Тектілік бар сенің таза қаныңда

Айнымас Дос, ақиық Азамат Қырғызстанның Ел ақыны Мархабай Ааматовтың 65 жасқа толған мерейтойына жыр шашу

    І Әбділда ақын айтқандай «Басымда менің ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, Сенің де бетің жап-жалпақ, Айырмам қайсы қырғыздан». Сүйінбай ақын жырлайды: «Мен барсам қазақ ауылына, Білінбес қырғыз екенім». Екі Ұлы ақын айтып тұр Қырғыз-қазақ егіз екенін. ІІ Мархабай Досым! Аз болған жоқ бұл өмірдің сынағы Тағдыр сені талай мәрте сынады Сондай сәтте жалғыз панаң – жар құшағы – Аида! Жанған отқа бірге күйді сенімен, Қуаныш пен қайғыңың сыңары, Аз болған жоқ бұл өмірдің сынағы, Тағдыр сені аяусыз-ақ сынады. Сондай сәтте бірге өртенген Аидаң Ақыл, қайрат болды сонда сыңары. Күн мен түндей алмасты, Ақ жол менен қара жол. Жағаңа күншілдер де жармасты. Таптың сонда дара жол! Мархабай Досым бауырым Көтердің жүктің ауырын. Енді алдағы өмірде, Болмасын дауыл, жауының. ІІІ Тектілік бар қаныңда, Аида жарың жаныңда Қос құлыншақ – Арузат пен Феризат– Баға жетпес бақытың, Жанатын шағың жалында! Бөкеден ұшқан сұңқарсың, Топтан озған тұлпарсың! Жанып сүйген жан Аидаң барында. Әлі талай биіктерге шырқарсың. Алпыс бесің көктемің, Көктемдей болып көктедің. Алла жар боп ақ күн тусын алдыңнан, Нұрын төксін көкте күн! Құттықтаймыз, қуанамыз бәріміз, Алатауды жаңғыртсын бір әніміз, Қырғыз-қазақ қуанышты бөлісіп, Жүз жасында жүздесейік тағы біз! Тілекшімін – осы анық, Досың – Сәбит Досанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті Азаматы Алматы – Бішкек – Алматы. 11 -наурыз, 2019 жыл.  

Маржан жырлы Марқабай

  Қазақ-қырғыз бір ананың баласы, Тауы бірге, ұқсас байтақ даласы. Қазақтармен бауыр болып келеді Айтматов пен Ааматовтың арасы. Екі елдің де етене ғой арманы, Ортақ талай оғланы мен тарланы. Кеше екі елге шоқ тастаса кещелер, Марқа ағамыз жырмен қайта жалғады… Марқабайдың маржандай ғой жыры шын, Еркін сезер екі елдің де тынысын. Ағасы бар – додабұзар Досанов, Айтпағанда, Қазыбектей інісін… Таланты асып тұрса-дағы тасынбай, Сөйлейді ағам қажет кезде жасындай! Шарла әлемді, Асқар тауға биіктеп, Ақ қалпақпен Алатаудың басындай! Қазыбек ИСА, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі 10.03.2019. qazaquni.kz