Наурыз мерекесіне орай өнер жұлдыздары қазақ күресінен сынға түспек

Елордада алғаш рет Қазақ күресінен «Өнер Барысы» республикалық турнирі өтеді. Боз кілемде 18 палуан күш сынасады, оның ішінде отандық артистер, айтыскерлер, театр және кино актерлері мен КТА-ға қатысушылар бар, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.

21 наурызда «Дәулет» спорт кешенінде Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардак Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары чемпиондық белдікті сарапқа салады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде және Қазақстандағы Жастар жылына орайластырылған спорттық доданы ұйымдастыруға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, ҚазақстанныңҚазақ күресі федерациясы, «Хабар» телеарнасы және «Айтыс- Асыл мұра» қоғамдық қоры мұрындық болды.

Бүгін Астанада журналистерге арналған брифингте жобаны ұйымдастырушылар мен авторлары жарыстың ерекшеліктері туралы айтып берді. Баспасөз мәслихатына Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, ақын, айтыскер Балғымбек Имашев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев және «Өнер Барысы» жобасының продюсеріМейіржан Әлібек қатысты.

Жарыс ережелеріне сәйкес, палуандар екі топқа бөлінеді: 60 кг-дан 74 кг дейін және 75 кг-дан 90 кг дейін. Жарыс қорытындысы бойынша «Өнер Барысы»титулын салмақ санаты бойынша екі адам иеленеді. Айта кетейік, турнирге төрешілер ретінде Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясының мүшелері шақырылды. Жарыс ұлттық спорт түрінің ережелері бойынша өткізіледі, қатысушылар кәсіпқой спортшы болмаса да, ешкімге жеңілдіктер жасалмайды, дейді ұйымдастырушылар. Турнирге жүзге жуық шығармашылық өкілдері қатысуға ниет білдіргенімен, іріктеуден 18 палуан өтті.

– Бұл жоба біздің ұлттық кодымызды сақтауда, ұлттық құндылықтарымызды жандандыруда үлкен маңызға ие. Қатысушылардың барлығы қуана жарысқа түспек. Нағыз спортшылар секілді дайындалып жатыр, күніне екі рет жаттығады. Уақыттары тығыз болса да, жобаға қатысуда. Бәрі залдарда жеке бапкерлермен бір айдан артық уақыттан

бері бабына келуде. Бұл нағыз спорттық дода болмақ, – деді Астана әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, турнирдің басты мақсаты өскелең ұрпақ шығармашылығын мұқият бақылайтын медиалық тұлғалардың көмегімен жастарды басты ұлттық спорт түрі қазақ күресімен айналысуға барынша тарту болып табылады.

Турнирге билеттер қаланың барлық кассаларында, Ticketon.kz және Topticket.kz сайттарында онлайн сатылады. Құны – 1000-3000 теңге.

– «Өнер Барысы» турнирінің қатысушылары –жай танымал адамдар ғана емес, олардың бәрі де бір кездері күрестің бір түрімен айналысқан. Мысалы, Қайрат Нұртас 4,5 жыл бойы еркін және грек-рим күресіне қатысқан. Осындай жарыс өткізіледі дегенде ұлттық құндылыққа немқұрайлы қарамайтын азаматтарымыздың бәрі үн қатты, – деді «Өнер Барысы» жобасының авторы, ақын, айтыскер Балғымбек Имашев.

Оның атап өтуінше, палуандардың барлығы әлеуметтік желіде танымал, толық есептегенде, олардың аккаунттарына 12 миллион адам жазылған, егер турнир өткен соң екі-үш бала қазақ күресі секциясына жазылса, бұл турнирдің сәтті өткендігінің дәледі.

– «Хабар» агенттігі мұндай қажетті жобаларды әрқашан да қолдауға дайын. Сондықтан 21 наурызда баршаңызды «Дәулет» спорт кешеніне шақырамыз. Ал келе алмайтындар үшін турнир сағат 14.00-де«Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде трансляцияланады. Ал 23 наурызда жарыс жазбасын эфирде көрсететін боламыз. Бұдан басқа, қатысушылар мен олардың дайындықтары туралы әңгімелейтін турнир күнделіктері де көрермендер назарына ұсынылуда, – деді «ХАБАР» агенттігінің Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары Ринат Кертаев.