Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

2019 жылдың 20 наурызы сағат 12-12-де Тәуелсіз Қазақстан тариxында тұңғыш рет "Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев"-деп жазылды. Наурыз мерекесі - Жаңа жылда Жаңа дәуір басталды!

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Тоқаев Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері - ең алдымен Қазақстан Республикасының киелі тәуелсіздігінің, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болғанын айтты.

«Кеше наурыздың 19 күні барша әлем жұртшылығы аса маңызды тарихи оқиғаға куә болды. Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы ұлы тұлға, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тапсырды. Елбасының бұл жігерлі шешімі - оның жаһандық деңгейдегі және тарихи ағымдағы саяси қайраткер ретінде ұлылығын көрсетті», - деді ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беріп, оның құрметіне монумент орнатуды, сондай-ақ, Астана қаласының атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуді ұсынды.

qazaquni.kz