Аялайық, ардақтайық ананы!

Алаш ардагерінің тұяғы Аида Ахметқызы туралы сыр

Қазақ қыздарының арасында халқымыздың тарихында лайықты орнын алып, талай ерліктер жасап, кейін бүкіл елге ана болған адамдар бар. Сондай аналарымыздың бірі – 8 наурызда 89 жасқа толып отырған Аида Ахметқызы Жанталина апамыз. Тағдыр маған Аида Ахметқызымен жақын араласуды нәсіп етті. Апайдың мінез-құлқынан, іс-әрекетінен текті кісінің ұрпағы екені байқалып тұратын. Ағасы Талғат Ахметұлы Тегісов – ауылшаруа­шылығы саласының белді маманы, басшылықта болған кісілер. Еліміз егемендік алып, өшке­німізді жаңғыртып жатқан заманда мен де Алмалыбақ ауылының «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде ауылшаруашылығы сала­сындағы белгілі тұлғалар туралы мақала жазумен айналыстым. Алдымен Талғат Ахметұлы туралы аудандық газетке мақала дайындау барысында әкесі Ахмет жөнінде алғаш рет естідім. Соның бiрi 1962 жылы Талғат Ахметұлының Қарта Қаңтарбаев деген азамат арқылы жинақтап, түптеп дайындап кеткен әкесi Ахметтiң әртүрлi газет-журналдарда шыққан мақалаларының көшiрмелерi еді. Болашақты ойлай жүретiн адамдарға тән қасиетпен Тәкең оған кiрiспе сөз жазып, әкесi туралы бiрқатар деректер қалдырған. Онда ол кiсi былай деп жазады: «... тарихты зерттеп, институттардың жас талап қызметкерлерi көп уақытқа созбай әлi ескiрiп кетпеген кезде Ахметтi батыл сынап, әдiл шешуi тиiстi. Ол жалғыз оның тұқымдарына не болмаса балаларына ғана керек деп ойлануға болмайды». Осы мәліметтерді жинақтап, 1993 жылы 20 шілдеде «Ленин Туы» газетіне (қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газеті) «Өткен күнде белгi бар. Ахмет Тегiсов» атты мақала жаздым. Көп деректерді Аида Ахметқызынан алдым. Сол мақаламды «Бiр жағынан Ұлы Адами мәселелердi насихаттап, жеке қара басының емес, бүкiл халық қамын жоқтаған Есiл азаматтың небiр әдiлетсiздiкке душар болғанына налысам, екiншi жағынан ол кiсiнiң есiмiн халқына қайта таныстырып, биiк тұлғасын тұтасымен айқындайтын көптеген құжаттардың iз-түзсiз жоғалып не жойылып кеткенiне өкiндiм. Алайда қолда бардың өзiн де дұрыс базарлап, әлi де көзi тiрi көнекөз қарияларды жағалап, мұражайларды ақтарып, бiраз зерттесе, көп нәрсенiң бетi ашылар деген үмiт оты да көңiлiме демеу болды. Осы орайда облыстық «Қазақ тiлi» қоғамы бас болып, өлкетану мұражайы, жас талапкерлерi қосшы болып Қазан, Уфа, Троицк секiлдi қалаларға шейiн қамтып зерттеу жұмыстарын жүргiзсе, туған өлкемiздiң тағы бiр асыл ұлы тарих төрiнен лайықты орнын алар едi» деп аяқтаппын. Құдайға шүкір, тарихшы ғалым Мәмбетәлі Қойгелдиев 2009 жылы «Алаш» журналының № 6, санында, «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940 годов» Алматы, 2009, және «Қазақ әдебиеті» газетінің 2009 жылғы № 43 санында Ахмет Жанталин туралы мақалалар жазған екен. Кезінде еліміздің біртуар азаматы академик Евней Букетов та Ахмет атамыз жайында қалам тартыпты. Әсіресе, Аида апамыз Ахмет Жанталиннің атын тарих төріне қайта шығару жолында жақсы еңбектеніп келеді. «Менің өмірімнің мәні патриот – ағартушы әкемнің аты алдында қызы ретінде оның еңбектерін насихаттап, Қазақстанның тарихи жетістігіне қосқан үлесіне лайықты бағасын беру арқылы парызымды атқару» деп ағынан жарылады. Осы жолда ол 2005 жылы «Мудростью отца восхищаюсь» деген кітап жазады. 2010 жылы 3-4 маусымда Петропавл қаласында «Солтүстік Қазақстан: аймақ тарихы, тұлғалар тағдыры» деген ғылыми- практикалық конференция болғаны белгілі. Ол конференцияны ұйымдастыруға белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов, профессор, тарих ғылымдарының докторы Мәмбетәлі Қойгелдиев басшылық еткен. Онда Алаштың ардақтылары Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Жұмағали Тлеулин секілді тұлғалармен қатар Ахмет Жанталин де аталып, конфе­рен­цияның құрметті қонағы болып Аида Ахметқызы жұбайы Қабдыр ағамен қатысады, әкесі Ахмет Жанаталин туралы құнды мәліметтер айтады. Аттары аталуға тиым салынып, ұмыт болған тұлғалар тарих сахнасында қайта жар­қырап, ұлт үшін жасаған еңбектері лайықты бағасын алды. Ол конференцияға ардақты ақын жерлесіміз Кәкімбек Салықов, ака­демик Салық Зиманов та қатысқан еді. Тағы да біраз еңбектеніп, тарихшы ғалымдармен байланыс жасап біраз деректер жинап, Аида апамыздың әкесі туралы тағы кітап жазып, 2015 жылы жарыққа шығарады. Кітап көлемді, орыс тілді оқырмандарға да түсінікті болуы үшін орыс тілінде жазған екен. Кітаптың көптеген даналары облыстық кітапханаларға таратылды, ғаламторда да жарияланды. Кітап тарих ғылымдарының докторы академик М.Қойгел­диевтің «Ахмет Жанталин – яркий представитель национальной интеллектуальной элиты XIX-XX веков Казахстана, истинный патриот, грамотный политик, широкогранный просветитель, член партии Алаш» деген кіріспе сөздерімен басталады. «Становление личности Ахмета» деген тарауда Ахмет дүниеге келген Солтүстік аймақтың тарихына шолу жасап, Қожаберген жыраудан бастап Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Ебіней Бөкетов сынды тұлғаларды еске алады, келесі «Дальнейшая судьба отца (Жанталина Ахмета)» тарауында әкесінің өмір жолы туралы деректер береді. Есіл боздақтың ел мұқтажын қорғауға ерте араласып, патшалық Ресей заманының да, кейін Кеңестік дәуірдің де теперішін көргені жазылады. Ол кезде отар болған елдің талай зиялы азаматтары көрген қиыншылықтарды Ахмет те көреді, жазықсыз қудаланады. Ақыры Ресейге кетіп, бас сауғалауға мәжбүр болады. Екіншіден, ардақтап өсірген үш бірдей ұлы Ұлы Отан соғысы майданында қаза табады. Осының бәрі асыл азаматқа оңай тимегені хақ. Халық жауы атанған адамның үш ұлы жазықсыз қудалаған елді қорғаймын деп мерт болғаны тағдырдың нағыз тәлкегі еді. Көзі тірісінде осындай қиыншылықтар көрсе де, халқына деген сүйіспеншілігін жоғалпаған Ахмет халқына бейбіт заманда адал еңбек еткен ұл-қыздарды тәрбиелеп, өсіреді. 1950 жылы 75 жасында бақилық болады. Алаштың ардақты азаматы тек Қаз.ССР Жоғары Президиумының 16.01.1989 жылғы «О дополнительных мерах по восстановлению справедливости в отношении жертв репрессии 30-40 г.г.» жарлығымен ақталады. Осы деректердің бәрі Аида апамыздың кітабында толық жазылған. Кітаптың тағы бір бөлімінде «Улфат», «Уақыт», «Қазақ» газет­те­рiнде және «Айқап» журнал­да­рындағы жазған мақалалары мен әңгiмелерiнiң жинағы (1906-1915 жылдар), Ахмет Жанталинның жазып баспа жүзiнде шыққан материалдарының тiзiмi беріліп, маңызды мақалалары жарияланады. Сондай-ақ, Ахмет Жанталин туралы жазылған мақалалар да, соның ішінде «Ленин туына» шыққан менің мақалам да келтіріліпті. Тоқсанның төріне жақын­даған Аида апамыз 1930 жылы 8-наурызда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген екен. Алматыға оқуға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды, 1973 жылы ауыл шаруа­шылығы ғылымының кандидаты дәрежесін алып, Алматы облысы Қарасай ауданында Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында еңбек жолын өтейді. Жұбайы солтүстікқазақстандық азамат Қабдыр Секенұлымен шаңырақ құрады. Қызы Гүлнар – ұстаз педагог, ұлы Ноян ғылым жолына түсіп, ауылшаруашылығы ғылымы кандидаты, кіші қызы Ғалия Қазақстан архитекторлар қоғамының мүшесі. Немере-шөбере сүйген ардақты ана. 1995 жылы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығына орай соғыста қаза тапқан үш боздақтың қарындасы, әрі тыл ардагері ретінде Москва қаласындағы салтанатқа арнаулы шақырумен қатысады. Көзкөргендерін бірнеше кітап қылып шығарды, әкесі Ахметтен басқа ағасы туралы «Тегисов Талгат Ахметович. Его имя незабвенно» (Алматы, 2009), жұбайы Қабдыр Сәкенұлымен өмірі туралы «Счастливое долголетие» деген кітаптар жазған екен. Ардақты анамызды қос мерекесімен – туған күнімен және Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, келешек үшін әлі де табысты кітаптар жаза бер деген тілек айтамыз.

Әйіп Ысқақов, биология ғылымдарының докторы

qazaquni.kz