Баталов: «Аудан әкімдері «7-20-25» бағдарламасының орындалуын жеке жауапкершілігіне алуы тиіс»

Облыс әкімі Амандық Баталов аудан, қала әкімдерінің «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жергілікті жерлерде жүзеге асыру жұмыстарын қатаң сынға алды. Бүгін облыс басшысының төрағалығымен өткен жиында осы мәселе қаралды.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ақсу аудандарында бағдарламаның орындалу көрсеткіші төмен. Ал Көксу, Іле, Сарқан, Алакөл аудандарында алға жылжу бар екені байқалады.

Өңірдің әрбір аудан, қалалары бойынша есептерін тыңдаған Амандық Баталов тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырудың барлық бағыттарын толығымен қайта қарауға бір апта уақыт берді. Аудан, қала әкімдерінің жұмысын осы көрсеткіш бойынша бағалайтынын да қадап айтты.

- Көксу ауданынан үлгі алыңдар, шағын аудан болса да, банктің келісімін 30 адам алып үлгерген, 15-і келісімшарт жасасты. Ал Алматының маңындағы ірі аудандар құрылыс қарқынды жүріп жатса да, көштен қалып отыр. Тұрғын үй бағдарламасын орындауда кімнің бар ынтасымен жұмыс істеп жатқанын, ал кімнің қол қусырып қарап отырғанын осыдан-ақ көруге болады, - деді А. Баталов.

Облыс басшысы екінші деңгейлі банктердің өкілдеріне қарата:

- «7-20-25» бағдарламасы – халықты қолжетімді баспанамен қамтуға арналған Президенттік тұрғын үй бағдарламасы. Жергілікті атқарушы органдар сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Алдарыңызға келген әрбір тұрғынға бағдарлама бойынша үй алудың шарттары мен ондағы жеңілдіктерді түсінікті, қарапайым тілмен ұғындырып беруге тиіссіздер. Әзірге мен мұндай бірлескен, тиімді жұмысты көріп тұрған жоқпын, - деді.

Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов бірінші кезекте бағдарламаға қатысушылар пулын қалыптастыру керектігін атап өтті. Соған байланысты банктермен бірлескен жұмыс нақты жолға қойылуы тиіс. Жұмыстың екінші бөлігі – тұрғын үйлер салу. Биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен 458 пәтер салу, соның 350-ін Талдықорғанда салу жоспарланса, биылғы жылдың қыркүйегінен бастап 2020 жылы салынатын үйлердің құрылысына дайындық жұмыстарын бастау керек. Бұл орайда шаршы метрінің құны «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сәйкес реттелуі тиіс. Осыған байланысты үй салушылармен коммерциялық тұрғын үйлердің бір бөлігін бағдарлама арқылы өткізу жөнінде жұмыс жүргізу керек. Сол сияқты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, БАҚ арқылы да насихатын жандандыру қажеттігі айтылды.

- «7-20-25» бағдарламасын іске асыру - менің жеке бақылауымда. Бұл жұмысты менің орынбасарым Жеңіс Тұяқовқа үйлестіреді. Барлық бағытта жұмысты күшейтіңдер. Бір апта уақыт беремін. Әрбір аудан, қала әкімдері бағдарламаның орындалуын жеке жауапкершіліктеріне алсын. Қол жеткізген нәтижелерің жергілікті жердегі жұмыстарыңның сапасын айқындайтын болады, - деді А. Баталов.