Тоқаев тапсырма бергенімен, Абайды аласартып, Тәуелсіздікті түсіріңдер деген жоқ - Азамат Тасқараұлы
2019 ж. 21 наурыз
7357
2
Кеше Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр қаласындағы орталық көшелер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуы керек деп мәлімдегені сол еді, бүгін еліміздегі бүкіл қалалардағы орталық көшелер өзгеріп шыға келді.
Мәселен, Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары шаһардағы Тәуелсіздік даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміне қайта атау туралы бірауыздан келіссе, Қостанай қаласындағы Абай даңғылы енді Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып аталады.
Ал, Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылының бір бөлігін Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп атауға байланысты облыстық мәслихатта кезектен тыс сессия өтті.
Абай мен Әбілқайыр хан атындағы, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің атындағы көшелердің Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгеруін мен құптамаймын. Бұған Тұңғыш Президент Н. Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кінәлі емес. Бұған "шаш ал десе, бас алатын" жағымпаз әкімдер мен одан бетер депутаттар кінәлі. Мәселен, Өскемендегі орталық Тәуелсіздік көшесін өзгертпей-ақ, дәл сол орталықтағы Чехов, Протозанов, Астана, Ворошилов, Карбышев көшелерін Назарбаевтың есімімен атаса болмай ма? Солай болса, қайта бір көшеміздің атауы қазақшаланып қалды деп қуанар едік.
Тоқаев тапсырма бергенімен, Абайды аласартып, Тәуелсіздікті түсіріңдер деген жоқ.
Азамат Тасқараұлы, qazaquni.kz