ортақ, ниеті бір халықтардың қонақжайлылығы да керемет. Біз де өз тарапымыздан атсалысып, ұлттық тағамдар дайындап, мол дастарқан жаямыз. Мысалы, ашура тағамы, наурыз көже, ұннан жасалған тағамдар: фәсәлли, қатмар, ичли кәтә, синор, юха сияқты шелпек түрлерін, хинкал, сүт өнімдерінен пейнер, чечел, еттен жасалатын көптеген тағам түрлерін пісіреміз. Қонақтар, қала халқы дәм татып, алғыстарын айтқанда көңіліміз жылып қалады. Түркі жұртының төл мерекесі Наурызды отбасымызбен асыға күтіп, ерекше ықыласпен дайындаламыз» деп, түркістандықтарды мерекемен шын жүректен құттықтады. Ал, біз жоғарыда аталған тағамдардың қыр-сырын білу үшін, Наурызға жасалған дайындықты көру үшін Фериде Ейбованың үйіне барған болатынбыз. Бізді тату-тәтті көршілер Ананина Тойна, Фирангиз Мададова, Наргиза Мамедова күтіп алып, шын ықыласпен жайылған дастарқандағы ұлттық, дәмді тағамдар туралы айтып берді. Атап айтсақ, Ашура тағамы (Нұх пайғамбар ғ.с. кемеде жасаған тағам) құрамына үйдегі барлық дәнді-дақылды қосып дайындайды: қызыл, ақ үрме бұршақ, құрбандық етінен аздап салынады, жүгері, бидай, мейіз, грек жаңғағы, кептірілген өрік, алма, аз ғана тұз, шекер салып пісіреді. Ас пісіруге наурыз көже дайындағандай уақыт кетеді, қатты дәнді дақылдар 2 сағаттай қайнаған соң, басқа қоспаларды салып араластырады. Қайнатылған шие сусынын қосса да болады. Тағы бір ерекшелігі, ашура тәтті көже болғандықтан айран қосылмайды. Ашура тағамының құрамы осындай пайдалы, дәруменге толы өте құнарлы ас екен. Пайғамбар жасаған бірден-бір ерекше тағам болғасын, жақсы тілегімізді айтып ішуді жөн көрдік. Сосын фәсәлли (қаттама нан), жасымықтан езіп жасалған мерджимек сорпасы (сәбіз, пияз, қызыл болгар бұрышын, жасымықты салып, 15-20 минут қайнатады, сосын жасымықты блендерден өткізеді), сүзбе салынған хачапури, юха (қытырлақ жұқпа нан), хинкал (түшпараның ерекше әдіспен бүгілген түрі), жеңіл тағам жүзім сармасы (жүзім жапырағына ораған фарш, күріш, пияз,) пахлава, пейнер (жаңа піскен

ірімшік) т.б. тағамдарды дайындау ретін айтты. Жүзім жапырағын қыста сақтаудың құпиясымен бөлісті: ол үшін жүзім жапырағын 25 мамырға дейін жинап, қышқыл дәмін кетіру үшін ыстық суға салып алып екі күн кептіреді, сосын арнайы ыдысқа салады. Сарма дайындайтын кезде жүзім жапырағын тағы да ыстық суға салады. Сондай-ақ, наурыз көженің де өз орны бар екенін, міндетті түрде дайындайтындарын айтты. Ауызбіршіліктері мол, еңбекқор жандардың үйінен дәм тату бұйырған күн болды. Ашура тағамының жасалуы көп жерде құпия ретінде айтылмай келгенімен, бүгін тарихта қалған астың да дайындалу сырын білдік, наурыз көжемен қатар ас мәзіріне енгізетін нағыз пайдалы ас екеніне көзіміз жетті.

Динара Мыңбаева,

qazaquni.kz