Атыраудағы интернат тәрбиешілері мүгедек балаларға зәбір көрсеткен

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов тәрбиешілер тарапынан күш көрсету деректері анықталған тілінде ақауы бар балаларға арналған мектеп-интернатқа барды, деп хабарлайды inform.kz.

Серік Шапкенов қоғам өкілдерімен бірге мектеп-интернаттағы балалардың жағдайын тексерді. Комиссия мүшелері балалардың палаталарын қарап, оқу-әдістемелік базамен, асхана мен медбөлімшенің жағдайымен танысты. Комиссия мүшелерін тәрбиешілер тарапынан дұрыс бақылаудың жоқтығы, балалар жатқан палаталардың санитарлық нормаларға сай еместігі алаңдатты. Мекеме директоры Рымбек Тұрдағалидың айтуынша, ол бұл лауазымға өткен жылы келген.

«Жауапкершіліктен жалтаруға бұл себеп емес. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы екі ай бұрын тағайындалды, мен де осы салаға жақыннан бері жетекшілік етемін. Бірақ бұл бізден де, осы салаға бірнеше жылдан бері  жетекшілік жасап отырған адамдардан да жауапкершілікті алып тастамайды.  Барлығына шара қолданылады, ерекше балаларға тікелей жауапты басқарма басшысының орынбасарына сөгіс жарияланды. Іс мұнымен бітпейді,  қызметтік тексеру қортындысына сәйкес, барлық жауапты тұлғаларға қатысты шешім қабылданады. Біз жағдайды жұртшылықтың ашық бақылауына шығарамыз - ҮЕҰ өкілдері әр интернатты қарап, біздің жұмысымызға бақылау жасайды. Сіздердің өткен жылы лауазымға тағайындалып, бірақ ешқандай шара қолданбағандарыңыз бәрін өз бетімен жібергендеріңізді көрсетеді. Әрекеттеріңізге баға беріледі»,  - деді Шапкенов.

Директордың кабинетінде бейне бақылау камерасы бар, сол арқылы балаларға қол көтеру деректері анықталған. Жағдайды мекеме қызметкерлері емес, прокуратура анықтады.

«Сіздің кабинетте отырып, қызметкерлеріңіздің балалармен қандай қарым-қатынаста екенін қарауға мұршаңыз болмады. Тіпті Сіздің өзіңізге жасап отырған жағдайыңыз бен балалардың халін салыстыру арқылы көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Егер балалар Сіздің жұмыс орныңыздың жағдайындай жерде өмір сүрсе, бәрі басқаша болар еді. Бұл-жауапсыздық. Облыста комиссия құрылды, құрамында білім беру, халықты әлеуметтік қолдау, қоғамдық денсаулық сақтау, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, қаржы аудиторлары мен қоғам өкілдері бар. Комиссияға мүмкіндігі шектеулі  адамдар тұратын мекемелерді кез келген уақытта тексеруге құқық берілген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жағдайды жақсартуға ұсыныстар беріледі»,-деді Серік Шапкенов.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары барлық кабинеттерге интернетке қосылған  веб-камера орнатуға тапсырма берді, сол арқылы ата-аналар, комиссия мүшелері мен тексеруші органдар балалардың жағдайын тәулік бойы бақылай алады. Бұған дейін хабарлағандай,  интернатта ата-ана қамқорлығынсыз қалған 98 бала тәрбиеленеді. Прокуратура тексеруінен кейін тәрбиешілердің мүмкіндіктері шектеулі балаларға  зәбір көрсетіп, қол жұмсау деректері анықталған болатын.

Осыдан кейін мектеп-интернат басшылығына қатысты қызметтік тергеу басталды.