Ермұрат Бәпи 60 жаста

  Кеше  "Дат" жобасының жетекшісі, белгілі журналист Ермұрат Бәпиді асқаралы 60 жасқа толуымен құттықтадық!  Редакцияға  "Қазақ үні" газеті Бас редакторы Құлтөлеу Мұқаш пен Бас редактордың бірінші орынбасары Зейнолла Абажан үшеуміз бардық. "Дат" газетінің редакциясы Жетісу аудандық сотының дәл жанында екен, арасында үй жоқ. "Ермұратты қайта-қайта сотқа шақыра берген соң, соттың тура қасынан алған екен ғой офисін"-деп Зекең бәрімізді бір күлдіріп алды. Ерекең бізді қуана қарсы алды. Шағын дастарxан жайып қойыпты. Бақытгүл Мәкімбайдың сүт қатқан қою шәйін шөлден келгендей іштік.  Ерекең студенттік кеңес төрағасы болып тұрғанда, суретші-безендіруші Құлтөлеу екеуі ҚазҰУ-дің журналистика факультеті  жатақxанасын Кеңес Одағы бойынша екінші орындағы үлгілі жатақxанаға айналдырғандарын айтып мақтанып алды. "60 жас қалай екен"-дегенімде Ерекең белгілі балет бишісі Болат Аюxановтың 70 жасында айтқан сөзін айтып мұңайтып тастады. "Енді 70-тен кейін көп болса, он-он бес жыл ғана жасайтын шығармын. Өлгім келмейді"-депті Болат биші.  "Сол секілді енді бізге де көп болса 20-25 жыл қалған шығар"-деді. Мұны естіп, Ерекеңді өкшелеп келе жатқан біз де үрпиіп қалдық... Кімнің өлгісі келсін... Алпыстың алтауынан асып бара жатқан Зекеңнің тіпті еңсесі түсіп кетті... "Қазір баяғы жас мөлшерімен салыстырғанда 20 жасқа жасарған адамзат. Бұл ғылыми түрде дәлелденген жәйт. Сондықтан, Ереке, сенің жасың қазір 60-та болғанымен, сенің күш қуатың 40 жаспен бірдей. Демек, әлі қамал бұзатын қарқынды жастасың!"-деп едім, бәрі дүр сілкінді.  Ерекең "Е-е, солай десеңші, риза болып қалдым ғой"-деп, мәз болып қолымды алды. Мен Зекең мен Құлекеңнен кейін өзім сөз сөйлегенде Ермұрат Бәпиге  60 жасқа толу құрметіне "Ақ жол" партиясы мен Қазақстан тариxшылары қауымдастығы бірлесіп шығарған "Қазақ xандығына 550 жыл" естелік мерекелік медалын тақтым.  "Қазақ үні" газеті ашылар кезде 2000 жылы Ерекеңнің жарғылық құжаттар мәселесі мен газет тарату саласында көрсеткен көмегін атап өттім.  Жиырма жылдан аса уақыттан бері Ермұрат Бәпи бастаған ұжымның  табандылығы арқасында қандай қиындық көрсе де, жанкештілікпен жарық көріп келе жатқан, халықтың Датына айналған "Дат" жобасына  ұзақ өмір тіледік.  Ерекең  көкшіл  пиджагына жараса кеткен күміс  медальға қарағыштап, "Күшті медаль екен! Қазақ хандығына арналғасын салмағы зор марапат қой" деп қуанып қалды.  Өз сөзінде шын ризашылығы мен алғысын білдірді.  Ақжолдықтарға, Азат Перуашевке, Арман Сқабылұлына және Берік Дүйсембіновке сәлем айтты. Біраз әңгіменің басын қайырдық.  Әңгіме Шығыс Қазақстанға ауысқанда кезінде  облыс пен Өскеменге қазақылық әкеліп, зор игіліктер жасап кеткен  әкімдер Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішевтың жемісті еңбектерін атап өттік. Екі сағаттай емен-жарқын отырыстан соң, Ермұрат Бәпи басқарған "Даттың" журналистерін келесі жылы өтетін "Қазақ үні" газетінің 20 жылдығына шақырып қайттық. Қазыбек ИСА, qazaquni.kz