Ұлытау – қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен хандық билік институтының алтын бесігі

Ағымдағы жылғы 15 - наурызда Алматыдағы «Тұран» университетінде «Ұлытау – қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен хандық билік институтының алтын бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы, «Тұран» университеті және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры бірлесіп өткізген бұл рухани-мәдени, ғылыми-танымдық шараға білікті тарихшы ғалымдар, құқық саласының мамандары, саясаттанушылар, белгілі қоғам қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары, қоғамдық-саяси ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы президенті, «Тұран» университетінің ректоры, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының төрағасы Рахман Алшанұлының шебер жетекшілігімен өткен конференция жұмысы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатынан үзінді келтірілген бейне көрініспен басталды. Осы сұхбат барысында Елбасы туған жерін түлетуді, егемен елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу жолында ғасырлар шежіресін қойнауына көмкерген, білуге ұмтылған сайын тереңге кететін қасиетті де киелі Ұлытаудың орны ерекше екендігін, Ұлытаудың беделін көтеру – мемлекеттің беделін көтеру деп білу керектігін айрықша атап өтті. Бейне көріністен кейін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың конференция жұмысына сәттілік тілеген құттықтау хатын Ұлытау ауданының әкімі, кемел ойдың, кестелі тілдің иесі Әнуар Омаров оқып берді. Өз кезегінде, Әнуар Серікбайұлы Ұлытаудың ұлттық психологияны қалыптастыруда ғана емес, жалпы отандық, патриоттық сезімге бүкіл қазақстандықтарды баулуда да мүмкіндігі шексіз екендігіне, сондықтан бұл қасиетті өңірді рухани Меккеге айналдыру мақсатында барлық қам-қарекеттерді жасау қажеттігін ескерте отырып, ол үшін, бірінші кезекте, Ұлытауды қазақтың алғашқы астаналарының қатарына енгізу, киелі өлкенің құндылықтары төңірегіндегі бүгінде орын алып отырған сан қилы пікірлер мен болжамдарды ғылыми тұрғыдан бірізділікке салу, билік тарапынан шынайы жанашырлық таныту тәрізді өзекті мәселелердің шешілуі керектігіне назар аударды. Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Әлімғазы Дәулетханов, Ахмет Тоқтабай, Факия Шамшиденова, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, профессор Әбдімәлік Тәкішев, сондай-ақ Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, Phd докторы Нұркен Айтымбетов конференция тақырыбы бойынша өздерінің терең мағыналы ойларымен, өте құнды пікірлерімен бөлісті. Баурайында талай ұлы тұлғалар мен ұлы ойлар жаратылған, ел басына қиын-қыстау күн туғанда исі қазаққа ұран тасталып, халықты ұлы істерге көтеретін Ұлытауды ұлықтау, мәртебесіне сай тұғырға орнықтыру бағытында нақты ұсыныстар да айтылды әрі бұл тұрғыда қолға алынып жатқан жұмыстар туралы да сөз болды. Мәселен, Ұлытаудың перзенті, бүгінде Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов конференцияға қатысушыларға арнайы жолдаған хатында Ұлытауды әлемге таныту қажеттігін айта келе, осы мақсатта 2016 жылы Алматы қаласында бие сүті негізінде өнімдер шығаратын «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, денсаулыққа аса пайдалы, әлемде тұңғыш рет биенің сүті негізінде әзірленетін инновациялық өнімдерді жаппай тұтынуға ұсынып отырғанын жеткізді, ал бұл ғылыми жиынға келген академия қызметкерлері «Ulytau» брендімен дайындалған аталмыш өнімдерді жиналғандарға таныстырды. Сонымен бірге, осынау конференцияны дайындау, оны жоғары деңгейде өткізу ісінде көп еңбек сіңірген «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, қазақтың саф алтындай табиғи мінез-құлқын, тереңнен толғайтын телегейлігін бойына молынан сіңіріп өскен, ел қадірін, жер қадірін перзенттік жүрек тебіренісімен ұғатын, дарабоз дала тағдырымен жан дүниесі бітісіп, бірігіп кеткен Ғалымжан Әбдібеков Алматы қаласындағы көшелердің және метрополитен станцияларының біріне Ұлытаудың атын бергізуге тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлай отырып, Ұлытауға арнайы «Ұлттық парк» статусын беру туралы ұсынысын білдірді. Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени дүниелері, көне - әдеби мұралары жайлы ақпарат беріп отыру үшін профессор Ханкелді Әбжанов тоқсан сайын ғылыми жинақ шығаруды ұсынса, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай бұл мақсатта мерзімді баспасөзбен қатар әлеуметтік желіні пайдаланған жөн деп санайды. Сондай-ақ, Жолдыбай Үкімет тарапынан 88 іс-шарадан тұратын «Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданғанын, оған 351,5 миллиард теңге бөлінгенін айта келе, бұл құжаттың орындалу барысы туралы конференцияға қатысып отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметовтен жаңадан тағайындалған Үкіметке депутаттық сауал жолдауды өтінді. Жалпы, «Ұлытау – ұлт руханиятының алтын бесігі, ұлттық кодтың бастауы. Дәл осы арада алты Алаштың баласы бас қосып, қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған. Хан ордасы бой көтеріп, үш жүздің баласы жаңа мемлекеттің туын желбіретті. Сондықтан да оның тарихы һәм рухани маңызы жоғары» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытауға берген бағасына толықтай дөп келу мақсатында конференцияда айтылған ұсыныстарды Қазақстан Үкіметіне жіберу жөніндегі шешім бірауыздан қабылданды.

Кенжеболат Жолдыбай, Қазақ үні