Амандық Баталов: Мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы көлемі 30 пайызға ұлғаяды

870
0
Бөлісу:

Алматы облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовтың жетекшілігімен «Nur Otan» партияның облыстық актив отырысы өтті, – деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы партияның 20 жыл ішінде беделді ұйымға айналғанын айта келе, онда парияның әр мүшесінің елеулі үлесі бар екенін атап өтті. Жуырда өткен партия съезінде қаралған мәселелерге тоқталып, ұйымның 20 жылда атқарылған жұмыстары сараланғанын, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: 10 жылдыққа 10 мақсат» атты бағдарламасы қабылданғанын, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті.

Актив алдында баяндама жасаған Амандық Баталов партияның бастамашыл жобалары аясында жыл бойы жүргізілген жұмыстарға сараптама жасап, ортақ жұмыстың жоспарымен таныстырды.

– Бүгінгі күні облыста 4 және одан да көп балалы 40 мың отбасы бар. Бұл жанұялардың табыс деңгейі әрқилы. Сондықтан біз бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларына көңіл бөлетін боламыз. Аз қамтылған отбасыларын, соның ішінде көп балалы отбасыларын неғұрлым кең қамту үшін атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерилері төменгі күнкөріс шегінің 70 процентіне дейін, яғни 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін (күнкөріс деңгейінің төменгі шегі – 29698 теңге) арттырылады. Мұндай отбасылардың кіріс жиынтығын есептегенде көп балалы отбасыларға, көп балалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, балалардың мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақылар, стипендиялар есепке алынбайды. Соның негізінде біздің облыста атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 11 мың отбасынан (59 мың адам) 17 мың отбасына (87,4 мың адам) артатын болады. Сол сияқты мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы көлемі де 30 процентке ұлғаяды, оны облыста 8 108 отбасы алады, – деді өз сөзінде Амандық Баталов.

Сонымен қатар көп балалы және аз қамтылған отбасыларына арналған әлеуметтік қолдау шараларына облыстан 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Оған көп балалы отбасыларына арнап салынатын екі көп қабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттарын дайындау, құрылысын бастау, коттеджді қалашықтан үй бөлу, 7-20-25 бағдарламасы бойынша 1 млн. теңдеген тұрғын үй сертификаттарын бөлу, ЖОО-ға қосымша 100 грант бөлу, осы санаттардағы отбасы балаларын мектепте тегін ыстық тамақпен қамту және басқа да шаралар атқарылатынын егжей-тегжейлі баяндап берді.

Елбасының съезде берген нақты тапсырмаларын облыста сапалы іске асыруды орынбасарларына, жауапты басқарма басшыларына, әр аудан, қала әкімдеріне тапсырып, партиялық жобалардың ойдағыдай жүзеге асырылуына бағытталған міндеттер жүктеді.

Жарыссөзге шыққан Райымбек аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Жолан Омаров жаңадан құрылған аудандағы партиялықтар атқарған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті: «Жыл басынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға 400 тонна көмір, 2 млн. теңгеге азық түлік, киім – кешек, сонымен қатар қаржылай көмек көрсетілді. «Мектеп спорт алаңдары» жобасы аясында Шәлкөде, Талас, Қайнар ауылдарында жастар өздері бастама көтеріп, оқушыларға арналған күрес залдарын, шағын спорт кешендерін салды. Өткен жылы 20 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 83 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр», – деп атап көрсетті.

Актив отырысында «Айналайын» балалар үйі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, көпбалалы ана Мөлдір Жанайбекова партияның әлеуметтік мәселелерге ден қойып, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналарға мүмкіндіктер қарастырылғанына қуанғанын жеткізді.

«Көпбалалы отбасыларына осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктер мен қамқорлықтар біздің жанұямызға да көрсетілді. Міне биыл екінші жыл, бір баламыз Назарбаев Зияткерлік мектебінде, екінші баламыз физика – математика бағытындағы Дарын мектебінде оқып жүр. Съезде көпбалалы аналар мәселесі қаралып, әр балаға ай сайынғы жәрдемақы мөлшері артқаны қатты қуантты», – деді өз сөзінде М. Жанайбекова.

Кәсіпкерлердің партиялықтармен бірлесе атқарып жатқан жүйелі жұмысын «Алматинские краски» ЖШС директоры, «Nur Otan» партиясының XVIII съезінің делегаты Римма Салықова жеткізсе, жастар атынан сөз алған Алмас Батырхан партия қатарына жаңадан қосылған жас толқынның атынан 20 жылдық мерейтойға жылы лебізін білдіріп, Жастар жылында жас патриоттардың алдына қойған негізгі бағдарларымен таныстырды.

Актив қорытындысында облыстық филиал төрағасы, облыс басшысы Амандық Баталов аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшылары, депутаттар мен сала мамандарына тиісті тапсырмалар жүктеп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және партияның жаңа бағдарламасы бойынша жұмысты жүйелі жүргізуді, іс-шаралардың мазмұны мен қажеттіліктерін қайта бір қарап шығуды тапсырды.

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу

он тоғыз − он сегіз =